Халықаралық, республикалық көлік дәліздері туралы айтпағанның өзінде Жамбыл облысы орталығындағы кейбір көшелердің көне заманнан келе жатқандай елестейтіні шын. Тараз қаласындағы басты көшелердің бірі – Абай даңғылының жөндеуді қажет ететіні жыл сайын айтылады. Ал көп жағдайда бүгін салынған жолдың ертең тесіліп жатқанын көреміз. Оны қанша жамап-жасқағанмен, бәрібір сапаның сын көтермейтіні бірден көзге ұрып тұрады.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, өңірде автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің желісі 9989 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1152 шақырым – республикалық, 1987 шақырым – облыстық, 1188 шақырым – аудандық және 5662 шақырым жол ауылдық көшелерге жатады.
Жол саласына жалпы 30,2 млрд теңге бөлінген. Жыл басынан бері жалпы 122 жобаның іске асырылуына республикалық және жергілікті бюджеттерден 10,7 млрд теңге бөлінсе, қосымша «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 84 жобаға 2,4 млрд теңге қарастырылған. Аталған басқарманың басшысы Бақытжан Жәнібековтің айтуынша, жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ағымдағы жылдың қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автожолдардың үлесін 85 пайыздан 90 пайызға жеткізу межеленіпті. «Бұл тұрғыда облыс әкімі мен аудан әкімдері арасында, басқарма мен аудан әкімдері арасында межелері белгіленген тиісті келісімдер жасалды. Жол жөндеу жұмыстарының сапасы басты назарда. Бұл тұрғыда, сапаны жаңа құрылған «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мекемесі тұрақты тексереді. Бұған бюджеттен 66,6 млн теңге бөлінген. Бүгінде бірлесіп нысандарға шығу кестесі бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде», деді Б.Жәнібеков. Мәселен, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, былтыр аталған кәсіпорын 125 жерге зерделеу жүргізіп, 283 сынама алған екен. Нәтижесінде, 68 кемшілік анықталып, оларға ескерту берілген. Кейіннен олар жобаларды іске асыру барысында жойылған.
Бүгінде мемлекет тарапынан тиісті қаражат бөлініп, өңірде жүздеген шақырым жол салынуда. Дегенмен, салынғанына көп өтпей-ақ кейбір тұрғындар сапасының нашарлығын айтып шағымданып жатады. Өткен жылы ел Үкіметі тарапынан «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылған болатын. Аталған мекеме жұмыс пен материалдардың сапасына сараптама жүргізіп, жол-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін бақылайды. Яғни жолдың сапасына тексеріс жүргізеді. Бұл бір жағынан жұмыстың сапалы орындалуын қадағаласа, екінші жағынан бюджет қаражатын үнемдеуге үлес қосады. Жыл сайын бүлінген жерді жөндеуге қаражат бөлгенше, басынан бастап сапа мәселесін қадағалайды. «Жұмыстың да, пайдаланылған материалдардың да сапасын бақылау жұмыстары жаңадан құрылған сапа орталықтарына жүктеледі. Орталық тек республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы жұмыстар мен материалдар сапасына сараптама жүргізіп қана қоймайды, сонымен қатар жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекендердің көшелерін де қамтиды. Құрылған орталықтар мамандармен және қажетті жабдықтармен, сондай-ақ мамандандырылған жылжымалы зертханамен толық жабдықталған», дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» Жамбыл облыстық филиалының директоры Мырзахмет Ибрагимов.
