Қоғам • 04 Маусым, 2020

Бояу қолданбайтын суретші

995 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Суретке ерекше өмір сыйлап жүрген Қанат Нұртазиннің өнері шын мәнінде сүйсінуге тұрарлық. Ол жапырақ, шеге, газет, алма, тосап, банан, раушан, гипс, кофе мен қауын бетіне түрлі сурет салады. Өнерден ерекше өрнек тапқан өреннің таланты сұлулыққа бейжай қарамайтын көп көңілін ә дегеннен елең еткізді. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарынан жарқырай көрінген сурет шебері бүгінде ізденісін жетілдіріп, бейнелеу өнерінің 100 жаңа тәсілін табу жолында тер төгіп жүр.

Бояу қолданбайтын суретші

Көкшетаулық жас суретші Қанат Нұртазиннің ерекшелігі сол – ол өз су­реттерінде мүлдем бояу қолданбайды. Кеңістікте көркем өнер тудырып, ал ке­нептің қандай көлемде болатынына алаң болмау – автордың басты принцип­терінің бірі. Суретші үшін ағаш, қағаз, кофе, фотопленка, кинолента, же­міс-жи­дек пен темір-терсектің барлығы да өнер ту­дыруға тамаша құрал. Жұмыс­тарын ар­найы бояғыш құрал немесе мольберт қолданбай жасайтын бірегей талант иесі «су­­рет  тек қағаз бетіне салынбайды» деген ұс­танымда және ол ойын әрбір тың туын­дысымен бүгінде сәтті дәлелдеп жүр.

1

– Мен ешқашан суретші болам деп армандаған адам емеспін. Бала күнімде әскери адам болуға қатты құмарттым. Өнерге деген қызығушылық 2013 жылдан басталды. Малайзиядан оқуымды тәмамдап, дипломмен елге оралған соң біраз уақыт жұмыс іздеп жүріп қалдым. Сол кезде бос уақытым көп еді. Аңсарым сурет салуға ауды. Бірақ көп суретшілер сияқты емес, елді елең еткізер дүние тудырғым келді. Алғашында қатты қағазды тесіп сурет сала бастадым. Қо­лым жаттыққан соң, көңілімдегі көрікті ойларды жүзі өткір пышақпен ойып жапыраққа түсірдім. Кейінірек шай түйіршіктері, құм сияқты нәрселерді де қиялымды жүзеге асыруға пайдаландым. Нәтижесі өзіме ұнады. Осыдан соң бейнелеу өнерінің түрлі тәсілін өз бетімше байқап көрдім. Алғашында сурет салуға қарағанда карвинг өнеріне жақын болдым. Тұңғыш туындым ағаш жапырағынан кесілген Қазақстан туының сұлбасы болды. Кейін мұны алмадан ойып жасап көрдім. Сөйтіп, ойдан ой, идеядан идея туындай келе «Сурет салудың 100 жаңа тәсілі» атты жобаны жүзеге асыруды қолға алдым. Сол 100 тәсілдің барлығын игергім келеді. Арасында алманы ойып салған суретім, шоколадқа салған суретім, жапыраққа сызған бейнелер желіде көп тарап кетті. Алдағы уақытта мақсатымды толықтай бағындырсам деймін. Сол жолда ізденіп жүрмін», – дейді суретші.

Бір қызығы, Қанаттың бұл салада арнайы білімі де, ұстазы да жоқ. Сурет – Қанат­тың бойына тумысынан дарыған қабілет. Малайзиядағы Азия-Тынық мұхиты университетінде халықаралық бизнес менеджменті бағдарламасы бо­­йынша IT-мамандықты меңгерген болашақ «100 жаңа есім» жобасы жеңім­пазы­ның әуесқой қызығушылықтан туын­даған жұмыстары қоғамда үлкен резо­нанс тудыратынын тіпті де сезбеген көрінеді.

– Білесіз бе, жоғарыда атап өтке­нім­дей, мен сурет салуға ешқашан қызыққан емеспін. Тіпті оқушы кезімде бейнелеу өнері сабағының тапсырмаларын үлкен ағам орындап беретін. Алайда, бойда бұғып жатқан талант бәрібір сыртқа шықпай тынбайды екен. Алғашқы тәжірибелік жұмыстарым көпшілік тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Әсіресе спорт шебері Геннадий Головкин мен белгілі продюсер Баян Алагөзованың бейнесі бедерленген туын­дылар көпшілік арасына тез тарады. Кейінірек басқа да суреттеріме сұраныс артты. Біраз ақпарат агенттіктері жұ­мыстарымды өз порталдарында жария­лап, әлеуметтік желі арқылы халық жарыса таратып әкет­ті. Кейінірек, тіпті Британия мен Ресей журналистері тарапынан да менің сурет­теріме деген қызығушылық туындап, арнайы хабарласты. Әлі де шетелдік мамандар жиі телефон шалып тұрады. Рас, менің бұл салада арнайы білімім де, тәлім берген ұстаздарым да жоқ. Өз бетімше үйрендім. Ғаламтордың көмегіне көп жүгіндім. Әйтсе де, менің басты тә­лімгерім – жүрегім. Көңіл түкпіріндегі көркемөнерге деген іңкәрлік мені осылайша сурет әлеміне алып келді» – деп сыр ақтарды өнер иесі.

