Қоғам • 04 Маусым, 2020

Талпақтанауға наразылық күшейіп тұр

334 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жақында Павлодар қаласының тұрғыны, журналист Бейбіт Бөжен өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына «Үміт апаның аруағын қорлатып қоямыз ба?!» деген тақырыпта жазба жариялаған болатын. Мәселенің мәнісі былай. Жергілікті «Рубиком» кәсіпорны он жыл бұрын Павлодар қаласының іргесінде тұрған Үміт апа ауылы­на жақын аумақта шошқа фермасын салған.

Талпақтанауға наразылық күшейіп тұр

Жақында аталған кәсіпорын жекеменшік жер аумағында фермаларын кеңейту жобасы бойынша Мичурин ауылдық округінің тұрғындары үшін онлайн режімде қоғамдық тыңдау өткізген екен. Яғни 1200 мегежінге арналған екі қора салмақ. Ауылдық округ әкімі Оралбек Көпенов тұрғындарға онлайн режімде қоғамдық тыңдау өте­тіні туралы хабар берілгенін, округте 2 мыңнан астам адам барын және жоба тиісті органдарда бекітуден өткенін алға тартады. Бірақ нәжістің иісі тұрғындарға қолай­сыз екенін жасырмайды. Соны­мен қатар жобаның жүзеге асуы­на адам­дардың бір бөлігі қарсы болса, екін­шілері қолдайтынын жеткізді.

«Бағдарлама бойынша олар жер алған, қора салған. Енді соның жанына тағы баз салып жатыр. Негізгі жұмыстары он жыл бұрын басталған. Қазір шарушылықты кеңей­ту үстінде. Біздің ауыл қала­дан 20 шақырымда. Ал жаңағы шаруа­шылық ауылдан 3 шақырым қашықтықта. Заң бойынша оның ара қашықтығы 2 шақырым болуы керек. СЭС-тің, экологтардың қарауы бойынша олардың ісі заңды. Менің бұл жақта әкім болғаныма көп болған жоқ, бертінде ғана келдім. Бірақ бұл мәселеден хабарым бар. Ауылдан алыс орналасқандықтан қорадан шығатын иіс қырға қарай бағыт­талады», дейді Мичурин ауыл­дық округінің әкімі Оралбек Көпенов.

Ол онлайн режімде өткен қоғамдық тыңдауды электронды қатынасқан адамдар ғана тыңдағанын тілге тиек етті. Жазба авторы Бейбіт Бөженнің сөзінше, тыңдауға жетпістен астам ғана адам қатысқан. Үміт апа мешітінің имамы Ермұрат қажы бұл жобаның жалғасуына қарсы.

«Біздің ауылда негізінен қазақ­тар, мұсылман қауымы тұрады. Атал­ған фермада қазақтар жұмыс істемейді. Бұл харам нәрсе. Менің­ше, мұсылмандық тұрғыдан бұл дұрыс емес, халық қарсы. Біздің тағы бір өтінішіміз, айналамызға нәжісін төкпесе екен. Ауылға Үміт апа атын бергеннен кейін атына сай болып, тазалық сақталу керек. Осының барлығын ел болып қолдаса деген ниеттеміз», дейді ол.

Ал ауыл тұрғыны Бақыт Рахмет­ол­лақызы мұнда тұратындардың 99 пайызы қазақтар екенін айтады.

«Бір шошқа орта есеппен 10 бас торай туатынын, ал 1200 бас бір жылда неше торай туатынын санай беріңіз. Ол ертең өседі, оның ішек-қарынын қайда жібереді? Біздің ауыл халқының 99 пайызы қазақтар. Басқа ұлт өкілдері де қарсы. Құрылысқа біздің басшылар рұқсатын беріп отыр. Енді кеңейтеміз дейді. Ауыл іргесіне салынғандықтан, ол жағын кішкене ойластырмай ма, қай жерге салып жатыр, қандай зияны бар деген сұрақтарды қарау керек қой. Қағаздарын көрсетеді бізге, біз оны ұқпаймыз, білмейміз. Бәріне айтып жатырмыз, жазып жатырмыз», олар құлақтарына бірдеңе киіп алған, ештеңе естімейді, дейді Бақыт Рахметоллақызы.

