Пікір • 05 Маусым, 2020

Осындай елім бар!

661 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің ірі басы­лым­дарының бірі – «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында Қазақстан хал­қы туралы да пікірін білдірген болатын. Президентіміз елімізде «аз ұлт­тар» деген ұғым жоқ екендігін, біртұтас халық бейбіт күн кешіп жатқанын ашық айтты. Расымен, тәуелсіз Қазақстанда бірлігі жарасқан бір ғана халық өмір сүреді.

Осындай елім бар!

Қазақстан халқының біртұтас­тығын ел басына күн туғанда азамат­тардың бірлесіп, бір-біріне қолдауға дайын тұратынынан-ақ байқауға болады. Азаматтарымыз қиын сәтте бір-біріне көмек қолын созуға әрдайым әзір. Мәселен, жақында Түркістан облысы Мақтаарал ауданындағы елді мекендерді су басуына байланысты аймақта жедел штаб құрылып, іле-шала отбасылар эвакуацияланып, азық-түлік таратылғаны белгілі. Осын­дай қиын-қыстау сәтте мемлекет тарапынан ғана емес, халық тарапынан қолға алынған шараларды ерек­ше айтқым келеді. Халқымыз Мақта­аралдағы жағдайда да бірлесіп, басқа түскен тауқыметті бірге кө­терді. Бұл іске Қазақстан халқы Ассам­блеясының да үлес қосып, басы-қа­сында жүргені қуантарлық жайт. Этномәдени орталықтардың бас­та­масымен 180-нен астам жүк ма­­шинасы гуманитарлық көмек жет­кізді. Қайырымдылық – Ассам­блея­ның бас­ты назарда ұс­тай­тын бағыт­тарының бірі. Сондық­тан ірге­лі ұйым мұқтаж жандар мен жапа шек­кен­дерге көмек қолын созуға қашан­да дайын.

Этномәдени бірлестік волон­тер­лері Қордай ауданына 10 тоннадан ас­там гуманитарлық көмек жеткізуге атсалысты. Ал Арыстағы қойма жарылысы кезінде 51 млн 331 мың теңге көлемінде қаржы жинап, арыстық ағайынға табыстады.

Ассамблеялықтар «Біз біргеміз» акциясына да өз үлесін қосты. Пан­демияға байланысты төтенше жағдай кезінде Ассамблея мүшелері көп балалы отбасыларға тұрақты түрде көмек­тесіп отырды. Халқымыз жәрдемді жылы жүрекпен, асқан ризашылықпен қабылдады. Біздің елде қиын жағдайға тап болған кез келген азамат қай ұлт өкілінен болсын қолдау табатыны анық. Бұл Қазақстанда біртұтас халық өмір сүретінін көрсетеді.

Қазақстанды Отаным деп санайтын өзге ұлт өкілдері бұл топырақтың негізгі халқынан мейірбандық, ақжүректік сияқты асыл қасиеттерді үйренді. Дәл осы аталған қасиеттер оларды өткен ғасырдағы қиын-қыстау заманнан аман алып қалған еді. Осылайша қазақ топырағына табан тіреген жұрт бүгінде тәуелсіз елдің біртұтас халқына айналды.

Қазақстандықтар өздерінің бо­йында жақсы қасиеттерді сақтай алды. Сол еңбегінің жемісін бүгін көріп отыр. Қазір түрлі этнос өкіл­дері өздерін диаспора ретінде қарас­тырмайды және өздеріне қатысты ондай көзқарасты сезінбейді де. Қазақ­станда тұратын кез келген азамат өзін біртұтас ұлттың бөлігі ретінде көреді.

Бізді әлемнің қай жеріне барсақ та қазақстандық, қазақ болып қар­сы алады. Біз осы топырақта дүние­ге келдік, осы жерде өсіп-өніп, ұрпа­ғымызды тәр­биелеп жатырмыз. Құ­дай қаласа, алдағы уақытта да біртұ­тас халық ретін­де елімізді көркейте беретін боламыз.

 

Шерзод ПУЛАТОВ,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары