03 Қазан, 2013

Cөз сойыл

571 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Бірде...

«Асықпай, аптықпай, салқын сыра ішіп кел»

Жаңа жатақханаға орналасқан кезде Нұртан Төлепбергенұлы журфакта өзімен бір курста оқыған Ерлан, Нұрлан, өзін қосқанда – Нұртан үшеуі, яғни соңғы буыны «ан» мен аяқталатын «үш сері» бес жылдай бір бөлмеде жатады. Журфактің оқытушысы, белгілі фантаст жазушы Абдулхамит Мархабаев оларды әзілдеп «АН-дар» деп атап кеткен.

Жастық арындары басылмаған үш «АН» бір күні бір қыздың ту­ған күніне сауық-сайранға барып, ертеңінде ұйқылары қанбай Мархабаевтың сабағынан кешігің­кіреп қалады. Алқын-жұлқын болып асыға сабаққа келіп аудитория есігін айқара ашқанда Абекең:

Бірде...

«Асықпай, аптықпай, салқын сыра ішіп кел»

Жаңа жатақханаға орналасқан кезде Нұртан Төлепбергенұлы журфакта өзімен бір курста оқыған Ерлан, Нұрлан, өзін қосқанда – Нұртан үшеуі, яғни соңғы буыны «ан» мен аяқталатын «үш сері» бес жылдай бір бөлмеде жатады. Журфактің оқытушысы, белгілі фантаст жазушы Абдулхамит Мархабаев оларды әзілдеп «АН-дар» деп атап кеткен.

Жастық арындары басылмаған үш «АН» бір күні бір қыздың ту­ған күніне сауық-сайранға барып, ертеңінде ұйқылары қанбай Мархабаевтың сабағынан кешігің­кіреп қалады. Алқын-жұлқын болып асыға сабаққа келіп аудитория есігін айқара ашқанда Абекең:

– Е, «АН-дар», ұшып-қонып жеттіңдер ме, алқынып?! – деп әзілдеп, шымшып алады.

– Жеттік қой, ағай, кешік­кенімізге кешірім сұраймыз... – деп қипақтайды «АН-дар».

– Кешірім сұрамай-ақ қойыңдар, «АН-дар». Барып, асықпай-аптықпай, салқын сыра ішіп келіңдер, – деп үш «АН-ға» шын ниетімен-ақ рұқсат беріп, сабағынан босатқан екен.

Нұртан, Байтан, Тойтан...

Белгілі әдебиетші ғалым Бейсембай Кенжебаев қарапайым, кейде студенттерді жеңіл әзілімен күлдіріп отыратын. Нұртан Төлепбергенұлы оқитын журналистика факультетінде Байтан Төлентаев деген жігіт болатын. Екеуі бір курста, бір топта, екеуінің фамилиясы да журналда қатар тұратын.

Әр сабағы сайын балаларды түгендейтін әдетімен Бейсекең бір күні студенттердің фамилиясын тізімнен оқып отырып:

– Төлепбергенұлы Нұртан, Төлентаев Байтан... Енді екеуіңнің араларыңда Тойтан деген бір студент жетіспей тұрған сияқты, – деп өз сөзіне өзі дән риза болып, рахаттана күлген екен.

«Ит асырамай-ақ, тамағыңды асырап алсаңшы...»

ҚазҰУ-дің «КазГУ-град» қалашығының жатақханалары пайдалануға берілген алғашқы жылдары жаңа жатақхана маңайына автобус қатынасы қиындау болатын. Студенттер автобуспен Тимирязев көшесі жағынан «КазГУ-градтың» тұсына дейін келіп, ары қарай қалың өскен тал мен қарағаштардың арасынан жаяу баратын.

Бір күні Нұрекең курстасымен сабақтан соң жатақханаға келе жатып, қалың жыныстың арасында шапқылап ойнап жүрген сүйкімді қара күшікті көреді. Ауылда, таулы жерде, саялы табиғатта өскен жігіт әлгі күшікке қызығып кетіп, табанда ұстап алып, жатақханаға алып бармай ма?!

Жасырып бөлмесіне апарған қара күшік ашық тұрған есіктен абайсызда сытылып шығып кетіп, жатақхана дәлізінде ары-бері «сайран салып» жүреді. Оны байқап қалған бір жампоздар әлгі күшікті ұстап алып:

– Бұл итті жатақханаға кім әкелді? – деп сұрастыра жүріп «қылмыскерді» тауып алып, ертеңіне факультеттің темірдей тәртіп орнатқан деканы Темкеңе жеткізеді.

Темкең Нұрекеңді деканатқа шақырып алып:

– Итті жатақханаға неге апарасың? – деп шүйіледі.

– Кіп-кішкентай, сүйкімді күшік болған соң қызығып кеттім, – дейді Нұрекең күмілжіп.

– Ит асырамай-ақ, өз тамағыңды асырап алсаңшы... – деген екен деканы студентке.

Құрдасқа әзіл

Ақын Махамбетқали Тұр­сановқа бір құрдасы тиісе сөйлеп:

– Ақынсың ғой, менің осы кейпіме бір ауыз өлең шығаршы, – депті. Сонда ақын:

– Ұсқыныңа қарасам шал секілді,

Жоқ емес, сенде киім бар секілді.

Ораза, намазбенен жұмысың жоқ,

Жайылған даладағы мал секілді.

Басыңа киген кепкіңе көзім түссе,

Құлайтын дариядағы жар секілді... – деп шұбырта жөнелгенде, ана кісі кешірім сұрап қолын алыпты.

Көрген БІЛГЕНОВ.

АСТАНА.

Жым-жылас жүз мың

Айнала қарыз алуға ақша таба алмай аласұрып жүрген Алдаркөсеге Қожанасыр кездесіп:

– Ау, Алдеке! Өзің сасып, түрің қашып, неге әбіржіп кеткенсің? – дейді.

– Ойбай-ау, 100 мың теңге қа­рызға ақша таба алмай алақтап жүр­мін, не істерімді білмей жалақтап жүрмін, түрлі ойдың түбітін тарақтап жүрмін, – дейді Алдекең.

– Осындайда әлгі алпыс түрлі айлаң мен қырық түрлі қылығыңды қолданбайсың ба? – деп күледі Қожекең.

– Әй, Қожеке-ай! Қазіргі адамдардан айла-қулық артылған ба?! Олар менен де асырып жіберіпті ғой. Ал, жоғымды іздеп жүргенде өзің жолықтың. Шынымды айтсам, шаршап торықтым. Енді құдай қаласа, жолым болар. Сол 100 мың теңге өзіңде болса маған бере тұр. Қырық күннің ішінде қарызды қайтарамын, бұны сенімді түрде толық айта аламын, – дейді Алдар. Қожанасыр Алдекеңе сеніп, қолхат алмай-ақ қалтасынан 100 мыңды суырып, оған бере салады. Арада зулап қырық күн де өте шығады. Бірақ, Алдекеңнен хабар-ошар болмаған соң Қожекең үйіне келеді.

– Ау, Алдеке, уәде қайда? – дейді Қожанасыр.

– Сен 3-4 күн маған мәулет бере тұр, тауып беремін, – дейді Алдаркөсе. Бес күн өткен соң Алдардың үйіне Қожанасыр тағы келеді. Алдар оған түрлі уәж айтып шығарып салады. Қожанасыр берген қарыз ақшасын Алдардан ала алмай бірнеше ай сергелдеңге түседі. Бір күні ол Алдекеңе келіп:

– Алдеке, болмаса 90 мыңын тауып берші, қалғаны құдайы, сұрамай-ақ қойдым, – дейді Қожа.

