04 Қазан, 2013

Бай өмірбаян, байтақ ұлағат

614 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Міне, он екі жылдан асып барады, Ішкі істер министрлігінің бұрынғы Қарағанды жоғары мектебі, кейін соның негізінде құрылған Қарағанды заң институты «Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Заң академиясы» деп аталады. Осынау мәртебелі оқу орнының қабырғасында осы бір азаматтың жарқын бейнесі бедерленген ескерткіш-тақта қойылған, бірінші қабатында ардагер генерал ұстаздың қола мүсіні орнатылған. Бұған қоса Б.Бейсенов туған елі Қазақ­станның ғана емес, бауырлас Қырғызстанның да жоғары полициялық білімінің негізін қалаушы деп есептеледі. Абыз академик Салық Зиманов оны заң ғылымдарының білгірі ретінде бағалап, шынайы ілтипа­тын білдірген екен. Әлбетте, мұндай тағылымды құрметке кім де болса бай өмірбаянның байтақ ұлағатымен ғана ие болары анық.

Міне, он екі жылдан асып барады, Ішкі істер министрлігінің бұрынғы Қарағанды жоғары мектебі, кейін соның негізінде құрылған Қарағанды заң институты «Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Заң академиясы» деп аталады. Осынау мәртебелі оқу орнының қабырғасында осы бір азаматтың жарқын бейнесі бедерленген ескерткіш-тақта қойылған, бірінші қабатында ардагер генерал ұстаздың қола мүсіні орнатылған. Бұған қоса Б.Бейсенов туған елі Қазақ­станның ғана емес, бауырлас Қырғызстанның да жоғары полициялық білімінің негізін қалаушы деп есептеледі. Абыз академик Салық Зиманов оны заң ғылымдарының білгірі ретінде бағалап, шынайы ілтипа­тын білдірген екен. Әлбетте, мұндай тағылымды құрметке кім де болса бай өмірбаянның байтақ ұлағатымен ғана ие болары анық.

Бұл өмірден өткеніне де біраз жылдың жүзі болып қалған Бәрімбек ағаның саналы ғұмырында жүріп өткен жолына көз салар болсақ, жазушы қаламына таптырмас бай өмірбаян кезігеді. Бабасы Қойшыбай сонау Сарысу-Жаңаарқа өңірінде елдің сөзін ұстаған дуалы ауыз би болса, тағы бір атасы Торжан болыстыққа сайланып, өз заманының әділетін алқаған, қаймағын шайқаған белгілі адамдар болған екен. Осы би-болыстардың ұрпағы жүз жыл өткенде, қазақ елінің жаңғырған жаңа белесінде полициялық жоғары білімнің негізін қалаушы қайраткер деп танылса, бұл да бір сабақтастық нышаны шығар. Оның үстіне заңғар Зиманов бүгінгі заң мен құқықты қазақтың бұрынғы билер сотымен байланыстыра қарастырғанын қайда қоямыз? Сол тұрғыдан келгенде академик Зимановтың асқар таудай тұлғалы шәкірттерінің бірі Бәрімбек Бейсенов екені де нақ осы орайда ойға оралуы заңды сияқты.

Әкесі Сәрсен Ақмолада Сәкен Сей­фуллинмен бірге оқыған, ақиық ақынның ықпалында болған, жас дәуренін бірге өткізген замандасы, жолдасы. Революцияның алғашқы жылдарында Қарағанды маңында сот болып істепті. Бірақ ауқатты тұқымның баласы болғандықтан кеңестік қызыл саясат бұған қырындау қарап, күдікті санап, содан да бір жерге тұрақтай алмай, қудалауда жүргендей күн кешеді. Бәрімбек, міне, осы кісінің үлкен ұлы. Көбіне ата-әжесінің қолында болады. Есі кіріп қалғанда ашаршылық жылдардың азабын да тартады. Әке-шешесімен бірге жиі-жиі қоныс аударып тентіреген кездер де аз болмапты. Сөйтіп, жас жеткін Бәрімбекке бір жерде тұрақтап оқу да мұң болған көрінеді. Соғыстың алғашқы жылдарында әке майданға аттанып, атасы қайтыс болғанда Созақтағы әжесінің қолына келіп, бір әулеттің бас көтерері ретінде аудандық банкте жұмыс та істейді. Сөйтіп жүргенде, комсомолға өтем деп жасын көтеріп жазғаны бар, әрі ауданның Оразалы деген екінші хатшысының баласымен жолдас болып, екеуі сұранып соғысқа тым жас кетеді. Иә, ол заманда Отан қорғау үлкен азаматтық міндет саналатын, тұрмыс жұпыны болса да жастардың бойында Отанды сүю сезімі мол болатын. Болашақ генерал осылайша Отан үшін от кешіп, кеудесіне ерлігі үшін алған әлденеше орден-медальдарды тағып келіп, орта мектепті соғыстан оралғасын, есейген шағында Талдықорғанда тәмамдапты.

