04 Қазан, 2013

Абылай хан және Ахмад шах

930 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

(XVIII ғасырдағы қазақ-ауған қатынастары хақында)

Қазақ хандығының оңтүстігінде XVIII ғасырдың ортасында Иран империясын ауыстырған жаңа Ауған мемлекеті дүниеге келгені тарихтан белгілі. Тәуелсіз мемлекет бастау­ында тұрған абдал тайпалары өз атауын дуррани (інжу-маржан) деп өзгертсе, Ахмад дурр-дурран (інжу-маржанның асылы) деген атаққа ие болады. Содан Ахмад шах 1750 жылы бүкіл ауған жерін бағындырып, 1750-1754 жылдары Хорасанды, Панджабты, Кашмирді, кейбір өзбек иеліктерін жау­лап алып, 1761 жылы Дели қаласына жақындайды. Дуррани державасы алып мемлекетке айналып, Орта Азия, Иран, Шығыс Түркістан елдерін Оңтүстік Азия мемлекеттерімен байланыстыратын ірі сауда-саттық торабын иеленді.

(XVIII ғасырдағы қазақ-ауған қатынастары хақында)

Қазақ хандығының оңтүстігінде XVIII ғасырдың ортасында Иран империясын ауыстырған жаңа Ауған мемлекеті дүниеге келгені тарихтан белгілі. Тәуелсіз мемлекет бастау­ында тұрған абдал тайпалары өз атауын дуррани (інжу-маржан) деп өзгертсе, Ахмад дурр-дурран (інжу-маржанның асылы) деген атаққа ие болады. Содан Ахмад шах 1750 жылы бүкіл ауған жерін бағындырып, 1750-1754 жылдары Хорасанды, Панджабты, Кашмирді, кейбір өзбек иеліктерін жау­лап алып, 1761 жылы Дели қаласына жақындайды. Дуррани державасы алып мемлекетке айналып, Орта Азия, Иран, Шығыс Түркістан елдерін Оңтүстік Азия мемлекеттерімен байланыстыратын ірі сауда-саттық торабын иеленді.Дуррани империясы 2 100 мың шаршы шақырымға созылып, Франция, Италия, Испания және Ұлыбританияны бірге қосқандағы ауқымынан да асып түсті. Замандастарының пікірінше, Ахмад осынша елді 80 мың тұрақты, 200-300 мың жинап алынған жалдамалы әскер, 2 мың жеңіл және 40 ауыр зеңбірек күшімен бағындырды. Ауғандықтар артиллериялық қарудан басқа атқан оғы 1 шақырымға жететін «эраде-бан» ракеталық қондырғыларын пайдаланды [Армия и военная система шахов Дуррани / Ю.В.Ганковский // Индия и Афганистан. Очерки истории и экономики. – М.: Издательство Восточной литературы, 1958. -С.62,70-71]. 1760 жыл­дары Ауғанстан мемлекетінің, оны билеуші Ахмадтың ең күшейген кезеңі еді. Осы тұста оның мемлекеттік мүд­десі шығыстағы келесі бір алып ел Қы­тай­мен тоғыспай қалды. Оның негізгі себе­бі, Қытайдың Жоңғар мемлекетін жер бетінен жойып, әскери күштерін оң­түстік-батысқа, мұсылман елдеріне қарай бағыттауы еді.

