Облыс әкімінің жуырда тағайындалған орынбасары Ермек Маржықбаев алғашқы жұмыс күнін журналистерді Щучье-Бурабай курортты аймағына алып барудан бастады. Мақсат мемлекеттік бағдарламаның маңызды тармағы – жол құрылысы мәселелеріне назар аудару. Шынын айтар болсақ, бұл өңірдегі жол жыры мейлінше өткір күйінде қалуда.
Облыс әкімінің жуырда тағайындалған орынбасары Ермек Маржықбаев алғашқы жұмыс күнін журналистерді Щучье-Бурабай курортты аймағына алып барудан бастады. Мақсат мемлекеттік бағдарламаның маңызды тармағы – жол құрылысы мәселелеріне назар аудару. Шынын айтар болсақ, бұл өңірдегі жол жыры мейлінше өткір күйінде қалуда.Сондықтан, біз бұл сапардың бетбұрысты сипатын аңғарғандай едік.
Биылғы жылдың тамыз айынан бастап Щучье қаласында жол жөндеу жұмыстары қызу жүруде екен. Аталған жоба Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытудың 2012-2013 жылдарға арналған жоспарына енгізілген. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 529 миллион теңге қаражат бөлініпті. «Компания Энергодор» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жөндеу жұмыстарын қазан айының аяғына дейін аяқтауды межелеп отыр. Жалпы, 2013-2016 жылдары Щучье қаласында 57 шақырымдық көше жолдары қалпына келтіріледі.
Ағымдағы жылы Бурабай кентінің жолдарын жаңартуға республикалық бюджеттен 645 миллион теңге бөлініпті. Тұтастай айтсақ, үш жылды қамтитын жоба құны 1836,8 миллион теңгені құрайды. Жоба бойынша 6,2 шақырымдық жол учаскелері жаңартылатын болады. Аудан орталығындағы Абылай хан, Едомский, Привокзальная, Морозов көшелері мен темір жол бекеті маңындағы айналма жолдарға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Степняк, Веденовка, Николаевка, Ақылбай елді мекендеріне апаратын күрежолдар да жөндеуден өтуде. Келесі жылы қалада 12 көше күрделі жөнделеді деп жоспарланған.
Жасыратыны жоқ, қалада жол жөндеу жұмыстары осы уақытқа дейін жүйеленбей келген, дейді Бурабай ауданының әкімі Нұрлан Нұркенов. Алдымен асфальт төсеп алып, сосын инженерлік желілерді тартатын келеңсіздік орын алыпты. Қазір кейбір көшелердің бір бөлігі жабылып, кәріз коллекторы, жылу магистралі жаңартылуда. Қала тазалығы, курортты аймақты дамыту мәселесі де қолға алынған. Бүгінгі күні ауданда қысқы жылу маусымына дайындық қызу жүруде. Өткен жылы қақаған қыс ортасында қалада бір қазандық істен шығып, біраз қиындық туындаған еді. Осындай келеңсіздік тағы қайталанбас үшін барлық жылу жүйелері толық бақылауға алынып, ескірген жылу қазандықтары жөндеуден өткізілді.
Жаздай жауған жаңбыр көптеген жұмыстардың уақытында аяқталуына кедергі келтіргені көрініп тұр. Облыс әкімінің орынбасары күздің әрбір ашық күнін тиімді пайдалану керектігін алға тартты. Бұл үшін жұмыс кестесі қатаң сақталуы тиіс. Сонымен қатар, асфальт және басқа құрылыс материалдарын сатып алу, тасымалдау дұрыс ойластырылуы керек. Мұнда мердігерлермен ынтымақтасып жұмыс істеу еңбек өнімділігін арттырудың шарты болмақ. Келер жылы жұмыс ауқымы биылғыдан гөрі күрделене түседі. Үкімет ақмолалықтарға курортты аймақты дамыту үшін қолайлы мүмкіндіктер тудырып отыр. Ендігі жерде жүктелген міндеттің ойдағыдай орындалуын қамтамасыз ету қажет.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы.