
Ұлттық банкті басқаруға Қайрат Келімбетовтің келуімен теңге құнсыздана ма? NUR.KZ сайты бүгін осындай риторикалық сұрақпен ашылды.
«Ұлттық банктің жаңа төрағасының алғашқы жұмыс күнінде еліміздегі айырбас бағамдары аса үлкен өзгеріске түскен жоқ. Алайда, экономистер Қайрат Келімбетов теңгені девальвацияға ұшыратып, долларды шарықтатады деп болжам жасап үлгерді. Дегенмен, девальвацияның қай уақытта болатыны туралы олардың пікірі екі бөлек. Ал, бұған дейін Қазақстан экономикасын әр тараптандыру үшін «кластер, 30 корпоративті көшбасшы, үдемелі инновациялық даму» сияқты аты басқа, мазмұны ұқсас бағдарламаларды жиі айтып жүрген Қайрат Нематұлынан Ораз Жандосов үлкен өзгеріс күтеді», - деп ой тарқатады портал одан әрі.
Ұлттық банкті бес жыл басқарған Григорий Марченконың тағайындала сала теңгені бір-ақ күнде девальвацияға ұшыратқанын жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Ол жазған сонда да «доллар шарықтамайды» дегенді жағы талғанша тоқтамай айтып келді. Бірақ, Марченконы тыңдаған доллар болған жоқ, АҚШ-тың айтулы валбтасы сәуір айынан бері өсумен келеді. Ұлттық банктің статистикасы бойынша, көктемнен бері көк қағаз 150-ден 154 теңгеге дейін көтеріліп кеткен көрінеді.
Сол себепті Энергетика және экономика министрлігінде хатшы қызметін атқарған Петр Своик халық теңгенің құнсыздануына әзірлене берсін деген болжам айтады. Яғни, Келімбетов те Марченко секілді өз жұмысын долларды өсіруден бастайды деп отыр.
«Мен теңге бір күнде девальвацияға ұшырайды деп айта алмаймын. Бірақ, байқасаңыздар жайлап құнсызданып жатыр. Бір доллар 147 теңге болды, сосын 150, қазір 154-ке көтерілді. Ақырындап 170 теңгеге дейін шарықтауы мүмкін. Егер теңгені бірден құнсыздандырып жіберсе, экономикамыздың өзіне соққы болуы мүмкін», - дейді экономист Петр Своик.
Кедендік одақтың жұмысына белсене араласқан, Экономика және бюджетті жоспарлау министрі, вице-премьер болған Қайрат Келімбетовтің Ұлттық банкте атқаратын жұмысы шаш етектен дейді мамандар. Инфляцияның жоғары болуы, дағдарыстан бері әлі қалыпқа түспеген банк жүйесі, халықтың теңгеге деген сенімсіздігін жою жаңа бас банкирдің құлшына шешетін мәселелері болмақ.
Ұлттық банкті басқарған, бұрынғы Қаржы министрі Ораз Жандосов жаңа басшы осы міндеттерді атқарса, абыройға бөленеді деп отыр. Ал теңгенің құнсыздануына экономист күдікпен қарайды...
«Мен үлкен девальвация болады деп ойламаймын. Өйткені, теңге - мұнай валютасы. Яғни, мұнай бағасы өзгермесе, теңге құнсызданып, доллар шарықтайды деп айта алмаймын», - деді экономист Ораз Жандосов.
Ал 45 жастағы Қайрат Келімбетовтің Ұлттық банкке келуін халық жылы қабылдап жатыр. Білімді экономист қаржы жүйесі мен Ұлттық банк жұмысын жақсартуға өзінің лайықты үлесін қосады деген пікірде.
Ал ғаламторда Келімбетовке қатысты халық пікірі екіге жарылған. Бірі - оған реформатор ретінде баға берсе, біреулері оның «Демтаңдаудан» кеткенін, экономика әртараптандыру туралы ойлары істен гөрі сөзі көп деген ұстанымда.
Дегенмен, жұртшылық айырбас бағамының белгілі дәлізде болуын, үстеменің несиеде азайып, депозитте көп болатын тетігін тапса деген тілекке үміттерін жалғап отыр.
Сәкен Майлыбай.