Оқуды аңсап, ең бастысы, қырғын майданнан өзі де, әкесі Сәрсен де, ағайы Сейілбек те аман-есен оралған Бәрімбек Алматыдағы заң институтына оқуға түседі. Отбасы жағдайымен бірер жылдай үзіліс жасағанның өзінде де мамандығынан алшақтамай, Жаркент өңірінде тергеуші болып істепті. Осылайша жоғары білім дипломын 1952 жылы алып шығады.

Дипломы қолына тие сала Алматы қалалық прокуратурасына тергеуші қызметіне кіріседі. Ол жерде бес жыл бойы тергеуші, аға тергеуші қызметтерінде өз мамандығының қыр-сырын тәжірибелік тұрғыдан тереңірек игереді. Бір айта кетерлік жай, сол жылдары Қазақстанның кейбір облыстарында ауыл шаруашылығы саласында қол жеткен нәтижелер мен табыстарды өсіріп жазу сияқты өрескелдіктер орын алып, сол жағдай заң орындары тарапынан тексеріске ұшырайды. Құнығып алған колхоздардың басшылары үлкен аумақтарға қызылша, күріш егіп, оның таудай өнімін тоқымдай жерден алдық деп мәлімет беріп, сол арқылы өздерінің және бір топ егіншілердің марапат-мәртебеге жетуін, Социалистік Еңбек Ері атағын алуын ұйымдастырыпты. Міне, осы мәселені тергеумен одақтық прокуратура айналысып, оның құрамына тәжірибелі тергеуші санатында Бәрім­бекті де қосады. Сол тексеріс-тергеулер кезінде айлап Қызылорда, Жамбыл облыстарында жүреді.

1957 жылы Бәрімбек Сәрсенұлы Қазақстан Ғылым академиясының Мемлекет және құқық институтының аспирантурасына түседі. Оны ғылымға тікелей шақырып алған өзінің студенттік кезден бергі ұлағатты ұстазы академик Салық Зиманов болатын. Бәрімбекті жастайынан жақсы білетін, оның үлкен қылмыстарды ашу орайындағы тә­жі­рибесі мен алғырлығын бағалаған әз-­аға енді соның бәрін ғылыми тұрғыдан қорытып, теорияға айналдыру керектігін айтады. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, Бәкеңнің ғылыми жетекшісі болып соғыс кезінде Қазақстанға келіп, осында қалып қойған заң ғылымының үлкен білгірі, тәжірибелі қарт профессор К.Я.Булатов бекітіледі. Көп мәселелер жөнінде Салық ағаның өзімен де ақылдасып отырады екен. Сөйтіп, Бәрімбек Сәрсенұлы арақ ішу салдарынан, мас күйінде, маскүнемдік жағдайында жасалған қылмыстардың проблемалары хақындағы кандидаттық диссертацияны сәтті қорғап шығады. Диссертация сол кездегі осы бір көкейкесті мәселені тек Қазақстан көлемінде емес, одақтық айғақ-деректер мен ой-пікірлерді жинақтай отырып зерттеген елеулі еңбек еді.