2019 жылы аталған мекеме тарапынан 300 іссапар жасалып, 312 сынама алынған. Оның 4 үлгісі еліміздің сапа туралы және жобалық сметалық құжаттарына сәйкес келмей, 92 ескерту жасалыпты. «Алматы – Ташкент – Термез» тасжолының бірқатар шақырымдарында алынған үлгіде асфальт қалыңдығы жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес келмейтін болып шықты, 355-393 шақырымында төселген бетонның төменгі және жоғарғы қабатында жарықтар болған. Сонымен қатар «Алматы – Ташкент – Термез» тасжолының Қордай асуының айналма жолындағы асфальтбетон жабындысындағы ақаулары жойылмаған. Аталған көлік дәлізінің 350, 437 және 576-шақырымдарынан анықталған торлы жарықшақтар сияқты ақаулар қалпына келтірілмеген. «Жұмыс істеу барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бізді қолдап отыр. Әкім өңірде 21 асфальт зауытының бар екенін айтып, маған сол нысанның бәрін аралап шығуды тапсырды. Сонымен қатар абыройдың бәрімізге ортақ екенін жиі айтып, жұмысымызға қолдау білдіреді», дейді Мырзахмет Ибрагимов. Дегенмен, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының» жергілікті филиалының мәліметінше, орташа жөндеу бойынша да бірқатар кемшіліктер анықталған. Қордай ауданының аумағындағы «Бетқайнар – Соғанды» жолының 25-28 шақырымында мердігер компания резервтегі материалды пайдаланған болса, Т.Рысқұлов ауданы аумағындағы «Шолақ-Қайыңды – Тереңөзек» жолындағы жиектердің асты төмендетілген және ені жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес келмейтін болып шыққан. Сонымен қатар Жуалы ауданының аумағындағы «Б.Момышұлы – Көлтоған – Қошқарата – Қызтоған» тасжолының 15-33 шақырымында өндіріс технологиясы бұзылған. Талас ауданынан Мойынқұм ауданына қарай жалғасатын «Ақкөл – Ойық – Ұланбел» жолындағы жұмыстың жобалық-сметалық құжаттамадағы материалға сәйкес еместігі анықталған. Мұндай көптеген кемшілік талай жылдан бері «жыры» бітпей келе жатқан «Меркі – Шу – Бурылбайтал», «Алматы – Ташкент – Термез» және Ресей Федерациясының шекарасынан бері «Нұр-Сұлтан – Қарағанды – Алматы» бағытындағы автожолдарда да кездеседі екен.
Ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз жүруінен жергілікті маңызы бар автожолдардың мерзімінен бұрын тозуы басты мәселе болып тұр. Әсіресе «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойынан жүк тиеген ауыр жүк көліктерін жиі кездестіруге болады. Жамбыл облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, бұл тұрғыда осы жылдың үш айында облыстық көліктік бақылау инспекциясымен бірлескен рейдтерде 1872 автокөлік тексерілген. Нәтижесінде, 360 әкімшілік хаттама толтырылып, иелеріне 9,5 млн теңге айыппұл салынған. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесе отырып, жүкті автожолдар арқылы тасымалдайтын 50 кен орынының иелерімен жер қойнауын пайдалану туралы келісімшарт жасалды. Рұқсат етілген жүктемеден асатын жүк тиеуге тыйым салатын қосымша келісімдер бар. Соның ішінде, заң бұзушылықтар жылына 2 рет қайталанған жағдайда жер қойнауын пайдалану келісімшартын біржақты бұзу шаралары да қарастырылған», дейді Б.Жәнібеков. Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің тарапынан Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың атына HOWO, SHACMAN және тағы да басқа Қытай өндірісінің өзі аударғыш жүк көліктерінің карьерлерде жүк тиеу мен тасымалдауға арналған көліктер екенін алға тарта отырып, бұл жүк көліктерінің жалпы пайдаланымдағы автожолдарда жүруіне заң жүзінде тыйым салу талаптарының қабылдануына ықпал жасау бойынша хат та жолданған екен. Әйтпесе жаңа салынған жолдың тез бүлініп, тозу көрсеткіші арта бермек. Жолды жауапсыз салған мердігерлердің де әрекеті әшкере болып, кемшіліктер анықталса, олар да жол салуда жауапсыздықтың жүрмейтінін түсінер еді.
Жамбыл облысы