Аймақтар • 03 Маусым, 2020

Петропавлда дүкен өртене жаздады

131 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавл қаласының осы күндердегі пандемиядан кейінгі тағы бір қаупі теректің ұлпасы болып отыр. Ол көп адамдардың бет, мұрын, көздеріне аллергия тудырады.

Петропавлда дүкен өртене жаздады

Ақ ұлпа ауызға, мұрынға кіріп түшкіртіп, пысқыртып, жүргізбегенімен қоймай ашық терезелерден үйлерге де қаптап кетеді. Осындай жаман ағаштарды жергілікті билік қала көшелеріне адамдардың жағдайын ойламайтын Кеңестік заманда еккен, бірақ соны толық құртуға әлі ешкім мән бермей келеді.

Теректің ұлпасының тағы бір үлкен қаупі – үйіліп жатқан оны бала-шаға тұтатып жіберуге құштар. Үлкендер қанша айтса да қоймайтын балалар ұлпаның жалындап, тез жанғанын қызықтап, ойнағысы келіп тұрады. Осындай бір ойын кеше қаладағы «Северный» супермаркетін отқа орай жаздады. Жедел жеткен өрт сөндіру қызметі бес қабатты үйдің бірінші қабатына орналасқан үлкен дүкеннің барлық алушылары мен сатушыларын және үйдің үстіңгі қабатынан 17 адамды эвакуациялап үлгерді. Соның ішінде 5-уі бала. Өрттің шығу себебін мамандар жертөледегі қойманың есігінің алдына жиналып қалған теректің ұлпасына біреулердің от беруінен шыққан деп алдын ала болжап отыр.

Әйтеуір оттан зардап шеккендер мен шейіт болғандар жоқ. Дүкенге келген шығынның есебі әлі шығарылмаған. ТЖ департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Атығаевтың айтуына қарағанда тез жанатын осы заттың қаупі зор. Тұтатылған жеріне жел тұрса оның оты жоғарыдағы пәтерлерге де көтерілуі мүмкін екен. «Сондықтан оны жағатындарға қатаң тиым салып, балалардың онымен ойнауына жол бермеу керек», деді маман.

 

ПЕТРОПАВЛ

 

Соңғы жаңалықтар