Кеше қаруланған белгісіз біреулер Ливия астанасы Триполидағы Ресей елшілігіне оқ атып, мекеме ішіне кірмек болған. Бұл туралы «Ассошиэйтед Пресс» агенттігінің ақпарына сілтеме жасаған РИА «Новости» хабарлады.
«Екі автокөлікке мінген он шақты адам Ресей елшілігіне шабуыл жасады», – деп мәлімдеді Ливия Ішкі істер министрлігінің өкілі. Жергілікті құқық қорғау органдарының дерегіне жүгінсек, белгісіз қарулы топ елшілік автокөлігін өртеп жіберген. Оқиға орнына келіп жеткен тәртіп сақшылары олардың бірін атып өлтіріп, тағы төртеуін жарақаттады. Абырой болғанда, шабуылдан елшілік қызметкерлері жапа шеккен жоқ.
Айдар Өрісбаев.