– Дәл қазір 90 мың да болмай­ тұр­ғаны, жақын арада тауып бе­рейін­­ші, – дейді Алдекең жылам­сы­рап. Бұл уәдесі де тым ұзап кеткен соң Қожекең Алдарға тағы келіп:

– Мені сергелдеңге салып қой­дың-ау. Саған сенгендегім осы ма? Ең болмаса 80 мыңын-ақ қайтаршы, – деп жалынады.

– Расында ұят болды, бермей­мін деп жүрмін бе? Сәл шыдай тұршы, тауып беремін, – деп Алдар оны тағы шығарып салады. Қожанасыр Алдарға әр келген сайын ақшасын кем-кемдеп кемітіп сұрайды. Бірақ, Алдар түрлі сылтау айтып, қарызын қайтармай, уақытты соза береді. Бір күні Қожекең тағы келіп:

– Әй, Алдар! Құрып кетсін қалғаны, маған 60 мыңын-ақ құдай үшін қайтаршы! – деп қатуланады.

– Қожаеке-ау, маған не істе дейсің? Қарызыңнан кем-кемдеп құтылып келе жатырмын ғой. Енді қалған 60 мыңнан да құдай қаласа осылай құтылармын, – депті ең соңында Алдар көсе.

Қазыбек ӘШІРБЕКҰЛЫ.

Қызылорда.

Күлкім келмейді

Қабымды сүйретіп ішке ене бергенім сол еді, төрдің төбесінде талтайып тұрған кісі шудасы түскен түйе секілді ырғайдай мойнын онан әрі соза қисиып күлді. Мән бермедім. Өз шаруамды бітірсем, өзгеде не ша­руам бар. Затымды бұрышқа қоя беріп едім, әлгі неме құлағы қалқиып, бет-аузының быж-тыжы шыға әлі ыржиып тұр екен. Тіпә, тү­рің құрығыр! Несіне жетіседі-ей?! «Пошымыңа қара» деп сөзбен бір нұқып жіберейін деп тұрдым да, ақымақтықтың ала-құласы болмайды ғой дедім де, аузымды ауыртпадым. Қолында селебе пы­шақ, балық аршып тұр. Осы үйдің құл-құтаны секілді ме?! Оны­сына қарамастан нағашысы ба­зар­дан келгендей ыржалақтаған күлкісі анау. Тұрысына жұмысы үйлесіп тұрса кәні. Қоржын-қос­қалақтарымды тасып болысымен, үсті-басымды қағына, қақпаға қарай жылыстап бара жатыр едім, әрі сұлу, әрі толық үй иесі жеңгей:

– Қайда барасың? – деп қатқыл сөзбен қалт тоқтатты. Прожекторға түскен қояндай бүрсеңдеп қалдым-ау деймін, толық қатын әбжіл қимылдап, үрпиіп тұрған менің қолыма қанжардай пышақты ұстата берді.

– Еттің бәрін бұзып, тұздап, қазысын тағып, сонан соң кетесің. Шалалық болса, бастығыңа айтамын, – деді ол.

«Жазған құлда жан бар ма!», серіктестіктен автофирмаға айналған біздің шаруашылыққа бөлемнің құрдасының құрдасы бастық болып келгелі сенімді кісіге айналып «важный» жерлерде жүретінмін. Ерекше тапсырмамен ертелетіп келіп, мына жағдайға тап болып тұрмын. Кеше басекең:

– Дедей, өзіңе ғана сенемін. Жаңа келген аудан әкіміне сый-сияпаттың реті келіп тұр. Осы ту биенің етін үйіне апарып берсең, – деген.

Бай мен байдың, әкім мен әкім­нің арасында жорға мініп, дорба тасу кім-көрінгеннің қолынан ке­лер іс емес. Өзіме өзім риза болып, марқайып тұрғаным сол. Бір­ақ, Алатаудай көңіліме, замдиректор деген дап-дардай атағыма қарамай әкімнің жансаясы мені құс салғандай ыммен жетектеп, әлгі шыққан жеріме қайта айдап келді. Сарай ма, асханасы ма, іші сап-салқын жер екен. Өзім қаптаған етті мұнда қайта төгіп, пысылдап жатсам, баяғы мойны ырғайдай бәлекет әлі ыржиып тұр. Менен көзін алмайтынын айтсаңшы. Жыным мұндай келмес. Орынсыз жамау секілді тіптен жараспай тұр.