Орталық Азиядағы саяси-эконо­ми­калық ахуал түбірімен өзгеріске ұшы­рады. 1756-1757 жылдары қазақтар, 1758-1759 жылдары қырғыздар, өз­бек­тер қытай әскерлерімен бетпе-бет соғысты. Қазақ үшін тығырықтан шы­ғар жолды іздеген Абылай хан «Ата-бабамыз Есімхан мен Жәңгірханнан бері Жүңгомен хабарласа алмадық», дей келе, ендігі жағдайда ортақ келісімнің маңыздылығын Қытай патшасына жолдап, қазақ-қытай байланыстарының жаңа кезеңін қалыптастырды [Тарихи зерттеулер: Шежірелік деректер / Н.Мұ­­қа­­метқанұлы. – Алматы: Жалын, 1994. - 66-67 б.]. Қытайлықтар осы сәт­те бір ке­зеңде Жоңғарияға бағын­ған Шығыс Түркістанда да батыл қи­мыл­дай бас­тады. Ш.Уәлиханов Қаш­ғар­ға саяхатында «Батысында Болор қыраттары және Тянь-Шаньмен, оңтүстігінде Куен-Лунмен, шығысында моңғолдық Гоби шөлімен шектелген аумақтың әлі күнге белгілі бір атауы жоқ. Елдің шығысында бұл жерлер АлтышаҺар – алты қала, Ұйғырстан, немесе Қашғар деп аталса, Еуропада ол Кіші Бұхария, Шығыс Татария, Шығыс немесе Қытай Түркістаны атымен белгілі, кейде Қашқария деп те атайды» деген тоқтамға келген-ді [Қашғарға сапар ұйымдастыру туралы жазбалар // Көп томдық шығармалар жинағы / Шоқан Уәлиханов. – Алматы: «Толағай групп», 2010.Т.3. - 8б.].

Шығыс Түркістан маньчжур-қы­тай билеушілері үшін Орта Азияны бағындыру жоспарындағы плацдарм болды. Олардың жаулап алушылық әрекеттеріне бірден-бір қарсылық танытқан мұсылман дінінің өкілдері қожалар болатын. 1759 жылдың ба­сын­да Жихан қожа (бір деректе Жаһан­гир) Орта Азия мен Қазақстанға үміт ар­тып, адамдарын жіберген. Қожа ел­шілерінің Орта жүзге келгенін көрген орыс көпесі У.Сеюшев Жиханның таш­кенттіктермен келісімге келгенін хабарлайды. Қытайдың жоспарлы экс­пан­циясынан Ресей де шошынды. Сон­дықтан Орта Азиядағы мұсылман ха­лықтарының Қытайдың жаулап алушылығына қарсы басталған өзара келісімдерін пайдалану үшін Ресей барын салды. 1759 жылы Нұралы хан жанында болған капитан Тевкелев орыс үкіметіне «қытайлықтар «Яркендті, Қашқарды, Ташкентті бағындырды» деп естігендігін хабарлайды. Мұндай хабардан соң Ресей саясаткерлері қазақтарға «жаңа қорқынышты» жиі-жиі жеткізіп, оларды Қытайға қарсы дайындау үшін «способным человекам немедленно и через то взять бы повод по условию с ним ханом о подвижении киргизов противу китайцев и мунгалов» деген шешім шығарып адамдарын қазақ хандарына аттандырады [ОРОММ. 3 қ., 1т., 52 іс, 1, 13п.].

1759 жылы жаз айларында қазақ даласына жоғарыдағы тапсырмамен келген М.Арапов Әбілмәмбет, Абылай хандарға Шығыс Түркістаннан жаңа елшілердің келгендігін хабарлап, «қожалар ханнан қолдау сұрады. Қазақ билеушілері өтінішті қабылдағанымен, «алдымен ұйғыр бектері өзара қыр­ғын­ды тоқтатып, келісімге келсін» де­ген талап қойғандығын анықтайды [Меж­дународные отношения в Центральной Азии в XVII – пер. половине XIX в. / Б.П.Гуревич. - Второе, дополненное издание. – М.: Наука, 1983. - С.181-182].

Қазақтардың мұндай талабы заңды саналды. Өйткені, Шығыс Түркістанды билеген қожалардың өздері 1755 жылдан бастап екіге бөлініп, өзара талас­ты қыздырған еді. Ш.Уәлихановтың анықтауынша, қожалардың бір тобы «ақтаулықтар» ұлттық еркіндікті қол­даса, екіншілері, «қаратаулықтар» қы­тайлар жағына шыққандар болатын.