Қанаттың суреттері көрер көзге қа­лай көркем көрінсе, оны тудыру да сон­шалықты оңай емес. Күрделі. Бірақ, соған қарамастан Қанат  салған суретінен ай­рықша ләззат алады. Қиялына ерік берген сайын жаны рахаттанып, демалып қалады. Суретшінің айтуынша, әрбір жұмысы өзінің ерекшелігіне сай түрлі деңгейде күрделі. Қанат үшін ең оңай тә­сіл жапыраққа ойып салынған сурет екен. Ең қиыны – шеге мен жіптің көме­гімен салған жұмыстары. Ал алма­ға ойып салынар түрлі өрнектер жедел­ділікті талап етеді. Бұл тәсілде жылдам­дықты бәсеңсітуге болмайды екен. Өйткені алма ұзақ ойланып-толғануды көтермейді. Қарайып кетіп, өнер туындысы барлық әсемдігінен айырылуы мүм­кін. Сондықтан да Қанат, әсіресе осы алмаға түсіретін суреттеріне ерекше мұқият. Салынған жұмысын бірден фото­ға түсіріп алатын көрінеді.

– Майлы бояумен кенепке түспегеннен кейін де, менің салатын суреттерімнің әр­қайсысының ерекшелігін ескере отырып бедерлеу маңызды. Сондықтан да классикалық суретшілермен салыстыр­ғанда, мен уақытпен көбірек санасамын. Өйткені түрлі материалдарға бедер­ленетін болғандықтан, әрқайсысының ерекшелігін ескеру маңызды. Сонысымен де әрбір суретім айрықша шабыт сыйлайды. Жұмыс істеп отырып демаламын. Қазіргі таңда еліміздің жетекші оқу орындарының бірі Назарбаев Универ­ситетте қызмет ететін болғандықтан, шет мем­лекеттерге жиі сапарлап тұрамын. Сондай кездерде шетелдік азаматтарға, әріптестеріме кәдесый ретінде өзімнің жұмыс­тарымды сыйға тартамын. Бар­лығы ерекше ілтипатпен қабыл алады. Қай жерге барсам да Қазақстанға қатысты дүние жаса­ғым келеді. Мысалы, Вашингтонда жү­ріп, алмаға Алтын адамның суретін бедер­ледім. Лондонға барғанда алмаға киіз үйдің суретін ойып салдым. Содан кейін, сол қаланың көрікті жерін артқы көрініс етіп таңдап, өзімнің туған елімнің бір бейнесін кадрға түсіріп аламын. Шетелдіктер өздеріне таныс жердегі бейтаныс элементтерге қат­ты таңғалады. Тек шетелде емес, Қазақстанның түкпір-түкпіріне барсам да, туған жерімнің таңғажайып табиғатын сурет­ке түсіремін», дейді жас талант.

Міне, осылай туған елінің бай жә­дігер­лері мен көркем құндылықтарын, мем­лекетіміздің рәуішті рәміздерін өзі­нің қиялы мен қаламынан туған әр жұмысы арқылы төрткүл дүниеге таны­тып, жаһандық аренада әйгілеп жүр­ген дарынды жігіттің бойында, жүрегін­де ұлтқа, Отанға деген шексіз махаббат пен патриоттық рух шын мәнінде ас­қақ­тап һәм атқақтап тұр. Өре­лі өнерімен үнемі елінің мерейін тасы­тып, абыройын асқақтатып жүр. Отан­ға адал қызмет етуді ғұмырлық парызы санайтын азаматтың бұлай буыр­қануы, ізденуі, жаңашылдыққа ұм­тылуы заңды да. Өйткені, Қанат – Тәуелсіздіктің түйдей құрдасы. Егемен елде өскен еркін ойлы азамат. Ол 1991 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Степ­няк елді мекенінде туған. Отбасында үш баланың кенжесі. Ертеңін елімен егіз бай­ланыстырған талантты жігіттің алға қойға мақсаттары да айқын һәм ауқымды.

– Алға қойып отырған үлкен жос­парларым бар. Соның бірі – «Сурет салу­дың 100 жаңа тәсілі» жобам аясында барлық туындыларымды топтастырып, халықаралық деңгейде ауқымды көрме ұйымдастырғым келеді. Қазірдің өзінде суретке хобби ретінде емес, түбегейлі бет бұрып, кәсіби түрде айналысуды көксеп жүрмін. Бұл, әрине менің жеке пікірім. Дегенмен, қазір біздің қоғам мұн­дай өнерді беріле қабылдай алмай­тын сияқты. Білерім, мен салып жүрген суреттер сату жағына келгенде өте жо­ғары сұранысқа ие болмай отыр. Сон­дықтан, өнерімді әзірге Назарбаев Универ­си­теттегі не­гізгі жұмысыммен қатар алып жүруге мәжбүрмін. Болашақта сурет салу­дың аталған тәсілі қанатын кеңге жайып, үлкен сұраныстарға ие болып жатса, сөзсіз, ойланбастан өнер жолын таңдар едім. Өйткені өнерің арқылы еліңе қызмет етіп жатқандығыңды сезіну­ден асқан бақыт жоқ. Тәуелсіздіктің төл перзенті ретінде бойымдағы бар та­лант-қабілетіммен еліме қалтқысыз қыз­мет етуді – ғұмырлық, азаматтық пары­зым деп білемін.  «100 жаңа есім» жобасына қатысып, жеңімпаз ата­нуым да маған осыны айқын ұғындырды. Үлкен жауапкершілік жүктеді. Алдағы шығар­машылық мақсат-армандарыма даңғыл жол ашып берді деп сеніммен айта аламын. Менің ендігі тілегім – елім­нің ер­теңі үшін аянбай еңбек ету, өлмей­тін өнер тудыру, – деп жас талант алысқа, тым алысқа ойлана көз тікті. Қанаттың от­ты жанары мен нық шыққан жалынды үні­нен оның өнерге ғана емес, Отанға деген шексіз махаббаты да айқын көрініп тұрды. Ендеше қанатың талмасын, Қанат!