Әлем • 01 Маусым, 2020

Трамп: «G7 қыркүйекте бас қосады»

229 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

АҚШ президенті Дональд Трамп G7 саммитінің мау­сым­дағы отырысын қыр­күйекке дейін шегер­генін мәлім­деді. Сонымен қатар мем­лекет басшысы жиынға Ресей прези­дентін де шақыратынын жеткізді.

Трамп: «G7 қыркүйекте бас қосады»

«Менің ойымша, бұл жиында әлемдегі соңғы ахуалдарды талқылауға мүмкіндік болмайды. Қатысушылар тізімі ескірген. Яғни жақын арада кездесудің еш мәні жоқ», деді Трамп. АҚШ-қа биылғы отырыс үшін Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония мен Ұлыбритания делегация­сы келуі керек. Дональд Трамп бұл тізім­ге Ресей, Оңтүс­тік Корея, Аустралия мен Үндістан президенттерін қосу керектігін айтты. Бұл Ресейдің 2014 жылы G8 саммитінен шы­ғып қалғаннан кейін алғаш рет аталған форматтағы саяси ма­ңызды жиынға қатысуы болмақ.

Өткен аптада мемлекет басшысы пандемияға қара­мас­тан Ақ үйде немесе қала сыртындағы резиденция­сы Camp David-те жиналыс өткізу қажеттілігі туралы айтқан болатын. Алайда Германия канцлері Ангела Меркель бұл шақыртудан бас тартып, пандемия мен оқшаулану себебінен келе алмайтынын айтты. Мер­кельдің баспасөз хатшысы «Канцлер жақын арада жиынға  жеке өзі қатыса алмайды, яғни ол Вашинтонға бармайды» деп жауап берді. Жұма күні Британия премьер-министрі Борис Джонсон «Саммиттің маңыз­ды­лығын ескере отырып, жақын арада отырысқа жеке қатыса алатынын» хабарлады. 

Естеріңізде болса, G7 сам­митінің мүшелері Covid-19 вирусына қатысты орнаған карантин салдарынан маусымда видео-конференция арқылы байланысқа шығып, әлемдегі соңғы ахуалдарды талқылайтынын жоспарлап қойған болатын.