Ақыры қожалар Шығыс Тү­р­кіс­таннан күшпен ығыстырылып, мұнда толықтай Қытай билігінің орнауы көр­ші мемлекеттерге әсерін тигізді. Оны Құлсары батырдың «Қытайдың жос­пары Үлкен Бұхара мен Хиуадан әрі қарайғы жерлерді басып алу болды» деген түйіні айғақтайды [РИССМ. 122 қ., 122/1 т., 1760, 4 - іс, 73 п.]. Осындай аса күрделі кезеңде, шығыстанушы В.С.Кузнецов, Абылай ханның Қоқан билеушісі Ердене би, қырғыздар, ұйғыр бектерімен өзара байланыстарын жазғанымен, оның Қытаймен қарым-қатынасты шиеленістірмеуге аса үлкен мән бергенін көрсетеді [Империя Цин и мусулманьский мир (К вопросу о мусульманской реконкисте е Центральной Азии) (электрондық ресурс) / В.С.Кузнецов //Мусульманский мир Восточного Туркестана.Uighur.narod.ru/uigur2/article29b.hкопия ]. Міне осындай сәтте Дуррани империясының шахы Ахмад пен қазақ хандарының, Орта Азия хандықтары арасындағы дипломатиялық қатынастардың ерекше күшеюі заңды еді. XVIII ғасырдың 60-жылдарының басында-ақ Абылай хан Орта Азияның билеушілеріне, Ахмад шахқа елшілер жіберіп, Қытай экспансиясына жол бермеу мәселесін көтерген. 1762 жылы Ауған шахы қазақтың бас ханы Әбілмәмбетке жолдаған хатында Абылай ханның жағдайды талдаған хатымен таныс екендігін, соның әсерімен Қытайға елшілік жіберетіндігін ашық айтады. Әбілмәмбет ханның хатшысы Бабазянның Абылайға жеткізген хатымен орыс тыңшысы Ф.Гордеев те танысып үлгереді. Тыңшының 1763 жылы 3 қазанда Ресейге жолдаған хатында Абылай мен өзге билеушілердің Ахмадқа Бадахшанда өлтірілген қожалардың ұлдарын жіберіп, көмек сұрағандығы белгілі болады. Содан шах қолдау білдіріп, қожаның ұлдарын әкелері орнына тағайындап Қашғарға кейін қайтарған екен. Осындай келісімдерден соң Ауған шахы өз елшілерін Қытайға аттандырады.

Ауған елінен хабар алған Қытай патшасы 1762 жылы 18 қарашада арнайы бұйрығымен шекара басшыларына «ауғандықтардың алғашқы елшілігі екендігін, олардың үлкен әрі біртұтас мемлекеттігін» ескертіп, олар­ға ерекше құрмет көрсетуді тапсы­рады [Международные отношения в Центральной Азии. XVII-XVIII вв. Документы и материалы. Книга 1-2. – М.: Наука, 1989. - №215, 219]. 40 адам­нан тұратын ауған елшілігі Құтшы­мыр ханның басшылығымен 1762 жыл­дың күзінде Қытайға барып, Цин им­периясының Орталық Азияның Солтүстік-батыс аймағындағы жаулау­шылық саясатына қарсылық білдіреді. Осы елшілік Пекинге бара жатқанда және 1763 жылы көктемде қайтар сапарында қазақ хандарын, ел игілерін қосып, Ахмад шахтың жоспарымен таныстырады. Ауған басшысы тағы да Абылайға арнайы хат жолдайды. Хатында соғыс бола қалған жағдайда әскери одақ құру, Қытай әскерлеріне азық-түлікпен, көлікпен көмектеспеу жөнінде ашық айтылған [РИССМ 27 қ., 27/1 т., 1763-1766, 1-іс, 27-п].

