04 Қазан, 2013

Саланы жетілдіруге заңнамалық негіз қажет

270 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше еліміздің Қорғаныс министр­лігінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мен «Нұр Отан» ХДП партиялық жетекшісі сараптау тобының «Қорғаныс қабілеті және қауіпсіздік» бағыты бойынша көшпелі отырысы болып өтті.

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған депутаттар қатысқан жиын барысында әскери білім мен әскери ғылымды дамытудың келешегі кеңінен сөз болды.

Кеше еліміздің Қорғаныс министр­лігінде Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мен «Нұр Отан» ХДП партиялық жетекшісі сараптау тобының «Қорғаныс қабілеті және қауіпсіздік» бағыты бойынша көшпелі отырысы болып өтті.

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған депутаттар қатысқан жиын барысында әскери білім мен әскери ғылымды дамытудың келешегі кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, офицер мамандарды дайындау жүйесін жетілдіру және Қазақстанның әскери оқу орындарының бірыңғай ақпараттық-білім желісін дамыту мәселелері талқыға салынды.

Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтановтың сөзіне қарағанда, бұл комитеттің жұмыс жос­парына сәйкес өткізілген кезекті жұмысшы отырысы. Заман үрдісі мен талап-тілегіне қарай жаңа технологиялардың қалыптасуы заманында озық әдістерді қолдану және әскерилердің кәсіби дайындығы төңірегінде пікір алмасу – уақыт талабы.

Комитет төрағасы көшпелі отырысты өткізудің маңызына арнаған сөзінде оны әлемдегі өзгерістермен байланыстырды. Әскери қауіпсіздік саласында да айтарлықтай өзгерістер орын алуда. Жаңа әскери техникалардың енгізілуімен қатар, қашықтан бас­қару әрекеттері де кеңінен қол­даныла бастаған. Әскери қауіп­сіздікті қамтамасыз ету сала­сындағы интеллектуалды фак­тордың рөлі арттырылуда. Сон­дық­тан да жаңа дәуірдің әскери офицерлері мен кадрларын даяр­лау маңызы артып отыр. Олай болса, әскери мамандар өте білімді болуымен қатар, өз Отанын сүйе білуі де шарт.

Сондай-ақ, комитет төрағасы әскери ғылым­ды дамыту саласын­да әскери тапсырыстарды ұл­ғайту уақыт талабы дегенге ерекше тоқталды. Материалдық-тех­никалық базаны нығайту мә­се­лесі де назардан тыс қалған жоқ. Ал Мәжіліс депутаты Абай Тасболатов сөз реті келгенде пат­риоттық тәрбие беруді батыр ба­ба­ларымыздың ерлік жолдарын зерттеу мен зерделеу арқылы жү­зеге асыруға болатынымен бө­лісті. Депутаттың пайымынша, әс­кери патриоттық сезім алғашқы әскери дайындықтан, яғни мектеп қабырғасынан басталады. Осы ретте генерал алғашқы әскери дайын­дыққа бөлінген 140 сағатты 68-ге қысқартудың орынсыз екендігін айтып, өз қынжылысын білдірді.

Бұдан кейін сөз алған Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев курсанттардың 95 пайызы қазақ тілін білгенімен, оларға берілетін білім ресми тілде жеткізілетінін ортаға салды. Ол осы сөзді айта отырып, әскери ұстаздардың қазірден білімді мемлекеттік тілде беруі қажеттігіне ерекше екпін түсірді. Оқыту-материалдық база уақыт талабына сай болуы керектігін ескерткен генерал оның қазіргі заман сын-қатерлеріне жауап бере алатындай деңгейде болуы қажеттігін де қаперге салды. Олай болса, Қазақстан өзінің әскери өндірісін арттырып, әскери ғылымын дамытуы қажет. Ол үшін әскерилер ішкі жаттығулармен қатар, халықаралық жаттығуларға да қатысып, оны ғылыми зерттеулермен ұштай түсулері тиіс.

Көшпелі отырыс барысында тақырыпқа сай қорғаныс қабілеті және қауіпсіздік мәселелері жан-жақты талқыланып, әскери білім мен ғылымды дамыту жайы кеңінен сөз болды. Көптеген ұсыныстар ортаға салынды.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар