Қоғам • 02 Маусым, 2020

Сыбайлас жемқорлықпен күресте БАҚ-тың маңызы талқыланды

826 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің AntikorLive алаңында «Egemen Qazaqstan» газетінің Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі «Сыбайлас жемқорлықпен күрестегі БАҚ-тың маңызы» тақырыбында пікірімен бөлісті.

Сыбайлас жемқорлықпен күресте БАҚ-тың маңызы талқыланды

«Жемқорлықты жоюдың ең басты кредосы – әділдік. Жемқорлық сөзінің өзі әділетсіздіктің синонимі сияқты. Президент өзінің сайлауалды бағдарламасында әділетті қоғам құру жайында айтқан болатын. Бұл ретте әділет ұғымына назар аудару аса маңызды. Өйткені әділет болған жағдайда ғана қоғамда сенім қалыптасады», - деді Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ ол әділдік, жемқорлық турасында жазған белгілі философтардың кітаптарынан мысалдар келтірді.

«Бізде саяси қызметкерлер көбінесе Макиавеллиді оқып, үлгі тұтады. Ал «Макиавелли билікке жету үшін қандай болмасын қадамға баруға болады» дейді. Меніңше, жемқорлықтың бір күші осында жатыр. Себебі қиянатпен, алдап-арбаумен билікке немесе үлкен жетістікке жетуге болады дегенді оқып өскен жастар, әрине, ондай қадамға барады. Ал енді дәл осындай кітаптар біздің қоғамда көп жазылғанын білесіз. Соның бірі әл-Фараби бабамыздың осыдан мың жыл бұрын жазылған «Қайырымды қала тұрғындары» кітабы. Сондай-ақ Жүсіп Баласұғұнның «Құтты білік» кітабында да мемлекеттік қызметкердің, патшаның, уәзірдің қандай болуы керектігі жазылған. Абай «Құтты білікті» оқыған. Сондықтан оның «Ғылым таппай мақтанба» деген әйгілі өлеңінде айтылғанындай жемқорлықтың бір ұшы қанағатсыздықта, рақымсыздық пен ынсапсыздықта жатыр», - деді ол.

Бұдан соң, Дархан Қыдырәлі БАҚ өкілдері қоғамдағы сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жазуда батыл болуы керектігін айтты.

«Сыбайлас жемқорлық індеті барлық салада кездеседі. Қоғаммен ең көп араласатын журналистер. Олар түрлі мәселелерді БАҚ беттерінде үнемі көтереді. Соған байланысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі дереу шаралар қабылдап, әділ шешімін шығаруға сеп болып жатады. Әрине мұндай жағдайда қоғамда сенім орнайды. Сол себепті журналистер мұндай олқылықтарды жариялауда батыл болуы керек», - деді басылым басшысы.