Аспирантураны бітіріп, ғылым кандидаты атағына ие болған Бәкең енді Ішкі істер министрлігінің Мәскеудегі Жоғары мектебінің Алматыдағы филиалында 4 жыл доцент дәрежесінде сабақ береді. Ал 1964 жылы оны республикадағы бірден-бір мәртебелі оқу ордасы – Қазақ университетіне проректор қызметіне шақырады. Әріптестерінің айтуынша, Бәрімбек Сәрсенұлының республиканың бас оқу орнының проректоры болып тағайындалуы да бекер емес, қисынымен орайласқан заңдылық еді. Себебі, оның заңгер ғалымдардың арасында ой өрісінің кеңдігімен, адамдармен тіл табыса білуімен, тағылымды тәлімгерлігімен және басшылық дарынымен дараланып тұратыны да шындық-тын. Б.Бейсенов бас оқу орнының қабырғасында жүріп те заң мен құқық тақырыбына көптеген мақалалар жазды. Әсіресе, бұзақылықтың қылмыстық сипаттамасы берілген ғылыми еңбегі жұртшылықтың есінде қалды.

1969 жылы Бәрімбек Сәрсенұлы КСРО Ішкі істер министрлігі Мәскеу Жоғары мектебінің Алматыдағы факультетінің бастығы болып тағайындалып, оған ішкі істер полковнигі деген атақ қоса беріледі. Нақ осы жылы Ішкі істер министрлігінің Жоғары мектебін Қарағандыда ашу жөнінде шешім қабылданып, сол мектепті ашатын, оның құрылысын пәрменді жігермен жүргізе алатын маман іздегенде таңдау тағы да Бәкеңе түседі. Сөйтіп, осынау атпал азаматтың Қарағанды кезеңі деп аталатын жұлдызды жылдары басталады.

1969 жылдың үскірік аязды, боранды желтоқсанында полковник Бейсенов бір топ серіктерімен республика астанасынан көмірлі Қарағандыға келіп жетті. Қарағанды Жоғары мектебінің бастығы қызметіне өзін лайықты деп тапқан Үкіметтегі, министрліктегі жауапты тұлғалардың, Шырақбек Қабылбаевтай шырақты ағалардың үмітін Бәкең ақтап шықты. Мектептің оқу жүйесін ұйымдастырумен бірге жаңа оқу орны ғимараттарының құрылысын білгірлікпен басқарып жүргізді. Құрылыс жобаларын қайта қарап, тиісті өзгерістер енгізді. Мектептің қаз басып қалыптасуына сол кездегі Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың да тигізген ықпал-шарапаты аз емес-ті. Алматыдан, Мәскеуден, тағы басқа жерлерден үлкен мамандар, заңгерлер шақырылды. Бәрімбек Сәрсенұлы ұйымдастырған сол бір ұжым, ондағы заңгерлер тобы республикадағы сол тұстағы ең таңдаулы кадрлардан құралған еді. Олар өз мектептерін ғана көтеріп қоймай, сол кезде ашылып, әлі бастыға қоймаған Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетін де биік өрге жеткізді.

Әуелі Бәрімбек Сәрсенұлының ұжымға алдымен өзі үлгі көрсетті. Ол КСРО Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері, қылмыстық құқық және қылмыстық процесс кафедрасының профессоры болды. Ал Мәскеу Олимпиадасында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі мінсіз қызметі үшін «Халықтар достығы» орденімен марапатталды. Ол сонымен бірге, Қарағанды қаласының халқы және құқық қорғау органдары қызметкерлері алдында талай рет тамылжыта сөз сөйлеген тамаша шешен болатын. Бәкеңмен қызметтес болған өнегелі тұлғалар осындай куәлік етеді.

Бәрімбек Сәрсенұлының осынау кездегі зиялылығы, зияткерлігі, дегдарлығы хақындағы әңгімелер де көп-ақ. Болашақ генерал оқу ордасының негізі кітапхана және ұлағатты ұстаздар екенін тап басып білді. Сондықтан да ол мәжіліс-жиындарда, ғылыми кеңестерде: «Станиславский театр киім ілгіштен бас­талады деп санаған ғой, ал мен сіздерге айтайын: Жоғары мектеп кітапханадан басталады» деп қайталаудан жалықпайды екен. Салыстыру үшін айтар болсақ, Қарағанды мемлекеттік университетінде заң факультеті ашылған кезде университет студенттері оқу-әдістемелік құралдар, оқулықтар алу үшін Жоғары милиция мектебіне әсіресе, алғашқы жылдары жиірек келіп жүріпті. Басқаларға да шарапатын тигізген Бәкеңнің бір ұлағаты осы болса керек.