1763 жылдың алғашқы жартысында Ахмад шах Цин империясымен соғысқа шынымен-ақ әзірлік жүргізіп, қазақ даласына, Хиуа, Бұхара және Қоқанға әскери одақ құру ниетімен жаңа елшіліктер жібереді. Ауған мәселесінде қазақ билеушілері ішкі бірлікті сақтады деуімізге әбден болады. Ауған елшілері Әбілмәмбет хан арқылы Кіші жүз ханы Нұралыға да хабар салып, соғыс бола қалған жағдайда әскеріне көмек алуды жоспарлаған. Егер азық-түлік, жылқылармен көмек көрсетілсе мол алтын, күміс төленетіндігі жөнінде уәде де берілген [КРО-1, С.670-671].

Қазақтың бас ханы Әбілмәмбет «жасының үлкендігіне қарамастан» Нұралы ханмен үнемі байланыс ұстаған. Тіпті, Нұралы хан адамдары ауған елшісі Құтшымырмен кездесіп, одан Қытай патшасынан Ахмадқа елшілер шыққандығымен хабардар болған. Араға уақыт сала Әбілмәмбет хан Байтұрған бастаған елшілігін Ахмадқа жібереді. Осы тұста Қоқан билеушісі Ердене де ауған елшілерінің келіп, өзара көмек мәселелерін талқылағанын Абылайға хабарлайды. 1763 жылы жазда Ердене бек елшілері Әбілмәмбет ханға да келген [Международные отношения в Центральной Азии. XVII-XVIII вв. Документы и материалы. Книга 1-2. –М.: Наука, 1989. -№222,223]. Көп ұзамай Әбілмәмбет хан қазақ-ауған мәселелерін талқылау үшін үш жүздің белді тұлғаларын қосқан кеңесті Түркістанда ұйымдастырған. Құлсары батырдың анықтауынша оған 6 мың адам жиналған. Кейін белгілі болғандай көпшілік Ауған-Қытай арасында соғыс бола қалса, қазақтар Ахмад шахты қолдайды деген шешім қабылдаған [РИССМ 122 қ., 122/2 т., 1762-1775, 14 іс, 198 п.; Из истории Казахстана XVIII века (О внешней и внутренней поли­тике Абылая) / Р.Б.Сулейменов, В.А.Мои­сеев. –Алма-Ата: Наука, 1988. –С.104-105].

1763 жылы қазақ даласында болған орыс тыңшылары көпес­тер М.Возмилов, Кузнецовтар Сұлтан­мәмбет сұлтан және Құлсары батырмен кездесіп, Қазақ хандығының ауғандармен арадағы байланысын айқын сезінген. Дегенмен, олар Абылай ханның Қытайға да елші жібергендігін де анықтайды. 1764 жылы 15 наурыз­дағы Сібір шебі әскерлерінің қолбасшысы И.И.Шпрингер есебінен Санкт-Петербургке Абылай сұлтанға 20 адамнан тұратын ауған елшілігінің келгендігі белгілі болады. Ахмад шах­тың Абылайға жазған хатында Цянь­лунға құрамында 40 адамы бар елшілік жібергені және оған: «Боғдыханның мұсылман дініндегі халықтар мен Қаш­ғар, Жаркент секілді басқа да осын­дай елдерге билік жүргізуге ешбір құ­қы жоқ», – деп ескерткені жазылған [РИССМ 122 қ., 122/2 т., 1763, 2-іс, 8-п].

Мұның барлығы қазақ билеу­шілерінің Қытайдың жаулап алушылық саясатын дипломатиялық жолмен шешуге ұмтылғандығын және оны жүзеге асыру үшін көршілес мұсылман елдерімен тығыз келіссөз жүргізгендігін дәлелдейді. Сол кезеңге дейін екі алыптың – Ресей мен Қытайдың ортасында ел тәуелсіздігін сақтау жолында көп векторлы бағыт ұстанған Қа­зақ хандығы қиын-қыстау сәтінде күшей­ген Ауған шахымен де саяси дипло­матиялық қатынас орнатты.

