Аймақтар • 05 Маусым, 2020

«Менің Туым» акциясы өтті

968 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттік рәміздер күні мерекесі бүгінде бұқаралық сипат алып, қарапайым көпшіліктің айтулы мейрамына айналды. Мереке күні түс ауа ұйымдастырылған «Менің Туым, менің Отаным!» атты патриоттық шара аясында Қостанай қаласының орталық көшелеріне орналасқан көпқабатты он шақты үйдің терезесінен жүздеген Ту желбіреп, тұрғындар балконда тұрып Әнұран орындады.

«Менің Туым» акциясы өтті

Көпшілік қосыла шырқаған асқақ әуен ырғағымен тербелген көк байрақтың кербез келбеті де зәулім үйлерді одан сайын биіктете түсіп, әр қостанайлықтың көңіл түкпіріндегі елшілдік рухын оятқандай әсер қалдырды.

– Мемлекеттік рәміздер – елі­міз­дің егемендігі мен мызғымас­тығын, біртұтас бірлігін бейне­лейтін басты нышандарымыз. Біздің үйде 150-ден астам отбасы тұрады. Ішінде қазақ, орыс, татар, ук­раин, белорус, неміс, поляк ұл­ты­ның өкілдері бар. Түріміз, тіліміз әр түрлі болғанымен, тілегіміз бір. Қазақ­станымыздың жылдан-жылға қуаты артып, еліміздің болашағы баян­ды болсын. Тілегіміз, көк бай­­рақты көкке желбірететін, Ота­­нын шын сүйетін патриот жас­­­тары­мыз көп болсын! Еліміз аман, хал­қы­мыз тыныш болсын! – дей­ді Абай кө­шесіндегі №62 үйдің тұрғындары.

Ел жүрегіне елшілдік дәнін себетін мерекелік шараны қала­лық Ішкі саясат бөлімінің мамандары ұйымдастырыпты.

– Біз қала тұрғындарынан мұндай белсенділікті күткен жоқ едік. Алғаш тұрғын үйлердің балкондарына 70 шақты Ту ілеміз деп жоспарлағанбыз. Кейін туымыз жетпей қалып, тағы сатып алуға тура келді. Тұрғындар екі-үш күннен бері: «Бізге Ту беріңіздер, немесе қай жерден сатып алуға болатынын айтыңыздар» – деп қоңырау шалып жатқандар көп. Мұның сыртында, атаулы мерекеге орай үшінші маусым күні кешкілік автошеру өтті. Бұл акцияны қаланың белсенді жастары ұйымдастырды. Жастар көліктеріне Ту, жалаушалар іліп, қала көшелерімен жүріп өтті. Басты мақсатымыз, мемлекеттік Туды кеңінен насихаттау және қала тұрғындарын отансүй­гіштікке үндеу. Мемлекеттік туы­мыздың әр қоғамдық орындарда, турис­тік нысандарда, сау­да орталық­тарында, орта және жоғары оқу орын­дарында ілініп тұруы, жүрек­ке патриоттық сезім ұялатады, – деді Ішкі саясат бөлі­мі­нің басшысы Әсем Есжанова. 

        

Қостанай