– Сойған түлкідей неменеге ыр­жалақтайсың? – дедім ақыры шы­дай алмай. Анауың сасатын емес.

– «Тілегенге – сұраған» дегендей, сен де мен секілді сәлемдеме сүйреген сорлысың ғой. Өзің құдай болмаған соң көрген күнің осы. Қармаққа жақсы іліндің, серік болғаныңа қуанып тұрмын, – деп балығын кескілеп, кеңк-кеңк күлді.

– Нешауаға не дауа. Кесапат қатынның «дайын асқа, тік қасық» мына қылығын-ай! Әкеп берген нәрсеге өзі шамалы еңбек етсе бірдеңесі кете ме, деп алдымдағы білем-білем етті осып-осып жібердім. Қалқан-құлақ «балықшы» ырқ-ырқ күліп болар емес. Менің күлкім келер емес...

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Қызылорда облысы.

Ақпараттан оқимыз

Оқитын болсаң БАҚ-ты

Ашады былай жақты:

Мемлекет қаржысын жеп қойған,

Анықталды факты.

Кінәлі бұған адамды,

Қаржы полициясы тапты.

Алшақтатып қоғамнан,

Абақтыға жапты...

Арғы жағы көп нүкте,

Аты-жөні жоқ нақты.

Кете барды қаңғырып

Джонна сөйлеп қазақша,

Тыңдарманын таң қылды.

Жапон тартып домбыра,

Айтып берді ән жырды.

Өзге ұлттардың аузында,

Қазақтың сөзі жаңғырды.

Қазаққа сөз тигенде,

Орысша сөйлеп «мәңгірді».

«Керуен жолы» демей ме?

Байқағаным, Қызылжардай қаладан

Әр бағытқа үлкен көше тараған.

Соның бірі жұмысшылар кентінде,

Жезқазғанға шығар жолда «Караван».

Аудармасы болған екен шаладан,

Қазақша да қаз қалпында «Караван».

Қазақшалап бәрін болдық деп жүрміз,

Сорақыны көріп жүр-ау әр адам.

Көше екен ми батпағы езілген,

Мәшинелер шуылымен көз ілген.

Тақтадағы көше атының өзінен,

Орыс тілі үстемдігі сезілген.

Жолда келем, сөзім кетті көмейде,

Мәртебесін тілдің бұлай теңей ме?

Көзі ашық бір азамат табылып,

«Караванды» – «Керуен жолы» демей ме?

Қойшыбай ШӘНИЕВ.

Солтүстік Қазақстан облысы.

Ауылдың айтқыштары

Сиднейден сыйлық

Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері, әйгілі боксшы Мұхтархан Ділдәбеков бір тойда қонақта отырса, оны танып қалған масаң жігіт әр нәрсені бір сұрап, мазасын алса керек. Боксшының сабыр сақтағанына әбден еркінсіген ол:

– Сиднейден бізге қандай сыйлық әкелдің? – деп жабысыпты. Төзімі таусылған Мұхтархан:

– Рубалкабадан қалған жарты­ удар бар, керек етсең соны бе­рейін, – депті. Олимпиаданың жар­тылай финалында кубалық Рубал­кабаны сабағанын теледидар­дан көзімен көрген әлгі жым болыпты.

Мұртың қорқынышты

Сидней олимпиадасында атақты боксшы Ермахан Ыбы­райымовқа кездескен корей коман­дасының жаттықтырушысы:

– Сенің салмағыңдағы біздің жігіт мұртыңнан қорқады, – депті әзілдеп. Сонда Ерекең:

– Бұл ештеңе емес, ендігі жолы жарысқа сақал қойып келемін, тү­гел тығылатын жер таппай қалар­сыңдар, – депті әзіліне әзілмен жауап беріп.