Қазақтар Қытай бағытын да ұмыт­пады. 1762 жылдың қыркүйегінде Абы­лай ханнан Дәулеткерей сұлтанның, 1763 жылы ақпанда батыс қазақ Үр­геніш елшісі Сейітқұл, Кіші жүзден Нұралы ханнан Үкібас Болаттың, 1764 жылы сәуір айында Әбілмәмбет ханнан Қанжығалы бастаған 22 адамның Қытай патшасымен кездесуі біртұтас мемлекеттілікті сақтаудан туындаған қадамдар болатын. Бір қызығы, қазақ елшілерімен бірге 1763 жылғы сапарда Қоқан елшісі Бабашық, ұйғырлардан Әшімбек, Әкебектер еріп барған. 1763 жылы ақпанда Нұралы ханға жолдаған Ежен патшаның хатынан Бадахшан, Қоқан, Бұйрат, Орта жүздің қазақтарының бірлескен саясаттарын байқауымызға болады [100 құжат (Қазақ хандығы мен Чиң империясы арасындағы қарым-қатынастарға байланысты құжаттар). –Алматы: Санат, 1998.- 58, 62-65 б.]. Қытайдың келесі бір дерегінде 1763 жылы 11 ақпанда «Ауған елшісі Қожа-Мирхат, Бадахшан елшісі Абдул-Хамза, Қоқан елшісі Бабашық, Батыс Қазақ Үргеніш тайпасының елшісі Сейіткерей, Кіші жүз тайпасының елшісі Үкібас, Болат және «Хуэй бу» Қашғар қалаларының үшінші дәрежелі әкім-бегі Ақбек қатарлылар патшаға сәлем беру үшін «У мэнь» -нің алдында патшаны күтті», ал 1763 жылы 17 ақпанда аталған елшілерге қонақасы берілді, 1763 жылы 21 ақпанда елшілер құрметіне арнап арнайы әскери шеру өткізілді деген жолдарды кездестіруге болады [Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. II том. Сұңғатай С., Еженханұлы Б. Тарихи-мәдени жәдігерлер. –Алматы: Дайк-Пресс, 2005. - 60-61 б.]. Сонау алыстан Кіші жүзден келген елшілерді Қытай кеңсесі «Оң бөлік қазақ Кіші жүз Нұралы», «Оң бөлік қазақ Кіші жүз Батыр», «Оң бөлік қазақ Үргеніш», деп бөліп жазып, «оларды бізге бағынушылар» деп анықтағанымен қазақтар үшін басты мақсат өзінің бірлігін көрсету, сауда-саттық жасау, сенімді дипломатиялық келісім орнату болатын. Қазақтар осы жолы тек өз бірлігін ғана дәлелдеп қоймады, сонымен бірге өзімен көршілес мұсылман елдерінен де елшілерді ертіп келді. Әрине олардың ішінде ауған елшілерінің бірге болуы көзі қарақты Қытайға әсер етпей қоймады. Қытайлықтар да олардың мұндай өзара келіскен қадамдарына әрдайым қауіптене қарады. Мәселен, Абылай хан мен Ердене бек арасындағы елші алмасуларды естіген бойда «Соған қарағанда бір-бірімен астасуы бар көрінеді. Жансыз салу арқылы олардың арасына қызғаныш түсіру керек» деген тапсырмалар берілген [100-құжат... 65-66 б.]. Қытай патшасы Ахмад елшілерінің «мұсылмандарды қорғауына» менменси қарағандай сыңай танытты. Елшілік сапарын саралаған орыс тыңшылары кейін «ауған елшісі лайықты қабылданбады», Қытай ешкімнен қорықпайтындығын мәлімдеді деген қорытынды жасайды. Қытай елінің мәлімдемесіне қарамастан Ахмад шах мұсылман елдері билеушілерімен бірлесіп болашақ соғыс мәселесіне дайындықты жалғастырған. Шах қазақ хандарына қайта-қайта елші салып соғысқа қажетті азық-түлік, жылқылар әзірлеуді тапсырған. Тыңшы Қ.Қазанбаевтың хабарына сенсек, мұсылман елдері шахтың ұсынысын қолдаған. Араға уақыт сала орыс тыңшылары «соғыс шамамен 1764 жылы көктемде басталады, шах 100 мың әскерді дайындап, Бұхара шекарасына орналастырды» деген ақпаратты Ресейге жеткізеді.

