Жақында аталған кәсіпорын жекеменшік жер аумағында фермаларын кеңейту жобасы бойынша Мичурин ауылдық округінің тұрғындары үшін онлайн режімде қоғамдық тыңдау өткізген екен. Яғни 1200 мегежінге арналған екі қора салмақ. Ауылдық округ әкімі Оралбек Көпенов тұрғындарға онлайн режімде қоғамдық тыңдау өтетіні туралы хабар берілгенін, округте 2 мыңнан астам адам барын және жоба тиісті органдарда бекітуден өткенін алға тартады. Бірақ нәжістің иісі тұрғындарға қолайсыз екенін жасырмайды. Сонымен қатар жобаның жүзеге асуына адамдардың бір бөлігі қарсы болса, екіншілері қолдайтынын жеткізді.
«Бағдарлама бойынша олар жер алған, қора салған. Енді соның жанына тағы баз салып жатыр. Негізгі жұмыстары он жыл бұрын басталған. Қазір шарушылықты кеңейту үстінде. Біздің ауыл қаладан 20 шақырымда. Ал жаңағы шаруашылық ауылдан 3 шақырым қашықтықта. Заң бойынша оның ара қашықтығы 2 шақырым болуы керек. СЭС-тің, экологтардың қарауы бойынша олардың ісі заңды. Менің бұл жақта әкім болғаныма көп болған жоқ, бертінде ғана келдім. Бірақ бұл мәселеден хабарым бар. Ауылдан алыс орналасқандықтан қорадан шығатын иіс қырға қарай бағытталады», дейді Мичурин ауылдық округінің әкімі Оралбек Көпенов.
Ол онлайн режімде өткен қоғамдық тыңдауды электронды қатынасқан адамдар ғана тыңдағанын тілге тиек етті. Жазба авторы Бейбіт Бөженнің сөзінше, тыңдауға жетпістен астам ғана адам қатысқан. Үміт апа мешітінің имамы Ермұрат қажы бұл жобаның жалғасуына қарсы.
«Біздің ауылда негізінен қазақтар, мұсылман қауымы тұрады. Аталған фермада қазақтар жұмыс істемейді. Бұл харам нәрсе. Меніңше, мұсылмандық тұрғыдан бұл дұрыс емес, халық қарсы. Біздің тағы бір өтінішіміз, айналамызға нәжісін төкпесе екен. Ауылға Үміт апа атын бергеннен кейін атына сай болып, тазалық сақталу керек. Осының барлығын ел болып қолдаса деген ниеттеміз», дейді ол.
Ал ауыл тұрғыны Бақыт Рахметоллақызы мұнда тұратындардың 99 пайызы қазақтар екенін айтады.
«Бір шошқа орта есеппен 10 бас торай туатынын, ал 1200 бас бір жылда неше торай туатынын санай беріңіз. Ол ертең өседі, оның ішек-қарынын қайда жібереді? Біздің ауыл халқының 99 пайызы қазақтар. Басқа ұлт өкілдері де қарсы. Құрылысқа біздің басшылар рұқсатын беріп отыр. Енді кеңейтеміз дейді. Ауыл іргесіне салынғандықтан, ол жағын кішкене ойластырмай ма, қай жерге салып жатыр, қандай зияны бар деген сұрақтарды қарау керек қой. Қағаздарын көрсетеді бізге, біз оны ұқпаймыз, білмейміз. Бәріне айтып жатырмыз, жазып жатырмыз», олар құлақтарына бірдеңе киіп алған, ештеңе естімейді, дейді Бақыт Рахметоллақызы.
Сонымен бірге ол шаруашылықтан шыққан жағымсыз иіс бұрқырағанда өзімізді қоярға жер таппаймыз дейді.
«Мына иісі бұрқырағанда жанымызды қоярға жер таппаймыз. Бұдан былай тіпті шошқаның астында қаламыз. Сол мәселені көтеріп жатырмыз. 26 мамыр күні онлайн режімде отырыс өтті, ауыл тұрғындары қатыса алмай қалды, өйткені бізде интернет ұстамайды. Оған басшылар басын ауыртқан жоқ. Әйтеуір болды деп есептелді. Мен өзім қатыстым. «Рубиком» кәсіпорнынан үш кісі болды. Мичурин, Черноярка ауылдарынан екі-үш адам қатысты. Солар ғана сөйледі. Болды. Негізінде, біз бұл мәселені осыдан 8 жыл бұрын көтергенбіз. Олар енді 42 гектар жерге шаруашылықтарын тіптен кеңейтіп жатыр. Бастапқыда дұрыс түсіндірмей, бара-бара ауылымызға жақындап алды. Жергілікті ауыл тұрғындары қой, сиыр, жылқы ұстайды. Мал шаруашылығымен айналысады. Бағатын жеріміз бар. Бар болғанымен, ертең жаңағы кәсіпорын орналасатын болса, олар мал бағатын жерлерге шошқаның нәжісін төгеді. Содан кейін ауа қалай ластанбайды? Біз барлығына түсіністікпен қараймыз. Мемлекетті азық-түлікпен қамтамасыз ету керек екенін де білеміз. Президент Қ.Тоқаев кәсіпкерлікті дамытып, шаруашылықты кеңейту керек екенін үнемі айтады. Бірақ осындай киелі жерлерді, қасиетті мекендерді ластау туралы айтқан жоқ қой. Әсіресе біздің жергілікті билік өкілдері осы жағын дұрыстап ойластырып, бізбен кеңесіп, түсіндіргенде мұндай жағдай болмас еді. Осы мәселе енді көтеріле бастағанда атқарушы директорынан бастап «Рубикомның» өкілдері маған келді. Ешқандай иіс шықпайтынын, қалдықтары, нәжістері тыңайтылатынын айтты. Мен де оларға өзімнің пікірімді айттым. Олар «біз осыған миллиондаған қаржы жұмсадық, көптеген шығын кетіп бара жатыр» дейді. Мен шаруаны бастамай тұрып, іргеде тұрған ауыл тұрғындарымен ақылдасып алу керектігін жеткіздім. Басқа ауылдармен ақылдасып, Үміт апа ауылын назарға ілмейтіндеріне наразылық білдірдім. Мамандардан сұрасам жоба әлі бекітілмеген, бірақ құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Сол жағы түсініксіз», дейді ол.
Иә, жағымсыз иіс ауыл тұрғындарының тіршілігіне де кері әсерін тигізетіні айқын дүние. Тұрғындарды алаңдатқан тағы бір нәрсе, науқасқа шипа қондырып, елді емдеп, көпке көмек қолын созған Үміт Ақтанқызының атымен аталатын ауылдың маңынан осындай шаруашылықтың бой көтеруі. Үміт апа осыдан 16 жыл бұрын өмірден озған. Жиырма жылға жуық емшілік еңбек еткен. Сол кісінің емі дарып, сырқатынан сақайған адамдар республиканың түкпір-түкпірінен алақандай ауылға әлі күнге дейін ат басын бұрады.