07 Сәуір, 2010

АҚТӨБЕЛІК ЖАСТАРДЫҢ БАҒАЛЫ БАСТАМАСЫ

575 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
“Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы “Жас Отан” жастар қанатының мүшелері мен қаладағы жо­ғары оқу орындарының студент-жастары “Ауыл­дың гүлденуі – Қазақстанның гүлденуі” атты акция өткізуге бастама көтерді. Бағалы бастаманы облыс жастары бірауыздан қолдады. Мұның өзі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүм­кін­діктері” атты биылғы Жолдауында “Жастар – біздің болашағымыздың негізі”, – деп атап өткеніндей, үс­тіміздегі жылғы 26 сәуірден 30 тамызға дейін өтетін ак­ция барысында жастар қаланы ғана емес, ауыл­дар­ды абаттандырады, көгалдандырады, көріктен­діре­ді, өзен аңғарларын, көл жағалауларын, жол бойларын қоқыстардан, тұрмыстық қалдықтардан тазартады. Бұл жұмыстарға орта мектептердің 8-11 сынып және колледждер мен лицейлердің 45 мың оқушысы, студенттердің құрылыс және “Жасыл ел” отрядтарының 5 мың жасағы, қала кәсіпорындары мен аудан орталықтарындағы 20 мың жұмысшы жастар тартылады. Студенттердің құрылыс жасақтары мәдени-әлеуметтік нысандарды күрделі және ағымдағы жөндеумен айналысады. Бұл акцияның басты мақсаты – облыс жас­тарының өз еліне пайдалы істер атқаруын, саламатты өмір салтын, олардың бойларында отан-сүйгіштік қасиеттер қалыптастыру, еңбекке тәрбиелеу. Акцияны өткізу жөніндегі облыстық, қалалық және он екі аудандық штаб құрылып, жұмыс істеуде. Сондай-ақ, олардың жұмысын жергілікті жерде үйлестіріп отыратын 148 командалық пункт және 300-ден астам отряд, 1800 оқушы тобы құрылды. Олар атқарылатын жұмыс көлемін, орындалу мер­зі­мін анықтады, отрядтардың тізімін жасады. Ак­ция­ға қатысушылар облыс бойынша жалпы аумағы 379,9 гек­тар гүлзарлар мен саябақтарды көріктендіреді, 781,1 гектар өзен аңғарларын, 775,7 шақырым жол бойын қоқыстан тазартады, 200 мың түп көшет отыр­ғызады, 10 940,5 тонна тұрмыстық қатты қалдық­тарды тасып шығарады деп күтілуде. Осы кезеңде 200-ден астам спорт алаңы мен стадион жөнделіп, жаңадан салынады. Жаз бойы 381 елді мекен, 2314 көше абаттандырылады. Бұл жұмыстарға қазірдің өзінде облыстық бюджеттен 500 млн. теңге қаржы бөлінген. Бұл қаржы көлемі алда көбейе түспек. Облыстық, қалалық және аудандық штабтар жұмыс жасайтын нысандар мен көгалдан­ды­рылатын орындарды, тазартылатын аумақтарды анықтау үдерістері аяқталып келеді. Жастардың бірден жұмысқа кірісіп кетуі үшін қазірден бастап қам жасалуда. Олар бір үлгідегі жұмыс киімімен, тамақпен қамтамасыз етіледі, атқарған жұмыс көлеміне қарай еңбекақы алады. Қазірдің өзінде “ТрансМостГрупп”,“Стройдеталь” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, “Компания-Емшан” заңды тұлғалар бірлестігі сияқты іргелі кәсіпорындар студент-жастармен кездесіп, оларды өздерінде жұмыс істеуге қабылдауға әзірлігін байқатты. Сондай-ақ, акция кезінде белсенді жұмыс істеген жастарды марапаттау үшін облыс әкімдігі 50 авто­көлік, 1000 ноутбук бөліп отыр. Бұл жастарды екпін­ді еңбек етуге ынталандырады. Бағалы бастаманы жүзеге асыру барысында жастар өз жеріне деген сүйіспеншілікке тәрбиеленіп, оған құрметпен қарау­ға үйренеді, өзгелерге өз істерімен өнеге болады. Бұл бастаманы елімізде алғаш рет Ақтөбе облысының жастары қолға алып отыр. Ал ақтөбелік жастардың бағалы бастамасы еліміздің түкпір-түкпірінде қолдау табатынына сенім мол. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.