Ордабасы ауданында жыл басынан бері 18 мал ұрлығы тіркеліп, оның 12 жайты ашылды. Ордабасы аудандық полиция бөлімшесінің криминалдық полиция және жергілікті полиция қызметкерлерінің жұмыс күшімен мал ұрлығымен айналысқан екі қылмыстық топ ұсталды.
Қылмыстық топтың біреуінде төрт адам болған, олар ауданға қарасты ауылдардың бірінен қой ұрлаумен айналысқан. Екінші қылмыстық топтың құрамында да төрт жергілікті тұрғын бар. Олардың Ордабасы ауданы Амангелді ауылынан ұрланған 47 бас қой ұрлығына қатысы бары анықталды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (ұрлық) бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілгеннен кейін мал ұрлығына қатысты жиналған материалдар сотқа жіберілді. Ұрланған қойлардың басым бөлігі заңды иелеріне қайтарылды.
Ордабасы аудандық полиция бөлімшесінің жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Махамбетов атап өткендей, мал ұрлығының орын алуына негізінен үй малын қараусыз қалдыратын ауыл тұрғындарының бейқамдығы себеп болып табылады. Одан бөлек, төрт-түлігі жоғалған сәтте бірден полицияға хабарламай, өз бетінше іздеп уақыт оздырады. Бұл әрекет мал ұрлығының ашылуына кері ықпал етіп жатады.
Қазіргі уақытта Ордабасы аудандық полиция бөлімшесінің полиция қызметкерлері тарапынан мал ұрлығы жайттарының алдын алу және азайту, жайылымда қараусыз қалған малдарды анықтау бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп жатыр. Тәртіп сақшылары қора-жайларды және жайылымдарды аралап, тұрғындармен жиындар өткізуде, мал иелері мен бақташылар арасында ұжымдық жайылымға үш жақты келісім жасау, сондай-ақ үй жануарын дер кезінде сырғалау және ен-таңбаларын салдыру туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мысалы, Ордабасы АПБ ЖПҚ қызметкерлері ауласында ұсақ мал бағып, өсірумен айналысатын Темірлан ауылы тұрғынының үйіне барды. Полиция қызметкерлері үй иесіне қойларды таңбалаудан бастап, қора-жайын сенімді құлыптармен нығайтуға және ауласына мүмкіндігінше бейнебақылаукамераларын орнатуға әрекет жасап, өз мүліктерін сақтау бойынша осындай тиімді шаралар қабылдау қажеттігін түсіндірді.
Ордабасы ауданының тәртіп сақшылары мал ұрлығының алдын алу және жолын кесу мақсатында жайылымдарда қараусыз қалған малдарды анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізуде және мұндай жайттар анықталған жағдайда тәртіп бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабына сәйкес (ауыл шаруашылығы жануарларын жаю ережелерін, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету ережелерін, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.
Мал ұрланған немесе жоғалған жағдайда тез арада “102” телефоны арқылы полицияға хабарлау қажет.