Қоғам • 05 Маусым, 2020

Салғырттық сан соқтырмасын

238 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Сақтансаң – сақтайды» деген бабалар айтқан қағиданы білмейтіндер кемде-кем. Алайда біле тұра сақтыққа салғырт қарайтынымыз өкінішті. Жаһанды шарпыған COVID-19 вирусын жұқтырған отандастарымыздың қатары күн санап көбейіп бара жатқаны осыны аңғартады.

Салғырттық сан соқтырмасын

inform.kz

Күні кеше Президент Қ.Тоқаев туиттердегі жеке парақ­ша­­сында:

– Үкіметтік комиссияның барлық іс-әрекетіне қарамастан, індетке шалдыққан азамат­тарымыз азаймай отыр. Коронавирустың екінші тол­қынының қаупі сейілме­генін ДДҰ да рас­тады. Отандас­тары­мызды жаппай ауруға шалды­ғудан қашып, індеттен қорғану­дың жол­дарын (ара қашықтықты сақтау, дезинфекция, жеке таза­лық, бетперде кию) ұстануға та­ғы да шақырамын, – деп жазды.

Шындығында, қауіпті індеттің беті қайтты деп еркінсуге әлі ерте. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов айтқан деректерге үңілсек, керісінше дабыл қағу қажет сыңайлы. Соңғы дерек бойынша елімізде вирус жұқтырғандардың саны 12 124-тен асты. Әйтеуір, науқастардың басым бөлігі, атап айтқанда 77 пайызы ауруды жеңіл өткізуде. 52 пайызы емделіп шыққаны да – көңілге медеу. Ал аурухана төсегінде жатқан 5 836 адамның 59-ының жағдайы ауыр.  Олай болса, сақтықты ұмытқанымызға жол болсын!

Көктемді қатаң карантин құшағында өткізген еліміз екі айдан астам уақытқа созылған төтенше жағдайға тәртіппен төтеп берді. Төтенше жағдай тоқтаса да, карантин жалғасатыны туралы ескерту аз айтылған жоқ. Алайда күн сайын жүздеген адамның вирус жұқтырып жатқанын ескерсек, қауіпсіздік талаптарын құлаққа ілмей жүрген тәріздіміз. Масканы иекке іле салып, көшеде еркін серуендеп жүру қалыпты құбылысқа айналды. Әйтеуір, еркінсудің соңы сан соқтырмағай.

 

Соңғы жаңалықтар