«Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз үндеуінде саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның құрылғандығын жария етті. Бұл - тарихи әділдікті қалпына келтіру ісіндегі еліміздің кезекті қадамы. Сол жылдардағы қуғын-сүргін - тарихымыздағы жазылмаған жара», - деген Дәурен Абаев процестердің жабықтығы, құпиялығы көптеген ақтаңдақ қалдырғанын, кінәсіз қуғын-сүргінге ұшырағандардың барлығы бірдей ақталмағанын атап өтті.
«Халқымыздың құқы үшін де күрескендерді ақтауға тиіспіз. Мәселен, 1910-1930 жылдардағы халық көтерілісіне қатысушыларды айталық, 1929 жылғы Батпаққара көтерілісіне қатысқан 500 адамның тек үшеуі ғана ақталған. Тарихты өзгертіп, тас-талқан болған тағдырларды қалпына келтіре алмаймыз», - деді ол.
Өлгендерге қайта өмір беру де мүмкін еместігін айтқан Абаев, құрбан болғандар ұрпағының болашақ ұрпақ алдындағы парызы - жазықсыз сотталғандардың жарқын бейнесін сақтау екенін баса айтты.
«Жаңадан құрылған органның миссиясы - саяси қуғын-сүргін құрбандарын толықтай саяси және заңды түрде ақтау мақсатында жүйелі жұмыстарды ұйымдастыру. Президенттің комиссия алдына қойған міндеттері және оның аясында жүргізілетін жұмыстар мынадай:
- Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы заңнамалық ұсыныстар әзірлеу;
- Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбанына теңестірілетін және саяси ақтауға жататын тұлғалар санатын бекіту;
- Ақталғандарды жерленген жерлерін іздеу және ол орындарды күтіп-ұстауды ретке келтіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
- Ақталғандардың құқықтарын қалпына келтіру мәселелері бойынша өтінімдер мен шағымдарды қарау. Аталған міндеттер мемлекеттік комиссия жұмысы сұлбасын нақты бейнелейді. Оның барысы жайында халыққа тұрақты ақпарат беріліп отырады», - деді Дәурен Абаев.
Еске салайық, бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырған болатын.