Аймақтар • 08 Маусым, 2020

Мал баққанға бітеді

978 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Асыл тұқымды малдан алар өнімің қомақты. Сондықтан, жергілікті малсақ қауым асыл тұқымды қара малдың басын өз төлі есебінен көбейтуге ынталы болып отыр. Осыдан сегіз жыл бұрын 130 бас ірі қара алған «Журавлевка-1» серіктестігі бүгінде мал басын үш мыңға жеткізген.  

Мал баққанға бітеді

Қазақтың ақбас сиыры. Арқаның ауа райына әбден төселген. Өсімі де көңіл тоғайтарлық. Биыл орташа есеппен 100 сиырдан  95 төл алыныпты. Бұл жақсы көрсеткіш. 14 айлық өгізшелердің салмағы 450-500 келіге дейін жетеді. Күніне шамамен бір жарым келіге дейін салмақ қосады.  

– Біз үшін ақбас сиырларды өсіру тиімді. Өйткені, өлкенің климаттық жағдайына төселген. Екіншіден, осы жердің жем-шөбі де олардың талғамына сәйкес келеді. Өткен жылы асыл тұқымды мал көрмесіне қатыстық. 634 келі таратын 18 айлық бұқа бас бәйгені жеңіп алды. 3 жарым миллион теңге тұратын салмақ өлшейтін таразыны сыйға тартты,–дейді серіктестік директорының орынбасары Тимур Андаров.   

Биыл ылғал мол. Сондықтан жайылымдағы шөп те қалың әрі құнарлы. Сондықтан қыстық қораға қоңды, жаясы дөңгеленген мал кірмек. Айтпақшы серіктестікте 2 мың гектардан астам жайылымдық жер бар. Қыстық 5 мың тонна шөп дайындалады.  

– Жалпы қазіргі күні 3 мың бас мал бар. Оның тең жартысы асыл тұқымды. Сұраныс жоғары. Жақында ғана Көкшетаудың жігіттері 150 бас тана сатып алды. Сонымен бірге 120 бас бұқа саттық. Негізі малды баптап-бақсаң өсімі болады,–дейді Тимур Андаров.          

Бүгінгі таңда берекесі мол ата кәсіпті дамытуға ерекше ден қойылуда. Өңірлік бағдарламалар да жүзеге асып жатыр. Яғни, мүмкіндіктің бәрі қарастырылған. Қазір аудан бойынша 60 мың басқа жуық қара мал бар. Соңғы жылдары құс шаруашылығын дамыту да қолға алынуда.  

 

Бұланды ауданы,

Ақмола облысы.