Бәрімбек Сәрсенұлымен студенттік шақта бірге оқыған, кейін Қарағанды облаткомының төрағасы болып қанаттас қызмет атқарған тағы бір тамаша тұлға Сұлтан Досмағамбетовтың айтуынша, Бәкеңнің адами қасиеттері, ұйымдастырушылық қабілеті жас кезінен-ақ байқалыпты. Ол милиция жоғары мектебінің құрылыс кешенін алғашқы қазығынан бастап көтерді. Сол кезде Қарағанды бүкіл Кеңестер Одағының ішкі істер органдары үшін кадрлар даярлады. Мұнда оқуға түсуге алып елдің барлық алыс түкпірлерінен келіп жататын. Ал Бәрімбек Бейсеновтің қызметі Қарағанды заң институты тарихындағы ең басты жарқын беттердің бірі болып қала береді. Жетпісінші жылдардың соңынан бас­тап жас оқытушыларды елдің жетекші оқу орындарына күндізгі бөлімнің адъюнктурасына жіберуін осы саланың білгірлері профессор Бейсеновтің көрегендігі деп бағалауы бекер емес. Осынау азаматтың жер бетіндегі ізгілікті іздері мен қалдырған мұрасы, ғылыми еңбектері өте ауқымды, ал оның ең елеулі перзенті – Қарағанды заң институты екендігін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі болған Б.Ысқақов та қадап айтқан екен. Академик Салық Зиманов осы Қарағанды кезеңін: «Бәрімбек Бейсенов өз ісін төменнен бастады және ішкі істер офицерлерінің тамаша жоғары мектебін жасақтады. Қазір ол біздің республикамыздың жоғары мектебінің мақтанышы саналады» деп сипаттады. Иә, Қарағанды мектебі сол тұста Одақ бойынша құрылған осындай үшінші мектеп еді. Кейін осы үлгідегі мектептер ашылған. Бірақ мына алғаш ашылған жаңа сипаттағы ірі мектепке Одақ тарапынан да, республикалық министрлік те аса үлкен баға берді. Сол арқылы Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің жүйесінде сыннан өткен ғылыми-педагогикалық кадрлар қалыптасқаны көзіқарақты қауымға әбден мағлұм.

Қарағанды мектебінің бастығы қызметін Бәрімбек Сәрсенұлы 16 жыл атқарып, 1985 жылы зейнетке шықты. Бірақ ол істен қалмайды. Тыным­сыз азамат Қарағанды мектебінің Алма­ты­дағы филиалында соңғы деміне дейін профессорлық тағылымын жалғас­тырады, Ішкі істер министрлігінің Алма­тыдағы Жоғары тергеу мектебінде дәріс­тер оқиды. Сонымен бірге, 1997 жылы Қазақстанда Заңгерлер қауымдастығы құрылғанда соның вице-президенті болып сайланған еді. Заң саласының ардагері қауымдастықтың күллі ұйым­дастыру жұмыстарын жүргізуді өз мойнына алады. Осы орайда облыстарда филиалдар ашу жоспарланған болатын. Сол шаруамен Бәрімбек Сәрсенұлы Семейге жүрмек болады. Дәл осы сапар алдында жүрек талмасы ұстап, асыл азаматты арамыздан алып кетеді.

Иә, замандастарының бағалауында Бәрімбек Сәрсенұлы кең пайымды, жан-жақты дарынды, ойшыл да қайраткер азамат болған. Ғылымға бөлетін уақытының көбін керегесін өзі керіп, уықтарын бір-бірлеп қадап, шаңырағын көтерген мектептің ұйымдастыру шаралары жеп кеткен сияқты көрінгенімен, өмірде қалдырған ең үлкен ізі де осы болды. Оқу ордасының жаңа заман талаптарына, өрелі өркениет дәрежесіне сай болуын қамтамасыз еткен. Шынында да, бұл мектеп оның перзенті еді. Қазірде атағы зор академияға айналған, ел қорғаны болар сайыпқырандарды баулитын осынау білім ордасы қанатты Қазақ елімен бірге жасай беретіні күмәнсіз.

Қорғанбек АМАНЖОЛ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы.

Соңғы жаңалықтар