04 Қазан, 2013

Қазақстан және әлемдік көрмелер

1489 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы қатысқан көрмелердің ішінде, жалпы Бүкіләлемдік әмбебап көрмелер тарихында 2010 жылы Шанхай қаласында өткен әмбебап көрменің маңызы ерекше. Қытай Халық Республикасында 184 күн бойы жалауы желбіреген бұл көрме Бүкіләлемдік әмбебап көрмелер тарихына бұрын-соңды болмаған үш рекордтық нәтижені паш етті. Атап айтқанда, Шанхайдағы ЭКСПО-2010 көрмесіне қатысушылар саны, көрмені тамашалаған туристер саны және көрме қалашығының көлемі жағынан рекордтық деңгейде болды.

ЭКСПО-2010: Тамаша қала – тамаша өмір

«Тамаша қала – тамаша өмір» ұранымен өткен көрме қалашығы 5,28 шаршы шақырым аумаққа созылды. Оған әлемнің 192 мемлекеті және 50-ден астам халықаралық ұйымдар қатысты. Алты айға созылған ЭКСПО-2010 әмбебап көрмесін 73 миллионнан астам адам тамашалады. Көрме жалауы желбіреген 184 күннің ішінде мұнда 20 мыңнан астам мәдени және ойын-сауық шаралары өткізілді. Яғни әмбебап көрменің әр күнінде жүзден астам бұқаралық шаралар ұйымдастырылып отырды.

Шанхай қаласында өткен бұл көрме Қытай тарихындағы тұңғыш Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі болды. ҚХР ЭКСПО-2010 көрмесін өткізу құрметіне ие болу жолында Оңтүстік Корея, Мексика, Польша және Ресей мемлекеттерімен бақ сынасып, өте тартыспен өткен бәсекеде жеңіске жетті. Осы тамаша жеңіске жету жолында Шанхай қаласының қосқан үлесі зор. Шанхай бүгінде зор қарқынмен дамып отырған ҚХР-дың бірегей бизнес орталығы болып саналады. Мұнда сауда, өнеркәсіп және қаржы саласы барынша дамыған. Экономиканы ашық әртараптандыру жолына салған Қытайда қор биржасы алдымен осы Шанхай қаласында дүниеге келді. Қазір мұнда 400 мың жекеменшік фирмалар, 30 мыңнан астам шетел инвестициялық компаниялары, үлкен қаржы орталығы жұмыс істейді.

Төрткүл дүниені тамсандыр­ған 2008 жылғы Бейжің Олим­пиадасынан кейінгі Қытай та­рихын­дағы ең салтанатты шара осы ЭКСПО-2010 Шанхай әмбе­бап көрмесін өткізу шарасы болды. ҚХР Халықаралық көрмені өткізуге ерекше шығармашылық ізденіспен келіп, әлем жұртшылығын тағы да таңғалдырды. Ақиқатында Ас­панасты елі халықаралық ауқым­ды шаралар өткізуде алдына жан салмайтындығын көрсетті. «Тамаша қала – тамаша өмір» ұра­нымен өткізілген Дүниежүзілік әмбебап көрме Хуанпу өзенінің қос жағалауында, Наньпу және Лупу көпірлерінің ортасында қанат жайды. Жалпы аумағы 5,28 шаршы шақырымға созылған ЭКСПО-2010 көрмесін 3,93 шақырымы Шанхай қаласының Пудун ауданында, 1,35 шаршы шақырымы Пуси ауданында қоныс тепті. Көрмеге келген қонақтар мен туристерге 70 мыңнан ас­там еріктілер қызмет көрсетті. Олардың барлығы дерлік ағылшын тілін жетік меңгерген. Сонымен бірге, көрмелер қалашығында күн сайын Шанхай қаласы тұрмыстық қызмет көрсету саласының 40 мыңнан астам мамандары жұмыс істеді. Көрмелер тарихында ал­ғаш рет Шанхай ЭКСПО-2010 әмбебап көрмесі онлайн режімінде дүниенің төрт бұрышына тарап жатты.

Қазақстан Республикасы Шанхай ЭКСПО-2010 көрмесінде тұңғыш рет өзінің павильонын салды. Бұл үшін Қытай тарапы Қазақстанға 1 мың шаршы метр жер телімін бөлді. Қазақстан па­вильонының тақырыбы – «Астана – Еуразия жүрегінде» девизімен өтті. ЭКСПО-2010 Бүкіләлемдік әмбебап көрмесінің негізгі мақсаты болашақ қаласының модельдері мен тұжырымдамалық шешімдерін ұсыну болса, «Астана – Еуразия жүрегінде» атты Қазақстан па­вильоны­ның негізгі мақсаты ең жаңа және жоғары қарқынмен дамыған әлемдегі астаналардың бірінен саналатын Астана қаласы­ның тәжірибесі арқылы еліміздің тәуелсіздік жылдарында қол жет­кіз­ген жетістіктерін паш ету еді. Қазақстан бүкіләлемдік көрмеге әкелген жетістіктерін паш ететін павильонды іргетасынан бас­тап өз күшімен салып шықты. Қазақстан павильонының дәл ортасында ел ертеңінің символы «Бәйтерек» монументінің жарқыраған биік макеті орнатылды. Ол атшаптырым аумақты алып жатқан Қазақстан павильонының түпқазығы іспетті. Қазақстан павильоны ЭКСПО-2010 көрмесінің ең беделді секторына орналасты. Оның қос қанатында Оңтүстік Корея және Жапония павильондары қоныс тепті.

Дүниежүзі қалаларының бү­гінгі жетістіктері мен болашақ дамуының көкжиегін паш еткен­ ЭКСПО-2010 көрмесі бүкіл әлем назарын өзіне аударған ха­лықаралық маңызды шара болды. Осы бір жаһандық оқиғада Қазақстанның павильоны көр­ме­ні тамашалаушылардың ерек­ше ілтипатына ие болды. ЭКСПО-2010 Бүкіләлемдік көр­месінің қорытындысында Қазақ­стан павильонын 1 миллионнан астам адам тамашалағаны анықталды.

ЭКСПО-2010 Бүкіләлемдік әмбебап көрмесі – ХХІ ғасырдағы қала өмірінің барлық қуаты мен жетістіктерін паш етіп, әлем қалаларының даму келешегін айқындады. Сарапшылардың болжамы бойынша бүгінде жер шарындағы адамдардың 55 пайыздан астамы қалалық тұрғындар болып табылады. Сондықтан қала өмірінің болашағы бүкіл адамзатты, барлық мемлекеттерді толғандырады. Ендеше, Шанхайда өткен ЭКСПО-2010 көрмесі адамзат тарихындағы ерекше тақырыпты қамтыған ерекше маңызды шара болғандығы даусыз.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Суреттерде: «Шанхай ЭКСПО-2010» көріністері.