Биыл облыс диқандары 88 мың 241 гектар алқапқа күріш егуді жоспарлапты. Бірақ тиісті орындардың су тапшылығы туралы болжамына байланысты осы жылдың наурыз айынан бастап облыс әкімдігінен шаруашылықтарға күріш көлемін 7 100 гектарға азайту туралы тапсырма берілген.
– Осы тапсырманың орындалғаны туралы нақты мәлімет жоқ. Мысалы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 25 мамырдағы мәліметінде күріш алқабының 81 954 гектар екендігі, оның 73 724 гектары суға бастырылғандығы жазылған. Бірақ қанша көлемнің қысқартылғаны туралы ақпарат жоқ, – дейді «Қазсушар» РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.
Жалпы, қыста толып, жазда солып ағатын дария арнасына сенім жоқ. Осыдан 2 жыл бұрын су жетпегендіктен 1000 гектарға жуық күріш алқабы күйіп кетті. Осынша жерге дән сеуіп, ертеңгі егіннен үміттеніп отырған талай шаруашылық қып-қызыл шығынға батып, диқандар дағдарды да қалды. Ал былтыр су толық болды. Шілденің шіліңгір ыстығында Сырдария, Жалағаш және Қармақшы ауданындағы егістікке су жеткізіп беріп отырған «Шіркейлі» каналының деңгейі бір елі де төмен түскен жоқ. Осы арқылы диқандар егіннен мол өнім алды. Ал биыл...
– Қазір біз мамырдың лимитін тауыстық. Маусым айын да ойдағыдай аяқтаймыз деп ойлаймын. Бізге қиыны, шілде айы болып тұр. Аспан айналып жерге түсетін ыстықта каналдағы су деңгейі түсетін болса, диқанның ала жаздайғы бейнеті еш кетті дей беріңіз. Ал ондай жағдай болуы мүмкін. «Шардара» мен «Көксарайдағы» қазіргі ахуал осындай байлам жасауымызға мәжбүр етіп отыр, – дейді Жорабек Шаршыбекұлы.
Облыс бойынша егістік орналастыру сызбасында жері айқындалмаған, алдын ала белгіленген су пайдалану лимитіне кірмеген шаруашылықтар да бар. Қала,
аудан әкімшіліктері жоспарда жоқ осы құрылымдарды бір жүйеге түсірмесе, су тапшылығының «жыры» жылдан-жылға жалғаса береді.
Бұл мәселенің шешімін табу бағытында жұмыстар жасалмай жатқан жоқ. Мысалы, осыдан біраз бұрын облыс әкімдігі мен Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария бассейіндік инспекциясы» республикалық мемлекеттік мекемесі арасында 2020 жылы Қызылорда облысында егілетін күріш көлемін қазіргіден азайтып, 78 500 гектарға түсіру жөнінде келісімге қол қойылған. Мамандардың пікірінше, осы келісім талаптары қатаң сақталуы керек. Сонда ғана диқанның алаңы да, су тапшылығының зардабы да азая түспек.
Облыстық ауылшаруашылық басқармасының мамандары биыл облыс әкімдігі тарапынан күріш алқабын қысқарту жөніндегі берілген тапсырманың аяқсыз қалмайтындығын айтады. Осыған байланысты қазір шаруашылықтарға Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты ғалымдарының кеңесі негізінде қысқаратын егіс орнына суды аз қажет ететін дақылдар егуге ұсыныс беріліп, тиісті шаралар қолға алынған.
Жалпы, алдағы уақытта да ғалымдармен ақылдаса отырып, егісті әртараптандыру бастамалары жалғаса бермек. Өйткені егілгеннен бастап орақ түскенге дейін суда тұратын күрішті өсіру жылдан-жылға қиындап барады.
Биыл Шардарадан жоғары орналасқан су қоймаларында да жағдай мәз емес. Былтырғымен салыстырғанда ондағы су көлемі 1,7 млрд текше метрге кем. Сондықтан да олар қасқалдақтың қанындай болып тұрған суды бізге қияды деген үміт аз.
Жалпы, трансшекаралық өзен саналатын Сырдариядағы су ресурстарын пайдалану Үкіметаралық комиссия деңгейінде шешіліп келген. Бірақ соңғы 4-5 жылда өзен сағасында отырған Қырғызстан үкіметінің құлықсыздығынан комиссия жұмысында іркіліс көп болып тұр. Сондықтан да мамандар бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде мән берілуі керектігін айтады.
Қызылорда облысы