Аталған «Сандель» шаруа қожалығы аквамәдениетпен 2005 жылдан бері айналысып келеді. Инкубациялық цехта кәсіпорын 100 миллион дана дернәсіл мен 10 миллион дана шабақ өндіреді. Шаруашылық басшысы Дилмурат Хусаин-Ахунов екі жыл ішінде дернәсіл өндірісін 150 миллион данаға дейін және бір жыл ішінде шабақ өндірісін 15 миллион данаға дейін ұлғайту көзделуде екенін айтты. Мұнда бүгінде балық тәлімбақтарын қалпына келтіру шаралары қолға алынуда екен. Ол бойынша тоғандар саны артып, инкубациялық цех жаңғыртылады. Сонымен қатар, құрама жем зауыты салынады. Басқосуда Бердібек Сапарбаев аймақтағы балық шаруашылығын дамытудың маңызы зор екендігін, бірақ, өкінішке қарай, экономиканың бұл саласына тиісті назар аударылмайтынын, кейінгі уақытта ол дамуын тоқтатып қана қоймай, құлдырап бара жатқанын да атап өтті. Қазіргі таңда облыс бойынша жылына 1000 тонна балық өндірілсе, ал Кеңес кезінде бұл көрсеткіш шамамен 5000 тоннаны құраған. Сол себепті ол өңірдегі импортқа тәуелді саланың бірі болып қалуда.
Бір кездері Жамбыл облысы ірі балық өндіруші өңірлердің бірі болғаны белгілі. Ал, бүгінде Балқаш көлінен шамамен 700 тонна балық ауланып, ауылшаруашылық кәсіпорындарымен тағы 300 тонна алынады екен. Алайда, бұл өте аз болғандықтан, балық шаруашылығы қайта экономиканың маңызды салаларының біріне айналуы тиістігі де айтылды. «Мемлекет алға дамып келеді. Мал азықтарын субсидиялауға ақша бөлінуде. Бірақ мәселелер әлі де бар. Облыста балық өсірумен тек 60 шаруашылық айналысуда десек, олардың бесеуі ғана ірі құрылым болып саналады. Тауарлы балық өндірісінің көлемін арттыру керек. 2021 жылы бұл тұрғыдағы өсімді 2400 тоннаға, 2022 жылы 3000 тоннаға, 2025 жылы 3500 тоннаға дейін жеткізу қажет», деді Бердібек Сапарбаев.
Өткен жылдан бастап ауылшаруашылық құрылымдарына соңғы 10 жылда алғаш рет мал азығы үшін субсидия төлене бастады. Мәселен, былтыр шаруаларға шамамен 8 миллион теңгеге субсидия төленген болса, биыл қаржыландыру көлемі 10 миллион теңгеге жетпек. Бұл ретте Бердібек Сапарбаев жауапты ведомстволарға балық шаруашылғы саласын дамыту жобасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар, технологияны дамыту және аграршылардың білімі мен практикалық тәжірибесін арттыру мәселелері де қарастырылды. Семинар барысында саланы дамытудағы кездесіп отырған өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары жан-жақты талқыланды. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын жолдап, ұсыныстарын білдірді. Негізінен жиыныға қатысушылардың дені су тапшылығына қатысты шағымданып, өзендер мен көлдердің түбін тереңдету жұмыстарын жүргізуді талап етті. Сондай-ақ, олар балық аулау мерзімдерін өзгерту қажеттігін жеткізді.
Жамбыл облысы