Қоғам • 01 Маусым, 2020

Бейғамдыққа бой алдырмайық

492 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Мезгілі жетсе мұз да ерір» деген. Пандемиядан кейінгі әлем біртіндеп қалыпты өмірге қарай қадам басып келеді. Еуропа елдерінде ғибадат орындары, мейманханалар, сауда орындары есігін айқара ашып тастамаса да, келушілерді аздап болса да қабылдай бастады.

Бейғамдыққа бой алдырмайық

Кезең-кезеңімен түрлі қызмет орындары, кәсіпорындар мен мекемелер іске қосылуда. Тіпті кейбір елдер туристік маусымға әзірленіп жатыр. Алайда барлы­ғын­да сақтық шаралары қатаң сақ­талып отыр. Яғни ПТР тесті­леуі­нің анықтамасы, дене қы­зуын өлшеу міндетті түрде қарала­ды, бетперде мен антисептик құ­рал­дарынсыз аяқ аттап баса алмайсыз.

Әлбетте індет індете жайылса да, жаһанға ортақ бір уәж – ең­бек­теп жылжысаң да ертеңге ұм­тыл! Қазақстан да осы ұста­нымнан тыс қалмақ емес. Елімізде 1 маусымнан бастап темір жол қатынасы кезең-кезеңімен қал­пына келтірілмек. Күре жолдардағы блок-бекеттер де алынады. Яғни бұл барыс-келіске жан бітіретін бірден-бір қадам болғандықтан елімізде қозғалыс көбейеді. Кейбір жекелеген өңір­лерде карантин шараларының созылғанына қарамастан жалпы ел аумағында сауда және қызмет көрсету орындары, кәсіпорындар жұмысын бастады.

1

Сойыл күшін басқа түскен біледі, бұл індеттің зардабын өзі бір аунап тұрған немесе жақынын жоғалтқан жандар түсінеді. Қазақ­станда кешегі індет жұқтыр­ған­дар саны 11 мыңға жуықта­ды. Сәйкесінше ауыр сырқат­тан айыққандар 5 мыңнан асты. Бұл да көңілге медет. Себепсіз аяқ­қа тікен кірмейтінін ұмытпау керек. Мұны қазір халықтың көше­де қауіпсіздік шараларына нем­құрайды қарауына байланысты айтып отырмыз. Яғни елімізде Мем­лекет басшысының шеші­мімен карантин шараларының уақ­тылы қабылдануы қауіптің негізгі толқынын қайтарғанымен, қауіптің беті әлі қайтқан жоқ. Ма­ман­дар індеттің кез келген уақыт­та өршуін жоққа шығар­майды.

Бұл ретте дәрігер-инфек­ционист Әбубәкір Омарәлиев карантин шаралары босаңсуының қажетті қадам екенін, десе де сақтық шараларын санадан шы­ғаруға болмайтынын айтады.

– Біз карантиннің босаңсуына бәрібір келеміз. Яғни жұртшылық көптен күткен дүние. Төтенше жағдай жарияланып, карантин шаралары енгізілгеннен бері елімізде әртүрлі жағ­дай болды. Қазақстанда қазіргі кезде де ауыр хәлдегі науқастар бар. Бұл вирусты тасымалдаушылар әлі де көбеюі мүмкін. Біз оларды анық­тауды жалғастыра береміз. Ауыр хәл­дегі науқастар әлі де болып тұрады. Өйт­кені тәуекел тобындағы адамдар жұқтыруы мүмкін. Бірақ бұл індеттің басқа сырқатқа қарағанда пайыздық көрсеткіші төмен. Соған қарамастан жеке тазалықты сақтауымыз керек. Ауа арқылы жұғатынын ұмытпау керек. Қолды жиі жуып тұру, адамдар көп шоғырланған орындарда бетпер­демен жүру немесе ғимараттың желдетіліп тұруына назар аудару қажет. Әлбетте, біз вирус жұқтыруды тоқтата алмаймыз. Дегенмен, оның көлемін азайтуға болады. Яғни жұқтырушылар әлі де бола береді. Сондықтан жеке гигиенаны сақтауды қатаң сақтаған ләзім. Карантин бар ма, жоқ па, оған қара­мастан сақтық шараларына бейқам болмаған абзал. Жұмыс орындарында арақашықтықты сақтаған жөн. Әсіресе тұмау, жөтел белгілері бар адамдармен байланыста абай болуымыз тиіс, – дейді Ә.Омарәлиев.

2

Иә, түрлі-түрлі заман болады, заманына қарай амал болады, кеменің арбаға мінетін де, арбаның кемеге мінетін де кезі болады деген сөздерді бабалардың көкірек көзі кө­ріп айтқандай. Күллі дүниені карантин тұм­ша­лағаны індетке қарсы амал емей немене? Аталған аурумен алысқан ақ желеңді жан­дар­дың өзіне де қандай қатер төнгенін көрдік. Мемлекет тарапынан дәрі­герлерге де, жұ­мысынан айы­рылған, табыссыз қалған азамат­тарға да, берешегі бар тұлғалар мен кәсіп­орын­дарға да қажетті қолдау дер кезінде көрсетілді.

«Сау болса жаным, сөз емес дүние-малым» деген елміз ғой, енді ел эко­номикасының дамуына үлес қосатын халық еңбекке бел шеше кіріседі. Әйтсе де санитарлық шаралар үйде де, түзде де тоқтамауы тиіс. Жұғын болатын жерде шыбын болатынын, шыбын болатын жерде шығын болатынын лайым ескеру керек-ақ.

1