Аймақтар • 02 Маусым, 2020

«Нұрлы жер» бағдарламасы: Қостанай облысында 4,2 мың пәтер салынады

388 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қостанай облысында 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 379,3 мың шаршы метр тұрғын үй немесе 4,2 мың пәтер салу жоспарланған. Оның 237,1 мың шаршы метрі – көп пәтерлі тұрғын үй, 142,2 мың шаршы метрі – жеке үйлер.

«Нұрлы жер» бағдарламасы: Қостанай облысында 4,2 мың пәтер салынады

Биыл алғашқы тоқсан қорытындысы бойынша облыста 1 119 пәтер пайдалануға берілген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз жиынын өткізген құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов баян етті.

«Нұрлы жер» бағдарламасына 2020 жылы бюджеттен 18,2 млрд теңге қарастырылып отыр. Оның 2 млрд теңгеге жуығы тұрмысы төмен тұрғындарға үй салуға жұмсалмақ. Мұның сыртында, көп балалы отбасыларға арналған 108 пәтер сатып алу жоспардабар. Бүгінге дейін бұл мақсатта Қостанай қаласынан 58 пәтер сатып алыныпты.

Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында көп пәтерлі 5 тұрғын үйді қайта жаңартуға және 2 үй тұрғызуға 1,2 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл «Әуежай» шағын ауданында көп қабатты 4 тұрғын бой көтереді. Ал 2021 жылы 108 пәтерлі тағы бір көп қабатты тұрғын үй салынады. Биыл, сонымен қатар, «Юбилейный» шағын ауданында бюджет қаражатына 6 үй және коммерциялық мақсатта 5 үй тұрғызылмақ.

 

Қостанай облысы