Аймақтар • 31 Мамыр, 2020

Атырауда 1 маусымда карантин алынады

920 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Баршаның қозғалысын шектеген карантин Атырауда 8  маусымға дейін созылған еді. Алайда, енді карантинді 1 маусымда сағат 00:00-де мерзімінен бұрын алып тастауға ұйғарым жасалып отыр. Осыған орай  облыстың  бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Темірбек Мұсағалиев арнайы қаулыға қол қойды. Ол бұл қаулыға қол қоярда  соңғы жеті күнде Атырау облысының тұрғындары  арасында коронавирус инфекциясының 7 пайыздан төмен тіркелуін негізге алыпты. 

Атырауда 1 маусымда карантин алынады

Аталған қаулыға сәйкес  Атырау облысы аумағында және Атырау қаласында шектеу шаралары сақтала береді. Сондай-ақ,  Мақат ауданының Мақат поселкесінде, Жылыой ауданы мен Теңіз кенішінде, «Теңізшевройл» компаниясының вахталық поселкелерінде және мердігер компанияларда эпидемиологиялық жағдай толық тұрақтанға дейін созылады.

Дәл осы күні, яғни 1 маусымда  Атырау қаласының төрт бағытына қойылған блок-посттар  алынып тасталады. Ал, азаматтарға әлеуметтік қашықтықты 1,5-2 метрге дейін сақтап, масканы тағып жүру міндеттеле отырып, тұрғылықты жерінен шығуға және қозғалуға рұқсат беріліп отыр.

Алайда, ауқымды думанды, спорттық, өзге де бұқаралық, сонымен бірге, отбасылық, еске алу  шараларын, соның ішінде үйде өткізуге салынған тиым күшін жойған жоқ. Сондай-ақ, түнгі көңіл көтеру орындарының қызметіне, кальян, адам көп шоғырланатын өзге нысандардың жұмысына әлі де рұқсат берілмеді.