04 Қазан, 2013

Шығыс жерiн баптаған күнгейлiктер

295 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жүрдек пойыз Өскеменге жақындай түскен сайын алқаптың ажары қоюланып барады. Асқақ Алтайдың ажарлы сiлемдерiнiң бiрде толқынданған жоталарының жондары, кейде шегiне көз жетпес жазықтары жазирадай түрленедi.

Жүрдек пойыз Өскеменге жақындай түскен сайын алқаптың ажары қоюланып барады. Асқақ Алтайдың ажарлы сiлемдерiнiң бiрде толқынданған жоталарының жондары, кейде шегiне көз жетпес жазықтары жазирадай түрленедi.

Табиғаттың тұнып тұрған осы қазынасына қызығып келе жатып шұғылалы шығыстың шұрайлы топырағын түлетуге ШҚО әкiмi Б. Сапарбаевтың бастамасымен Оңтүстiктен диқандар шақырылғаны ойға орала кеттi. Ұлан ауданы әкiмiнiң орынбасары С. Нұғыманов бұдан үш жыл бұрын “Оңтүстiк Қазақстан” газетiне арнайы сұхбат берген болатын. Онда облыс басшысының Алтайдың жақұтты, бiрақ бос жатқан алқабын кәдеге жаратуды жергiлiктi тұрғындарға үйрету үшiн Оңтүстiк өлкесiнiң шаруаларын шақырып, оларға суы мол аумақтарынан егiн егiп, көкөнiс өсiруге жер телiмдерiн бөлiп беретiнiн, оған қажеттi қаражаттарды жеңiлдiкпен қарастыруға көмектесетiнiн жеткiзгенi жадымызды жаңғыртты.

Осы сапарымызда Ұлан ауданына барудың орайы да түстi. Мұнда алдымен жолыққанымыз аудандық кәсiпкерлiк және ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң меңгерушiсi А. Серғазин болды. Облыс басшысы топырағы құнарлы жерлердi қалай пайдалану керектiгiн үйрету үшiн Оңтүстiктен диқандарды тартуға тапсырма бердi. Бақшалықтың өнiмтал түрлерiн мол өндiрiп, Қытайдан тасымалданатын сапасыз өнiмдердiң көлемiн азайтуды, түптiң-түбiнде оған өзiмiздiң мол көкөнiспен тосқауыл қою қажеттiгiн мiндеттедi. Бұл iстi жүзеге асыру мақсатымен аудан әкiмiнiң экономика саласына жауапты орынбасары С. Нұғыманов Оңтүстiктiң диқангерлiк дамыған Жетiсай, Сарыағаш, Сайрам, Түркiстан, Ордабасы, тағы да бiрқатар өңiрлерiнде болып, азаматтардың шығыстың шұрайлы жерiн қалай баптаудың қыр-сырын жергiлiктi тұрғындарға үйретудi үндедi. Шаруаларды ғана емес, жұмыссыз жүрген немесе жоғары және арнаулы оқу орындарын жаңа бiтiрген мамандардың қоныс аударуына да ұсыныс жасады. Содан Оңтүстiктен шығысқа бет бұрып, тiрлiк жасауға ықылас танытқан адамдардың бастапқы легi де қара көрсеттi. Қазiргi күнде аудан бойынша 100-ге тарта Оңтүстiктiң азаматтары тұрақты жұмыс iстейдi. Олардың арасында диқандар, мұғалiмдер, дәрiгерлер, гидротехниктер, мал дәрiгерлерi бар. Әрине, басымы – бақша мен бау баптағандар.

Жалпы, бiз бұл бағыттағы жос­парымызды Оңтүстiк Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестiру және әлеуметтiк бағдарламалар басқармасымен тығыз байланыста жүзеге асыруға тырысамыз. Сол жақта жұмыссыз мамандардың бiзге мемлекеттiк әлеуметтiк бағдарламаға сәйкес келуi үйлестiрiлiп тұрады. Оңтүстiкке биылғы көктемде тағы барып қайтқанбыз. Сапарымыздың нәтижесiнде Сайрам ауданының азаматтары бүгiнде Айыртау ауданында мал бордақылау iсiн қолға алып жатыр. Бұған көшiп келушiлерге тұрғын үй салумен айналысып жүрген шымкенттiк құрылысшыларды да қосып қоялық.

Бiз Егiнсу ауыл әкiмдiгiне қарасты Ақмер ауылындағы Шымқора қыстауында еңбек етiп жатқан оңтүстiктiк диқандарға сапар шектiк. Асқақ Алтайдың бiр сiлемi саналатын Қалбатаудың баурайында қоныс тепкен аз үйлi шағын ауылдың айналасы да, iшi де көкпеңбек. Ауқымды алаңда танап-танапқа бөлiнiп егiлген картоп, пияз, сәбiз, қызылша, қырыққабат өскiндерi көзге тү­седi. Алаптың иесi Арапбай Орынбаймен (суретте) таныстық. Сарыағаш ауданындағы Жарты­төбе ауылынан 2011 жылы келiптi. Мұнда “Нұр Мұхамад” деп аталатын отбасылық шаруа қожалығын ашып, 87 гектар суармалы жер алып, көкөнiстiң 5 түрiн егумен айналысады екен.

Әулетiмiзбен осындамыз. Сарыағашта 40 сотық ашық же­рiмде, 20 сотық жылыжайымда қияр, қызанақ, болгар бұрышы, басқа да көкөнiс түрлерiн егiп, күн көрдiк. Ал Ұлан ауданына облыс әкiмi шақыруымен нартәуекелге бел буып келдім. Әрине, әдепкiде қиын­дық көп кездестi. Оңтүстiкте аз ғана жерiмнен бiр маусымда үш рет өнiм алып, соны қанағат тұтып жүрсек, бұл жақтағы 87 гектарды бiрден игерудiң ауыртпалығы айтпаса да түсiнiктi шығар. Әлбетте, кедергiлерге төздiк. Былтырғы табысымыз жақсы болды. Биыл одан да жоғары өнiм алатынымызға сенiмдiмiн. Құнары мол, ылғалы көп шығыстың топырағынан да күп­сiтiп табыс табуға болады, дейді Арапбай.

Сөйтіп біз кең байтақ елiмiздiң Оңтүстiгiнен шалғай шеттегi шығысқа егiншiнiң пiрi – Диқан атаның еңбекқор перзенттерi тәуекелдiң жел қайығына мiнiп, жомарт жердi түрлендiрiп жат­қанына, өздерi ғана екпей, өзгенi де ата кәсiпке баулыған ұлағаттарына куә болып қайттық.

Жерлестерiмiздiң Ұлан ауда­нының басқа ауылдарында да үшiншi жыл еңбек етiп жүр­гендерiне қарағанда, жергiлiктi жерге ойдағыдай орныққан деп бiлдiк. Кейiн өскемендiк әрiп­тес Елена Пашке оңтүстiктiк ди­қандардың Шемонайха, Таврия, Глубокое аудандарына қоныс аударып келе бастағанын хабарлады. Елге ел қосылып, ортақ тiлектi еңбекке тiрек ету деген осы емес пе?

Жеңiс БАҺАДҮР.

Шығыс Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар