Әлем • 03 Маусым, 2020

Facebook қызметкерлері Цукербергке неге қарсы шықты?

573 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Facebook компаниясының ондаған қызметкерлері мен бірнеше топ-менеджері өз басшыларына қарсы шығып, Дональд Трамптың 29 мамырдағы доңайбат көрсеткен постын алып тастауды әрі оның аккаунтын банға жіберуді талап етіп жатыр.

Facebook қызметкерлері Цукербергке неге қарсы шықты?

АҚШ президенті атышулы постында «Тонаулар басталған кезде, атыстар да басталады» деп және егер мэр тәртіпсіздікті ауыздықтай алмаса, Миннеаполиске қарсылықты жаншуға Ұлттық гвардия әскерін жіберуге уәде еткен болатын. Цукерберг қарамағындағылардың «Виртуалды ереуілі» осы себепті орын алды.   

Атақты IT-кәсіпкер әлеуметтік желідегі «ақиқаттың таразышысы» болғысы келмейтінін айтып ақталып, кім не айтса да өзі біледі дегенге келтірді. Екінші жағынан ол президент посты арқылы биліктің бетпердесі шешілетінін айтты. Десе де Facebook компаниясында бұл мәселеге арналған жиналыс болып, онда Трамптың іс-әрекеті әлеуметтік желінің ережесін бұзбайтындығы, бірақ жақын арада саяси тұлғаларға байланысты саясат өзгеретіндігі мәлімделді.

Сондай-ақ Марк Цукерберг өз жекебасының Ақ үй басшысы постына көзқарасы теріс екенін жеткізді. Президенттің мәлімдемесіне бір көргеннен жиіркенішпен қарадым деген ол барлық адам өз құқы үшін күресуі және оны биліктен талап етуі дұрыс деді.

Трамп мырзаның осыған ұқсас посты Twitter әлеуметтік желісінде де жарияланған еді. Компания ол постқа лайк қою немесе пікір жазу сияқты функцияларын бірден өшіріп тастады. Бірақ ретуит жасап, бөлісуді қалдырғаны түсініксіз болғанын көпшілік талқылау үстінде.