Бәрібір сені әскерге алмайды

Байдүйсеннің қызы Күлжамал бір күні әкесінен:

– Мен қай жылы тудым, құ­жат­тарымда әртүрлі жазылған ғой, – деп сұрапты. Сонда Байекең саспастан:

– Қарағым, саған бәрібір емес пе, сені әскерге алмайды ғой, – деп жұбатыпты.

Кім жетіскеннен ішеді

– Арақтан жиіркенсеңіз несіне ішесіз, мұрныңыз тыржиып кетті ғой, – деген ерке баласына сөзден тосылмайтын Байекең:

– Кім жетіскеннен ішеді дейсің, үкіметтің планы орындалуы керек қой, – депті күлместен.

Өз үйінен қашқан қыз

Байекең сапарлап жүріп Байкенже ауылына барса, бір үйге келін түсіп, той болып жатыр екен. Серіктерімен сонда атбасын бұрады. Жолаушыларға тамақ тартылып, шай беріледі.

– Келін қайдан екен? – деп сұрайды біреу.

– Еңбекшіден, Байдүйсен деген кісінің қызы дейді, – депті күтуші жігіттің бірі. Мына тосын оқиғадан серіктері селк етісіпті. Ал Байекең болса:

– Өз үйінен қашқан қызды бірінші көруім, – деп сыр бермей отыра беріпті.

Өзіңнен шайтан қорқады

Ауызашардан шыққан Бай­дүйсен бірге келген әйеліне қарамай үйіне кетіп қалады.

– Неге тастап кеттің, қараңғыда қорқып, зорға жеттім, – деп өкпе айтқан жарына Байекең:

– Сенен біреу қорықпаса, сені шайтан да қорқыта алмайды, – деп жұбатқан екен.

Оянайын деп едім

Бір шал қырманда қарауыл екен. Көлеңкеде жатып мызғып кетсе керек. Соны аңғарған бір әйел бидайды қаптай бастайды. Оны кетер ме екен деп әрі-бері жатқан шал бір кезде шыдамай:

– Шырағым, болдың ба, мен оянайын деп едім, – деген екен.

Әкім ҚОЖАҰЛЫ.

АЛМАТЫ.

Еркектер «еркелігі»

Екі жігіттің әңгімесінен:

– Мен ұлды болдым!

– Әйелің де қуанып жатқан шығар?

– Ол әлі білмейді...

***

Әріптестер әңгімесінен:

– Кеше кешкісін үйге келсем, әйелім жейдемнің жағасына жағылып қалєан қызыл далаптың ізін көріп қойды.

– Шу шығарєан шығар?

– Шығармағанда! «Маған да тура осындай далап алып бер», деп қоймады.

***

Сыраханада екі жігіт тойлап отыр:

– Осылай жүре бересің бе, қашан үйленесің?

– Осында келіп жүргеніме 10 жыл болды ғой, дені дұрыс бір қызды жолықтырмадым ғой осы...

***

Әріптестер әңгімесінен:

– Кеше іссапардан ерте оралып үйге келсем, әйелім бір ағылшынмен көңіл көтеріп отыр.

– Оған не айттыѕ?

– Мен ағылшынша білмеймін єой...

Шымшыма шумақтар

Ақыл

Естіген мен көргенді,

Жазсаң егер шатпақтап,

Шығарасың көлемді,

Жұрт сияқты бір кітап...

Алдыменен ол үшін,

Ақша керек көп бірақ.

Желге шашу

Жетпіс деген асу ғой,

Құдайдың берген жасы ғой.

Соған бола той жасау,

Барыңды желге шашу ғой.

Сағи ӘБІЛХАСЕНҰЛЫ.

Қостанай облысы.

Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР