Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада оқырмандарға қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың татар тіліне аударылған өлеңдер жинағы таныстырылды.
Ақынның 120 жылдық мерейтойына орайластырылған бұл шараны Қазақстан татарлары мен башқұрттары қауымдастығы, Ұлттық академиялық кітапхана және «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ ұйымдастырды.
Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада оқырмандарға қазақтың ақиық ақыны Мағжан Жұмабаевтың татар тіліне аударылған өлеңдер жинағы таныстырылды.
Ақынның 120 жылдық мерейтойына орайластырылған бұл шараны Қазақстан татарлары мен башқұрттары қауымдастығы, Ұлттық академиялық кітапхана және «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ ұйымдастырды.
Мағжан өлеңдері нәзік иірімімен, шынайылығымен, өміршеңдігімен әр буынның да жанына жақын. Оның өлеңдері қазақ халқының рухани асыл қазынасының інжу-маржанына бағаланады. Енді сол асыл қазынаның өзге елдің рухани кеңістігіне жол тартуы қуанышты оқиға. Тұсаукесер рәсімін қысқаша сөз сөйлеп ашқан Ұлттық академиялық кітапхана директорының орынбасары Ғалия Бөкейқызы Мағжан Жұмабаевтың өлеңдер жинағының татар тілінде жарыққа шығуына Татарстан Жазушылар одағының бастамашы болғанын айтты.
Бұдан кейін сөз алған «Егемен Қазақстан» газеті редакторының орынбасары, мағжантанушы Жарасбай Сүлейменов бұл оқиғаның символдық мәніне тоқталды. «Мағжан тек қазақтың ақыны емес. Ол түбі бір түркі жұртына ортақ тұлға. Мағжанның өлеңдері осыдан тура бір ғасыр уақыт бұрын тұңғыш рет Қазан қаласында жинақ болып басылып шыққан болатын. Енді араға жүз жыл салып тағы да Қазан қаласында Мағжан жинағының жарық көруі – оның шығармашылығының заманалармен бірге жасай беретінінің, түркі жұрты үшін сарқылмас қазына екенінің көрінісі», деді ол.
Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Нұрлан Оқаұлы, Парламент Сенатының депутаты Жабал Ерғалиев, Еуразия ұлттық университетінің этникааралық және дінаралық толеранттылық жөніндегі ЮНЕСКО кафедрасының меңгерушісі Ғаділбек Шалахметов, белгілі жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай, Қазақстан татарлары мен башқұрттары қауымдастығының құрметті президенті, Татарстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі Тауфик Каримов сынды азаматтар жиналған қауыммен Мағжан шығармашылығы туралы келелі ойларымен бөлісті.
Кеш барысында Қазақстан татарлары мен башқұрттары қауымдастығының президенті, танымал профессор және әдебиетші Гриф Хайруллиннің құттықтау хаты оқылды. «Мағжан Жұмабаев – шығармашылығы бізді қызықтыратын туыстас қазақ халқының ұлы. Ол Уфадағы атақты «Ғалия» медресесінің түлегі, оның поэзиясы барлық түркі халқының рухына жақын. Қазан қаласында татар тіліндегі Жұмабаев поэзиясы жинағының жарыққа шығуы, оның өлеңдерінің «Фикер» қауымдастығы газетінде жарияланып тұруы кездейсоқ емес. Оның өлеңдерін аудару ісімен Нури Арслан, Радиф Гаташ, Флера Тарханова сынды татар ақындары айналысып жүр» делінген хатта.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».