Сонымен бірге ол шаруашылық­тан шыққан жағымсыз иіс бұрқы­рағанда өзімізді қоярға жер таппаймыз дейді.

«Мына иісі бұрқырағанда жанымызды қоярға жер таппаймыз. Бұдан былай тіпті шошқаның астында қаламыз. Сол мәселені көтеріп жатырмыз. 26 мамыр күні онлайн режімде отырыс өтті, ауыл тұрғындары қатыса алмай қалды, өйткені бізде интернет ұстамайды. Оған басшылар басын ауыртқан жоқ. Әйтеуір болды деп есептелді. Мен өзім қатыстым. «Рубиком» кәсіпорнынан үш кісі болды. Мичурин, Черноярка ауылдарынан екі-үш адам қатысты. Солар ғана сөйледі. Болды. Негізінде, біз бұл мәселені осыдан 8 жыл бұрын көтергенбіз. Олар енді 42 гектар жерге шаруашылықтарын тіптен кеңейтіп жатыр. Бастапқыда дұрыс түсіндірмей, бара-бара ауылымызға жақындап алды. Жергілікті ауыл тұрғындары қой, сиыр, жылқы ұстайды. Мал шаруашылығымен айналысады. Бағатын жеріміз бар. Бар болғанымен, ертең жаңағы кәсіпорын орналасатын болса, олар мал бағатын жерлерге шошқаның нәжісін төгеді. Содан кейін ауа қалай ластанбайды? Біз барлығына түсіністікпен қараймыз. Мемлекетті азық-түлікпен қамтамасыз ету керек екенін де білеміз. Президент Қ.Тоқаев кәсіпкерлікті дамытып, шаруа­шылықты кеңейту керек екенін үнемі айтады. Бірақ осындай кие­лі жерлерді, қасиетті мекендерді лас­тау туралы айтқан жоқ қой. Әсі­ресе біздің жергілікті билік өкіл­дері осы жағын дұрыстап ой­лас­тырып, бізбен кеңесіп, түсін­діргенде мұндай жағдай болмас еді. Осы мәселе енді көтеріле бас­та­ғанда атқарушы директоры­нан бастап «Рубикомның» өкілдері маған келді. Ешқандай иіс шық­пайты­нын, қалдықтары, нәжістері тыңай­тылатынын айт­ты. Мен де оларға өзімнің пікірім­ді айттым. Олар «біз осыған миллион­даған қар­жы жұмсадық, көптеген шығын кетіп бара жатыр» дейді. Мен шаруаны бастамай тұрып, іргеде тұрған ауыл тұрғындарымен ақылдасып алу керектігін жеткіздім. Басқа ауыл­дармен ақылдасып, Үміт апа ауы­лын назарға ілмейтіндеріне нара­зылық білдірдім. Мамандардан сұра­сам жоба әлі бекітілмеген, бі­рақ құрылыс жұмыстары басталып ке­т­кен. Сол жағы түсініксіз», дейді ол.

Иә, жағымсыз иіс ауыл тұрғын­дарының тіршілігіне де кері әсерін тигізетіні айқын дүние. Тұрғын­дарды алаңдатқан тағы бір нәрсе, нау­қасқа шипа қондырып, елді емдеп, көпке көмек қолын созған Үміт Ақтанқызының атымен аталатын ауылдың маңынан осындай шаруа­шылықтың бой көтеруі. Үміт апа осыдан 16 жыл бұрын өмір­ден озған. Жиырма жылға жуық ем­шілік еңбек еткен. Сол кісінің емі дарып, сырқатынан сақайған адам­дар республиканың түкпір-түк­пірінен алақандай ауылға әлі күнге дейін ат басын бұрады.