Мемлекеттік саясатқа сай уақыт ағымы мен елімізде аршындай алға басып келе жатқан қаланың бірі – Талдықорған. Жетісудың кіндік қаласы экономикалық тұрғыдан өскен сайын өзге салалары да дамыған үстіне дами түсуде.
Мемлекеттік саясатқа сай уақыт ағымы мен елімізде аршындай алға басып келе жатқан қаланың бірі – Талдықорған. Жетісудың кіндік қаласы экономикалық тұрғыдан өскен сайын өзге салалары да дамыған үстіне дами түсуде.Мұны «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтылғандай, еліміз алдағы уақытта әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуге ұмтылып отырғанда өңірлерді өркендетуге өзіндік үлес қосып, игі қадамның маңыздылығын бағалай білу деп түсінген жөн. Сондықтан Талдықорғанның бүгінгі қоғамда алатын орны да ерекше. Қала күні мерекесін жалпыхалықтық думанға айналдыра білген талдықорғандықтар мақсаты барын халқына көрсетіп, бағалату болды. Қала күні шарасы аясында апта бойы мәдениет, әдебиет, спорт секілді сан сала бойынша қалалық, облыстық, республикалық деңгейлерде игілікті істер атқарылып, Жетісудың кіндік қаласында мерекелік әдемі бір леп естіріп тұрды. Алматы облысы әкімінің орынбасары Тынышбай Досымбеков бастап Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов қостап сол қуанышты елмен бөлісті. Қалыптасқан дәстүр бойынша «Даңқ обелискіне» гүл шоқтары қойылған соң, Талдықорған әскери горнизоны техникаларынан қойылған көрме тамашаланды. Әрине, мемлекеттік саясатқа сай татулықты һәм ынтымақты паш ететін этномәдени бірлестіктердің қолөнер бұйымдары мен дәмі тіл үйіретін аспаздық көрмесі де мерекелік шараның сәнін арттырды. «Қуанса бала қуансын» деген емес пе халқымыз. Талдықорғандағы орталық алаң құдды бүлдіршіндер әлеміне айналған іспетті. Тілдерінен бал тамған балдырғандар өнерін көрудің өзі бір ғанибет. «Қошақаным қайда екен», «Айгөлек», «Ақ мамам», «Мектебім» атты әндерді нақышына келтіре шырқап, мың бұрала билеген балдырғандар, ойыншықтар әлемі, суретке түсіру галереясы, қылқалам шеберлері туындылары, сондай-ақ ертегілер әлеміне саяхат атты асфальтта сурет салу шаралары да балалардың шадыман шаттыққа бөленгенінің бір айғағы. «Спорт жеңісі – қала жеңісі» атты спорт аллеясында паркур, армреслинг, гір көтеру, «Street workout» жаттығулары, арқан тарту халықты желпінтіп, серпілтсе, кәсіби спортшылардың күрес, бокс, шығыс жекпе-жегі түрлерінің тәсілдерін асқан шеберлікпен көрсеткені ел мерейін асыра түсті. Шағын және орта бизнес саласының жетістіктерімен қатар, елімізге танымал зауыттардың арнаулы құрал-жабдықтар көрмесі де назар аударарлық болды. Өйткені, бұл өндіріс орындарының өнімдері мемлекеттік бағдарламалар арқылы көлемін арттырып, алыс-жақын шетелдерге экпортқа шығарылатыны тағы бар. Елді елең еткізген тағы бір жаңалық қала күніне орай кондитерлер қолынан шыққан дәмі түл үйірерлік салмағы 80 кг. алып торттан халық ауыз тиіп, мәре-сәре болды. Жасыл алаңда 120 жасанды гүл ретімен ашылып, ішінен өңірге танымал әнші шығып, тамылжыта ән салғанда халық, тіпті мәз болды. Әлбетте, әсем әннің әуенімен жасыл алаңда Жетісудың жеті өзенін бейнелеген жолақ сызылып биге де кезек тиді. Орталық стадионда қала күнінің негізгі бөлімі мемлекеттік әнұранмен басталып, Талдықорған қаласының әкімі Ермек Алпысов осы өңірдің өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан жандарға Талдықорған қаласының құрметті азаматы атағын тапсырумен жалғасты.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан».
Алматы облысы.