Саясат • 01 Маусым, 2020

Жүйелі жұмысты қажет етеді

104 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Арыстарымыздың ақталуын қолдаймыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясаты аясында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен принциптерінің негізінде бұл үндеу дәл уақытында шықты деп ойлаймын. Мемлекет басшысы өзі айтып өткендей, тарихи әділдікті орнату маңызды.

Жүйелі жұмысты қажет етеді

Зиялы қауым өкілдері бұл мәселені қашаннан көте­ріп жүр. Дегенмен бұл сала­дағы зерттеулердің әлі де толық емес екенін ескерген жөн. Қазақ­стан­дағы қуғын-сүргіннің ерекшелігі толық­қанды анықталмаған. Яғни толық зерттеу мен сараптама жасалмаған. Біздің елге тән ерекшеліктері бекітілмеген.

Біз қуғын-сүргінге ұшыра­ған­дар­дың жалпы тізімін біліп, соларды ға­на ақтап алумен шек­телмеуіміз керек. Сотсыз, нақты қылмыстық іс жүр­гі­зілмей, атылған азаматтар қаншама. Олардың саны туралы дерек те жоқ. Ал дінін, ділін қорғаймын деп жазықсыз құрбан болған арыстарымыз көп.

Елден қуылған азаматтарды да ақтау керек. Ұжымдастыру сал­дарынан туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған азамат­тарымыз ұмыт қалды. Сол жыл­дары көбі шекарадан жаяу өткен, азапты жолда қайтыс бо­лған жандар да көп. Қазақ­станға жер аударылып келген­дер ақталды да, ал елден кеткен­дер әлі ақталған жоқ.

Тәуелсіздік үшін күрескен қаһар­мандарымызды да ақтау маңызды. 1993 жылы қабылдан­ған заңда олар туралы айтыл­маған. Тәуелсіздік үшін күрес­кен­дердің талайы «тыңшы», «халық жауы» деген жала жабылып, сотталып кетті. Бұл жерде оларды саяси тұрғыда ақтап алудың маңызды екенін ескеруіміз қажет. Республиканың түк­пір-түкпірінде қудалауға ұшыра­ғандар көп екені белгілі. Аймақ­та болғаннан кейін көп­ші­лігінің есімдері белгісіз қалып қойды.

Ел Президентінің үндеуін оқыған зиялы қауым өкілдері Мем­лекет басшысына разылы­ғын білдіріп жатыр. Ең бас­­тысы, саяси қуғын-сүргін құр­бан­дары ұрпақтарының «өшке­ні жанып, өлгені тірілген­дей» қуанышты күйге бөленді. Олар үнемі тәуелсіз Қазақстан­ның мүддесі, жері үшін күрескен аталарымыз қашан ақталады деп ренжитін. Енді қазақ халқының азаттығы жолында құрбан болғандарды ақтау жүйелі жұмыс істеуі керек.

 

Сабыр ҚАСЫМОВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті

 

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше