Жанкүйерлерге Кака есімімен танымал 43 жастағы бразилиялық маман «Қайрат» командасын 2018 жылдың сәуірінен бері жаттықтырып келеді. Атақты бапкер екі жылдың ішінде Алматы клубымен бірталай жетістікке жетті. Атап айтар болсақ, өткен маусымда Қазақстан чемпионаты мен Қазақстан кубогында топ жарды. Сонымен қатар 2018-2019 жылы Чемпиондар лигасының финалисі және УЕФА кубогының күміс жүлдесін олжалады. Коронавирус пандемиясына байланысты уақытша тоқтатылған биылғы ел чемпионатында да «Қайрат» бірінші орында келеді.
Бразилия және Әзербайжанның азаматтығын алған Кака бұған дейін 2010-2012 жылдары Әзербайжанның «Нефтчи», 2012-2018 жыл аралығында Ресейдің «Газпром-Югра» командасын жаттықтырған. Қазіргі таңда «Қайрат» клубымен бірге футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасын да баптайды.