Жер – ен байлықтың бастауы, тіршіліктің қайнар көзі. Осы қасиетті жерімізді болашақ ұрпаққа қандай жағдайда қалдырамыз, міне, гәп сонда. Жерді қаншалықты тиімді пайдаланып отырмыз? Жер туралы заңдылықтар қаншалықты сақталуда?
“Егемен Қазақстан” газетінің Ақтөбе облысындағы тілшісі Сатыбалды Сәуірбай Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары өңіраралық жер инспекциясының бастығы Асқар Жүсібәлиевке:
– Сіз бұған не дейсіз?
– Өткен жылы жер заңдылықтарының сақталуына 798 тексеру жүргізілді. Тексеру нәтижесінде жалпы көлемі 64 938 гектардың заң бұзушылықтары анықталып, 505 шаруашылық субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, барлығы 31 541,8 мың теңге айыппұл салынды. Оның ішінде 234 заңды тұлғаға 25 829,9 мың теңге, 134 жеке тұлғаға 2 472,7 мың теңге және 70 лауазым иесіне және жеке кәсіпкерлерге 3 239,18 мың теңге айыппұл салынды. Жетпіске жуық шаруашылық субъектісіне әкімшілік ескерту жасалды.
Жер заңдылықтары нормаларының бұзылуы көп жағдайда өнеркәсіп кәсіпорындары, жер қойнауын пайдаланушылар арасында орын алады. Мысалы, “Ақтөбе Мыс Компаниясы” ЖШС пайдаланып отырған аумақта он заң бұзушылық анықталып, 1527,6 мың теңге айыппұл төледі. “Сагиз Петролиум” ЖШС-інде болған сегіз заң бұзушылық үшін 1 336,6 мың теңге,“Қазақойл-Ақтөбе” ЖШС бір ғана заң бұзушылыққа 3496,3 мың теңге айыппұл төледі.
Өткен жылдың үшінші тоқсанында екі облыс аумағында 119 агроқұрылым нысандарының 211 174 гектар ауыл шаруашылығы алқаптарына тексеру жүргізілді. Оның 91 нысаны бойынша 74 842 гектар алқапты пайдалануда “Жер туралы” заңдылықтардың сақталмайтыны анықталды. Жер заңдылықтары нормаларын сақтамағаны үшін 42 агроқұрылымға 1 654,8 мың теңге айыппұл салынып, олардың 49-ына ескерту жасалды.
Үстіміздегі жылдың қаңтар-ақпан айларында жүргізілген 55 тексерудің нәтижесінде 615,6 гектар жерде 16 заң бұзушылық анықталып, 16 нысанға 1 256,74 теңге айыппұл салынды. Сонымен бірге, жоспарлы тексеруге байланысты Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстары, қалалық және аудандық әкімдіктері мен аудандық жер қатынастары бөлімдерінің 2009 жылғы жер пайдалану құқығын табыстау жөніндегі жұмыстары тексерілді. Тексеру көрсеткеніндей, жер телімдерін сұрау өтініштерінің қаралуы, жерге орналастыру жобаларының бекітілуі, жер телімдерін беру туралы қаулылардың шығуы, уақытша берілген жер телімдерін пайдалану құқығын ұзарту мерзімдері негізсіз созылған. Осыған байланысты Ақтөбе облысындағы әкімдіктердің үш лауазымды тұлғасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 256-бабына сәйкес жауапқа тартылып, 98 910 теңге айыппұл төледі. Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысы Зеленов, Тасқала, Бөрлі аудандары ауылдық округтері әкімдерінің 32 қаулы шешімдерін заңға сәйкестендіруге нұсқау берілді.
Ақтөбе облысы.