07 Сәуір, 2010

ЫҚПАЛДАСТЫҚТЫ ДАМЫТУДАҒЫ ЖАҢА ҚАДАМДАР

549 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов жұмыс сапарымен Ливан Республикасында болды, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. Кәрім Мәсімовтің осы елдің Премьер-министрі Саад әл-Хариримен кездесуінде екіжақты сауда-экономикалық қыз­мет­тестікті дамытудың кейбір мәсе­лелері талқыланды. Ал Ливан Президенті Ми­шель Сулейманмен болған кез­десуде Қазақстан мен Ливан ара­сындағы екіжақты экономика­лық ынтымақтастық жөнінде пікір алмасылды. Экономикалық өзара ықпалдастықты тереңдету үшін барлық жағдайлардың жа­сал­ғаны атап өтілді. Тараптар осы үдерістің белсенділігін арттыра түсуге деген өздерінің мүдделіліктерін білдірді. Сапар барысында сондай-ақ Ливан Сыртқы істер министрі Али Хасан әл-Шамимен келіс­сөз­дер жүргізіліп, өңірлік қыз­меттестікті нығайту мәселелері талқыланды. Біз Ливанды Қа­зақ­стан Президентінің баста­ма­сы­мен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес үдерісіне қатысушы болуға ша­қы­рамыз, деді К.Мәсімов. Али Шами Ливанның Азиядағы тұ­рақ­тылық пен қауіпсіздікті ны­ғай­ту үдерісіне атсалысуға мүд­делі екенін жеткізді. Ресми сапар шеңберінде Қа­зақ­стан Үкіметінің басшысы К.Мәсімов Ливан Парламентінің төрағасы Набих Берримен келіс­сөздер жүргізді. Онда екі ел ара­сындағы экономикалық байла­ныс­тарды неғұрлым тереңдете түсу мәселелері қаралды. Премьер-Министр К.Мәсімов бастаған қазақстандық делега­ция­ның ресми сапары соңында Үкімет үйінде кеңейтілген құрам­да екіжақты келіссөздер өтті. Кездесу кезінде екі елдің эко­номиканың түрлі салалары, атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, туризм және қаржы секторы бойынша қызметтестік жағдайы өте нәтижелі түрде талқыланды. Біз Таяу Шығыстағы ахуалды және екі елдің бейбітшілікті қамтамасыз етудегі мүмкіндік­терін талқыладық, деп атап өтті Кәрім Мәсімов кездесу соңында. Кездесу қорытындысында Қа­зақстан және Ливан сыртқы істер министрліктері арасында өз­ара саяси консультациялар ту­ра­лы меморандумға қол қойылды.