Руханият • 30 Мамыр, 2020

Алаштың ардақтысы ұлықталды

432 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде журналистика кафедрасының ұйымдастыруымен аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Садуақасовтың 120-жылдығына арналған «Алаштың ардақты ұлы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік онлайн-конференция болып өтті. Оны университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ыбыраева ашып, жүргізіп отырды. Конференцияға Қазақстанның әдебиетші, тарихшы, саясатшы, заңгер ғалымдарымен қатар танымал қоғам қайраткерлері, сондай-ақ Ресей Федерациясынан ғалымдар қатынасты.

Алаштың ардақтысы ұлықталды

Құттықтау сөздер айтылып болған соң алғашқы баяндаманы белгілі алаштанушы, Смағұл Сәдуақасовтың өмірі мен қайраткерлігін ұзақ жылдар бойы зерттеп жүрген, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің проректоры, Ұлттық ҒА академигі Дихан Қамзабекұлы жасады. Оның баяндамасының тақырыбы «Смағұл Сәдуақасұлының мұрасы мен мұратын танудың ділгір мәселелері» деп аталған екен.

С.Сәдуақасов Алаш қайраткерлерінің арасындағы ең жасы болғанына қарамай өзінің қайраткерлік дарынымен, ізденгіштігімен, білмекке құмарлығымен Кеңес одағының алғашқы жылдарында-ақ жап-жас болып көрнекті тұлғаға айналған. Оның өмірлік принципі өзі айтқандай: «Елге қызмет етемін, ұлтқа жаным садаға» деген болған. Қазақ өлкесінің алғашқы Халық ағарту комиссарларының бірі болған ол оқу орындарын, мәдениет мекемелерін, тіпті денсаулық сақтау орындарын ашуда үлкен белсенділік көрсетіп, барлық іске батылдықпен, байсалдылықпен кіріскен.

Алаш көсемдері Әлекең, Ахаң, Жахаңдардың өзі барлық істе Смағұлмен ақылдасатын болған. «Еңбекші қазақ» («қазіргі Егемен Қазақстан») газетінің, одан әрі «Қызыл Қазақстан» («Ақиқат») журналының бас редакторы, 1927-1928 жылдары Ташкенттегі қазақ педагогика институтының ректоры қызметтерін атқарғанда да ол барлық жүрген жерінде өзінің өшпес ізін қалдырған  жарқын тұлға.1933 жылы Смағұл қастандықпен өлтірілгенде айдауда жүрген Мағжан: «Жас Смағұл үздік туған бала екен, Байтақ елге асқар таудай пана екен. Сол баладан, сол панадан айырылып, Қайран қазақ жүрегінде жара екен», деген өлең шығарған.

Осы және басқа да деректердің бәрін фото, баспа құжаттарымен дәлелдеп отырған Дихан Қамзабекұлының баяндамасы өте әсерлі шықты. Сонымен бірге ол туған жерінде осындай тұлғаны ұлықтаудың кемшіндігіне қынжылыс білдірді.

Басқа да баяндамашылар оның сөзін толықтырып, тұлғаның басқа қырларын ашты. Соның ішінде көрнекті қоғам қайраткері, Республикалық «Қаһармандар» қорының төрағасы Сабыр Қасымов Смағұлдың 78 жыл бойы Мәскеудің Дон монастырінде сақталған күлінің Қазақстанға қалай жеткізілгені туралы айтып берді. «1933 жылы Мәскеуде қаза болған оның мәйітін осы монастырде болған крематорийде өрттеп жіберіп, күлін басқалармен бірге қабырғаға қалап қойған екен.

Қазір мұндағы шіркеу қайтадан жұмысына кірісіп, христиандардың рәсімін жасап тұрады. Осындай жағдайда ағамыздың рухын қайтару азаматтық борышымыз болды», дей келіп ол өзінің халықтық дипломатияның күшімен ғана түрлі бюрократиялық кедергілерді жеңіп, күлді қайтаруға қол жеткізгенін айтып берді. «Ал ағамыздың рухындай болған күлді әкелуге сол кезде Қазақстаннан Дихан Қамзабеков, Смағұлдың аталас ағайыны Қапар Ай­ту­ғанов, «Жар­қын» шаруа қожалығының басшысы Ғимадин Ожаров және журналист Жақсыбай Самрат- төртеуі барды. Олар Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде қызмет істейтін Серікқали Байменше бастаған топтың көмегімен күл салынған үлкен сауытты ұшаққа енгізіп, елге алып келген еді.

Ұшақтың өте ерте келгеніне қарамай астаналық қазақтың зиялы қауымы оны әуежайда қарсы алып, үлкен митинг өткізді», деді С.Қасымов. Одан әрі біздің биліктегі кейбіреулердің кесірінен жерлеудің өзі ұзақ сергелдеңге айналғанын да айтып берді.

Конференция барысында оған қатысқандар мен тыңдаған жастар өздеріне С.Сәдуақасов жайлы үлкен мағлұмат алғанын айтып жатты.

ҚЫЗЫЛЖАР