Әзірше үкімет спорттық іс-шараларды өткізуге, жабық кешенде жаттығу жұмыстарын жасауға рұқсат берген жоқ. Егер спорт ғимараттары ашылар болса, тұрғындардың спорт кешендеріне ағылатыны рас. Сондықтан да елде спорт залдарына деген сұраныс артады. Өңірлердегі спорт ғимараттарын айтпағанның өзінде елордадағы кешендер қаншалықты талапқа сай? Спортпен шұғылданамын деген әрбір астаналық тұрғынға қолжетімді ме?
Жалпы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өздерінің әр Жолдауында үнемі бұқаралық спортты дамыту керектігін баса айтып, осы салаға жауапты министрлікке, қала, облыс әкімдеріне нақты тапсырмалар беріп келеді. Мәселен, Қасым-Жомарт Кемелұлы 2019 жылдың 2 қыркүйегіндегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында елімізде бұқаралық спортты дамытуға байланысты кешенді бағдарлама қабылдау керектігін жеткізді. «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы тиіс. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз. Бұл бағытты заңнамалық тұрғыда жалғастырып, бұқаралық спортты дамытуда кешенді бағдарлама қабылдау керек», деді Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.
Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Осы мақсатта елордамызда жыл сайын әртүрлі спорт алаңдары салынып, тұрғындар игілігіне берілуде. Сонымен қатар саламатты өмір салтын насихаттау мақсатында, жастарды спортқа баулу үшін елордада көпшілікке арналған сайыстар мен спорттық фестивальдар жиі өткізіліп тұрады. Бүгінде бас қалада ересектерге де, балаларға да спортпен шұғылдануға арналған ірілі-ұсақты 600-ден астам спорт нысаны жұмыс істеп тұр.
Соның бірі – «Астана» спорт кешені. Бұл спорт нысаны қала тұрғындарына бассейн мен жаттығу залын ұсынады. Сонымен қатар балалар скалодром, футбол және баскетбол мен волейбол үйірмелеріне жазылып, үлкендер жағы ойын алаңдарын жалға алып, жаттығуларына болады. Спорттық секциялардан кикбоксинг, каратэ, бокс және тағы басқа үйірмелер жұмыс істейді.
Спорт кешенінде жаттығу мен бассейн залы бар. Балалар үшін жаттығу залына жазылу айына орта есеппен 4500 теңге болса, ересектер үшін 8 500 теңге. Жүзу бассейнінде балалар топпен жаттықса айына 13 000 теңге, ал жекелей жаттықса 18 000 теңге төлейді. Үлкендер үшін топпен жаттығу 18 000 теңге, жекелей жаттығу үшін 20 000 теңге.
2011 жылы пайдалануға берілген республикалық «Сарыарқа» велотрегі – велошабандоз шлемі түрінде жасалған, ерекше спорт ғимараты, әлемдегі ең үздік спорт кешендерінің бірі ретінде танылған. Велотректің ішіне жаттығу залы, трек, мұз сырғанағы, таэквондо, гимнастика, ойын залы және шағын футбол алаңдары кіреді. Жаттығу залына 5 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін. Ал мектеп оқушыларына, студенттерге және зейнеткерлерге бір жолғы келуге 50 пайыз жеңілдік қарастырылған.
«Сарыарқа» кешенінде бассейінге түсу үшін ересектерге арналған топтық сабақ 18 000 теңге (аптасына 3 рет), ал балаларға арналғаны 15 000 теңге (аптасына 3 рет). Сондай-ақ осы бағаға жаттығу залына да кіре аласыз. Велоспорт және беговел секцияларына жазылудың бір реттік құны – 2 000 теңге болса, топпен жаттығу айына 22 мың теңгеге дейін. Таэквондо спортын жеке үйренемін дегендерге – 25 000 теңге (12 сабақ), топпен жаттығамын дегендерге – 10 000 теңге (аптасына 3 рет). Сонымен қатар 4-5 жастағы қыздар көркем гимнастикамен де айналыса алады.
«Алау» мұзайдыны Нұр-Сұлтан тұрғындары жаз мезгілінде де спортпен шұғылдану үшін орталық ашқан. Мұзайдын сарайы қысқы уақытта спорт- сүйер қауымға мынадай қызмет түрлерін ұсынады: конькимен сырғанау (хоккей алаңы), роликпен сырғанау (400 метрлік конькимен жүгіру жолы), ал жазда батут, үстел теннисі, бадминтон, бильярд және шағын гольф. Бір күндік толық билеттің бағасы – 1000 теңге, ал жеңілдік билеті – 500 теңге. Сонымен қатар 7 жасқа дейінгі балаларға, I және II топ мүгедектері, көп балалы отбасынан шыққан, кәмелетке толмаған балалар және балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне кешенге кіру тегін. Оқытушылар, студенттерге жеңілдік билеті қарастырылған.
Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның есігі жаз маусымында жеңіл атлетика мен футболға әуес жандарға әрдайым ашық. Кез келген қала тұрғыны жеңіл атлетика және футболмен тегін айналыса алады. Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда халықаралық стандартқа сәйкес (105х68м) табиғи көгалды футбол алаңы бар және ол 12 250 орынды трибунамен жабдықталған. Футболдан басқа, стадионда 400 метрлік жүгіру жолы, ұзындыққа, биіктікке секіретін арнайы орындар бар.
Ішкі істер министрлігіне қарайтын «Алатау» спорт кешені қала тұрғындарына олимпиялық бассейн, жүгіру жолы, екі шағын футбол, волейбол алаңы, бірнеше жекпе-жек спорт түрлері, жаттығу залын және бірқатар би үйірмелері қызметін ұсынады. Мәселен, бір сағат бассейнге түсу үшін ересектерге – 1 200, 15 жасқа дейінгі балаларға – 650 және студенттерге – 800 теңге. Ал жаттығу залына кірудің бір реттік жүгіру жолағын қоса есептегенде құны (2 сағат) ересектерге – 1 250, 16 жасқа дейінгілерге – 800 және студенттерге – 900 теңге. Сонымен қатар 1 сағат үстел теннисімен шұғылданғыңыз келсе – 950 теңге, бір сағатқа футбол алаңын күндізгі уақытта жалдағыңыз келсе – 20 000, кешкі уақытқа 25 000 теңгеңіз болуы керек. Ал волейбол алаңына күндіз 15 мың, кешкі уақытқа 17 мың теңге төлейсіз.
«Дәулет» спорт кешенінде үлкен теннистен дәрістер жүргізіледі. Бүгінде еліміздегі ең үлкен теннис орталығында балалар жекелей және топ болып жаттығады. Бұл жерде теннистің әліппесін үйретуден бастап, түрлі жарыстарға дайындап шығарады. Сондай-ақ қала тұрғындары қалаған уақытында кортты жалға ала алады.
Спорт кешендері үшін стандартты жүзу, фитнес, дзюдо, айкидо, джиу-джитсу, өзін өзі қорғау сияқты спорт түрлерімен «Қазақстан» спорт сарайында айналысуға болады. Жүзу үйірмесіне бір ай қатысу үшін мектеп жасындағы балалар мен студенттерге 5000 теңге, ал үлкендерге 10 000 теңге көлемінде ақы белгіленген. Бұлшық етіңізді дамытып, денеңіздің сымбатты болуын қаласаңыз және әдемі бейнелеуші қозғалыстар үйренгіңіз келсе фитнес студиясына жазылуға болады. Бағасы – 7 мың теңге. Балаларды би топтарына қабылдау 4, 5 жастан жүргізіледі. Би үйірмесінен шығыс, әлем халықтарының, балалар, клубтық билер, стрип пластика, BreakDance, йога, шоу балет (салтанатты кештерде билеу) биін үйрене алады. Айлық бағасы 10 000 теңге шамасында. «Қазақстан» спорт кешені бүгінде елорданың спорттық және қоғамдық өмірінде маңызды рөл атқарады. Дегенмен, қазіргі таңда аталған спорт кешенінде реконструкция жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ су спорты түрлеріне әуес жандар жүзу, суға секіру, академиялық есу, байдарка мен каноэ есу, желкенді спортқа мамандандырылған «Толқын» спорт мектебіне баруына болады. Бірақ қазіргі уақытта бұл спорт кешенінде де ауқымды реконструкция жүргізу жоспарланған.
Міне, елорда тұрғындары спортшылар мен халық игілігі үшін салынған спорттық ғимараттарды өз игіліктері үшін осылайша пайдалана алады. Сондай-ақ қазіргі таңда Нұр-Сұлтандағы әр тұрғын үй кешенінің ауласында спорт алаңқайлары бар. Елордада саламатты өмір салтын ұстанамын деген жанға барлық жағдай жасалған, тек өзіңізде ынта мен жігер болсын!