Аймақтар • 01 Маусым, 2020

Мылтықсыз майданнан оралған қостанайлықтар марапатталды

167 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысында бүгіннен бастап шектеу шараларын жеңілдетудің 5-кезеңі жарияланып, тосқауыл бекеттері жұмысын тоқтатты. Облыс көлемінде көлік қозғалысына шектеу жоқ. Алайда санитарлық қауіпсіздік талаптары сақталуы шарт. Карантин кезеңінде өздеріне жүктелген міндетті мүлтіксіз атқарып, тосқауыл бекеттерін бақылау қызметінен енді ғана босаған дәрігерлер мен полицейлер бүгін облыс әкімінің құрмет грамотасы табыс етілді.

Мылтықсыз майданнан оралған қостанайлықтар марапатталды

Марапат иегерлерінің ішінде  Бейімбет Майлин ауданындағы орталық аурухана қызметкері Азамат Асимов те бар.

- Жұбайымыз екеуміз төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Күні-түні жұмыста жүргендіктен, оңай тиген жоқ. Балалар қатты сағынып қалыпты.  Соңғы кездері күн райы да қатты ысып кетті. Ыстыққа қарамастан, арнайы киім киіп, тұмшаланып алдық. Айнала – айдала. Жалғыз панамыз - вагонның іші де қапырықтанып қайнап кетті. Соның бәріне шыдадық. Әсіресе, шекара жабылмай тұрғанда, алғашқы сәттері өте ауыр болды. Адамдар сауалдама толтырғысы келмейді. Қолына ұстатқан қағазыңды лақтырып жіберетіндер де кездесті. Бірте-бірте дұрысталды. Бастысы – тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қызмет еттік, - дейді А.Асимов.

Тосқауыл бекеттерінен оралған дәрігерлер мен полиция қызметкерлерін  облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов алғыс білдіріп, құрмет грамоталарын және Ішкі істер министрлігінің атаулы сағаттарын табыс етті.     

- Біз ел ішіне төтенше жағдай енгізілісімен, облыс шекарасына тосқауыл бекеттерін қойдық. Ол жерде полицейлер,  дәрігерлер, қорғаныс министрлігінің қызметкерлері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері бел жазбай еңбек етті. Өздерінің кәсіби шеберлігі мен отансүйгіштігінің арқасында олар індеттің таралуына жол бермей, облыс аһуалының тұрақтылығын сақтап қала алды, - деді Ғ.Нұрмұхамбетов. 

 

Қостанай облысы

1

3

3