Тарих • 30 Мамыр, 2020

Д.Абаев: Қуғын-сүргін - тарихымыздағы жазылмаған жара

124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның маңызына тоқталып, миссиясын түсіндіріп берді. Бұл туралы ол өзінің фейсбук парақшасында жазба қалдырды. 



Д.Абаев: Қуғын-сүргін - тарихымыздағы жазылмаған жара

«Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрылғандығын жария етті. Бұл - тарихи әділдікті қалпына келтіру ісіндегі еліміздің кезекті қадамы. Сол жылдардағы қуғын-сүргін - тарихымыздағы жазылмаған жара», - деген Дәурен Абаев процестердің жабықтығы, құпиялығы көптеген ақтаңдақ қалдырғанын, кінәсіз қуғын-сүргінге ұшырағандардың барлығы бірдей ақталмағанын атап өтті. 

«Халқымыздың құқы үшін де күрескендерді ақтауға тиіспіз. Мәселен, 1910-1930 жылдардағы халық көтерілісіне қатысушыларды айталық, 1929 жылғы Батпаққара көтерілісіне қатысқан 500 адамның тек үшеуі ғана ақталған. Тарихты өзгертіп, тас-талқан болған тағдырларды қалпына келтіре алмаймыз», - деді ол. 

Өлгендерге қайта өмір беру де мүмкін еместігін айтқан Абаев, құрбан болғандар ұрпағының болашақ ұрпақ алдындағы парызы - жазықсыз сотталғандардың жарқын бейнесін сақтау екенін баса айтты.

«Жаңадан құрылған органның миссиясы - саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай саяси және заңды түрде ақтау мақсатында жүйелі жұмыстарды ұйымдастыру. Президенттің комиссия алдына қойған міндеттері және оның аясында жүргізілетін жұмыстар мынадай:

  1. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заңнамалық ұсыныстар әзірлеу;
  2. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбанына теңестірілетін және саяси ақтауға жататын тұлғалар санатын бекіту;
  3. Ақталғандарды жерленген жерлерін іздеу және ол орындарды күтіп-ұстауды ретке келтіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
  4. Ақталғандардың құқықтарын қалпына келтіру мәселелері бойынша өтінімдер мен шағымдарды қарау. Аталған міндеттер мемлекеттік комиссия жұмысы сұлбасын нақты бейнелейді. Оның барысы жайында халыққа тұрақты ақпарат беріліп отырады», - деді Дәурен Абаев.

Еске салайық, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.