1764 жылы тамыз айында ұйғыр бектерінің шахтан Қытайдан қорғануға көмек сұрағаны дәлелденеді [Международные отношения в Центральной Азии в XVII – пер. половине XIX в. С.185-188]. Осындай түрлі хабарларға қарамастан мұсылман елдерінің қытаймен арадағы шиеленісі соғысқа ұласпады. 1764 жылдың аяғында Ауғанстанда болған орыс елшісі Б.Асланов Қытай бағытына ауған әскерінің аттандырылмау себебі Үндістан сикхтарымен болған соғыста шах қолбасшысы Жиханның 60 мыңдық қолының жеңілуі деп анықтады [Миссия Богдана Асланова в Афганистан в1764 году / Ю.В.Ганковский // Советское востоковедение. -1958.-№2.-С.83-85].

Сонымен, Орталық Азиядағы мұсылман мемлекеттерінің Цин империясымен текетіресі бейбіт түрде шешілді. Қанды қырғынды қазақ та, өзбек те, қырғыз да қаламады. Соның жолында жасалған ішкі келісімдер мен дипломатиялық қарым-қатынастар әсерімен Қытай Шығыс Түркістаннан әрі аса алмады. Ауғанстанды арқа тұтқан азиялық елдердің 1760 жылдардағы бірлескен саясатын кезінде Ш.Уәлиханов «орта азиялық билеушілер біраз уақытқа өзара талас-тартысты ұмытып, одақ құрады, оның басшылығына Қандағардың билеушісі Орталық Азияның ең қуатты билеушісі, Дуррани әулетінің негізін қалаушы Ахметті сайлады», «бұл одақ еш нәтижесіз аяқталды, дегенмен оның маңызы, Қытайдың өз шекарасын жоңғарларға тәуелді болған Ташкент, Сайрам, Созақ пен Түркістанға дейін таратпақ болған пиғылы тоқтатылды» деп бағалаған-ды [Қашқарға сапар ұйымдастыру... 138-139 б.]. Шоқанның пікірінің дұрыстығын бүгінде қырғыз тарихшылары да толығымен қолдайды [История кыргызов и Кыргызстана: Учебник для вузов /Отв. ред.акад. В.Плоских; НАН КР, Кыргызсо-Славянский университет. -4-е изд. Доработ.. –Бишкек: Илим, 2003.-С.150].

Мұрағаттық құжаттар және мәселемен терең таныс жоғарыдағы зерттеушілер өзара келісімнің 1760-1765 жылдар аралығында жүзеге асқанын және бірлескен дипломатиялық саясат арқылы соғыстың тоқтатылғандығын дәлелдейді. Мұның өзі де сол заман үшін үлкен жеңіс болатын. Ал қазақ, өзбек, қырғыз, ұйғыр бауырларына қолдау көрсетіп, елшілік аттандырған, Қытай назарын аудартып, Абылай ханмен сенімді байланыста болған Ахмад шах тарихта «мұсылмандарды қорғаушы» ретінде қалды. Ал қазақ билеушілерінің, соның ішінде Абылай ханның көрші елдермен жүргізген сарабдал саясаты XVIII ғасырда біртұтас елдікті, мемлекеттілікті, ұлтымызды сақтады. Қазіргі таңда екі мемлекет арасындағы осындай сенімді қарым-қатынастар тарихы өз зерттеушілерін күтуде. Бүгінгі мемлекеттік деңгейдегі ұлт тарихына деген жаңа көзқарас пен шетелдерден әкелініп жатқан мыңдаған құжаттар бұл мәселеде де жаңалықтар мен тың тұжырымдар жасауға көмектеседі деген сенімдеміз.

Әбілсейіт Мұқтар,

тарих ғылымдарының

докторы, профессор.

Соңғы жаңалықтар