Аймақтар • 04 Маусым, 2020

Саяжайларды атты полицейлер күзетуде

190 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Екі айға жуық Петропавлдың саяжай қоғамдарын қалалық Полиция басқармасының Жергілікті полиция қызметі бөлімі кавалерия взводының қызметкерлері күзетуде. Карантин шектеулері алынуына және ауа райының жылынуына байланысты күзет бағыттары көбейді.

Саяжайларды атты полицейлер күзетуде

Қазір «Заречный» мен «Новопавловка» кенттеріндегі барлық саяжай қоғамдары атты әскер күзетінің ауқымына енді. «Олардың міндеті – бау-бақшаларда жаяу және автопатрульдердің өтуі қиын аймақтарда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету. Ұрлық болдырмау үшін олар саяжай қоғамдарының төрағаларымен және күзетшілерімен байланыс жасайды, бөгде адамдарды назарға алады, түрлі құқық бұзушылықтарға жол бермеу бойынша саяжайшылармен профилактикалық әңгіме жүргізеді», дейді СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаев.

Кейбір саяжайшылардың қалдықтарды, қау шөптерді жағуы үрей туғызады. Бір-екі күн бұрын «Веснянка» қауымдастығына өрт сөндіру жасақтарын шақыртуға тура келді. Саяжай иесі былтырғы қураған шөпті жағамын деп үй-жайсыз қала жаздады. Сонымен қатар, полицейлер саяжайшылардың тыныштығын бұзатын маскүнемдерді де ұстап, тиісті жерге жеткізеді. Жұмыстың тағы бір бағыты – абаттандыру қағидаларын сақтау, стихиялы қоқыс орындарының пайда болуына жол бермеу. Кавалеристер осындай фактілерді саяжайшылармен және қауымдастық төрағаларымен бірлесіп тексереді.

Саяжайшылар өздерінің тыныштығы мен саулығын күзетіп жүрген атты полицейлерге риза. Балалар да олардың қылығын қызықтап, кейде атқа мінгізуді өтініп жүреді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше