03 Қазан, 2013

Солтүстік Қазақстанда оқушыға жәбір көрсеткен мұғалім жұмыстан шығарылды

234 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

03-10-13-uchitelnitca-1

Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында аудандық прокуратураның кәмелеттік жасқа толмаған балалардың құқығын қорғау бойынша ұтқыр тобы мектептердің бірінің мұғалімін жауапкершілікке тартты. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы қадағалау органының баспасөз қызметі хабарлады.

Прокуратура қызметкерлерінің мәлімдеуінше, К. Әсімжанова деген мұғалім алгебра сабағында оқушылардың көз алдында бір оқушының кекілін қайшымен қиып, маңдайына қаламмен «Екіге оқитын бала» деп жазып қойған. Және оны өшірмеуге бұйрық берген.

«Осы жағдайдан кейін бала кешкі 9-ға дейін ауылдан 1,5 шақырым жердегі орманда жүрген. Өзінің бұл әрекетін ол сынып жетекшісінен қорқып, мектепке барғысы келмейтіндігімен түсіндірген», - деп хабарлады баспасөз қызметінен.

Оқушылар прокурорларға осы оқиғадан кейін екі күннен соң сынып жетекшісінің болған жағдай туралы олардың ешкімге тіс жармауы туралы сұрағанын айтқан. Ол үшін оқу жылының бірінші тоқсанында алгебра пәні бойынша бәріне «бес» қоюға уәде берген.

Аудан прокурорының ұйғарымына сәйкес, мұғалімге «Еңбек кодексінің» талаптары қолданылып, ол жұмыстан шығарылған. Дәл сол күні Бауман орта мектептің директоры К.Қарабаева да қызметінен алынған.

Құрыш Нұрымбет.

 

Соңғы жаңалықтар