Аймақтар • 01 Маусым, 2020

Мемлекеттік қызметкер жұмыстан уақтылы қайтуы тиіс

1986 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысында мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерінің артық жұмыс істеу фактілері талқыланды. Кеңес алдында Қызылорда облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Ғалымжан Орынов есеп берді.

Мемлекеттік қызметкер жұмыстан уақтылы қайтуы тиіс

Мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарының сақталуы және артық жұмыс істеу фактілерін болдырмау бағытында атқарылған жұмыстар туралы есептен кейін кеңес мүшелері бірқатар кемшіліктерді атап өтті.

Осы жылдың ақпан айында Президент әкімшілігінің, Премьер-Министр Кеңсесінің және ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің тапсырмасына сәйкес аймағымызда артық жұмыс істеу фактілерін жою мақсатында мониторингтік топтар құрылған. Олар қоғам өкілдерімен бірлесіп аймақтағы 40-тан астам мемлекеттік органда рейд жұмыстарын жүргізеді. Алайда, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінде мониторингтік топ жұмысына кедергі келтірілген.

Осы мақсатта құрылған мониторингтік топ Жаңақорған ауданындағы мемлекеттік органдарда рейд жүргізу барысында аудандық мемлекеттік кірістер басқармасында үстеме жұмыс істеу фактілерін анықтаған.

Мемлекеттік кірістер департаментінде мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану тәртібі сақталмаған. Тіпті еңбек демалысындағы қызметкерге де негізсіз тәртіптік жаза қолданылған. Ал, қалалық мемлекеттік кірістер басқармасында бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға конкурс өткізуде кемшіліктер жіберілген. Аталған заңбұзушылық бойынша, конкурстық комиссияның 5 мүшесіне ҚР ӘҚБтК-нің 99-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттамалар толтырылып, әкімшілік айыппұлдар салынды, -  ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесінің төрағасы Нұрман Талқанбаев. 

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері күн тәртібіне қойылған мәселені жан-жақты қарап, облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысына өзі басқаратын мекемеде құқық бұзушылықтардың, артық жұмыс істеу фактілерінің орын алу себептеріне талдау жасап, ұжымда талқылау жүргізуді және аталған бұзушылықтарды болдырмау бағытында тиісті шаралар қабылдауды ұсынды.

Мемлекеттік кірістер департаментінің Әдеп жөніндегі уәкіліне  артық жұмыс істеу, қызметтік автокөлікті қызметтен тыс мақсатта пайдалану және заңсыз сыйлық алу, қоғамдық орындарда моральдық-этикалық нормаларды бұзу секілді құқықбұзушылықтарға тұрақты түрде профилактикалық бақылау шараларын жүргізу тапсырылды. Артық жұмыс істеу фактілеріне жол бергені үшін Қызылорда қалалық және Жаңақорған аудандық мемлекеттік кірістер басқармалары басшыларының тәртіптік жауапкершілігін қарауды ұсыну бірауыздан мақұлданды.