Қазақ вальсінің королі атанып, есімі ел есінде жатталып қалған Шәмші Қалдаяқов ауылы кеше қандай еді, бүгін қандай?! Айырмашылық жер мен көктей. Бүгінгі күні бұған дейінгі Шәмші ауылына апаратын жолдың екі жақ қапталында қараусыз қалып арамшөп басқан алқаптардың орнын бапталған жер мен топырақ алмастырған. Жаңбырлатқыш қондырғылар кең жазықтықта болашақ өнімді ылғалмен қанықтыруда. Тақтайда тегіс жол сізді облыс орталығынан Шәмші ауылына жарты сағаттың о жақ, бұ жағында жеткізе алады.
Бүгінде еліміздің көптеген ауылдарына инвесторлардың ат басын бұра бермейтіні айтылып та, жазылып та жүр. Бұл жөнінде де халқымыздың аса талантты ұлының атындағы ауылдың бәсі мен бағы биік тұр деп сеніммен айта аламыз. Өйткені оған Ақтөбе аймағындағы ең ірі агро құрылымның бірі «АкТеп» ЖШС-ның келуі ауылдың қайта түлеуіне оң әсерін тигізіпті. Айталық қолында жеткілікті қаражаты бар тұрғындар ғана жеке тұрғын үй құрылысын салуға бекем бел байлай алады. Мұнда олардың қатары жүздеп саналатынына көз жеткіздік. Айталық Желтау ауылдық округінің әкімі Азамат Ырзағұловтың айтуынша тек соңғы жылдары Шәмші ауылында жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін барлық инженерлік-коммуникациялық желілер тартылған бес жүзге тарта жер телімі бөлінген.
Шәмші ауылының тұрғындары орталықтандырылған ауыз су құбыры мен көгілдір отынның және үздіксіз жылу-энергия қуаттарының игілігін көріп отыр. Сондай-ақ жоғарғы жылдамдықтағы интернет желісі тұрғындардың бүгінгі заманғы ақпарат айдындарын еркін барлауына мүмкіндік туғызған. Сөйтіп екі мыңнан астам тұрғыны бар ауыл жылдан жылға көркейіп, гүлденіп келеді. Тағы бір жағымды жәйт – Шәмші ауылында масылдық көзқарасқа түбірінен балта шабылған деуге болады. Мұнда тұрғындар тарапынан жұмыс жоқ, жұмыс таба алмай жүрміз деген әңгімелерді мүлдем естімейсіз. Оның есесіне еңбек етуге деген ниет пен құштарлық ауаны көбірек аңғарылады.
Округте тек бір ғана шаруа қожалықтарының саны жетпіске таялып жүргені – еңбекқорлық пен табандылықтың басты бір белгісі болмақ. Оның үстіне жоғарыда айтылып өткендей «АкТеп» секілді ірі инвестордың ауылды өз қамқорлығына алуы жаңа жұмыс орындарының көбірек ашылуына да негіз қалапты. Біздің бүгінгі басты мақсатымыз – кім де кім жұмыс жасағысы келсе, немесе өз кәсібін ашуға шешім қабылдаса – оған барлық қажетті жағдайды туғызу үшін хам-қарекет жасау, соңғы уақытта қала тұрғындарының ауылға келіп жер алып еңбек етуге деген ұмтылысы өсіп келеді. Сөз жоқ мұның өзі жағымды жәйт, оң құбылыс. Солардың көпшілігі жастар екені де сүйсіндереді. Қолдан келгенше біз оларға да жағдай туғызуды қажет деп санаймыз дейді округ әкімі А.Ырағұлов.
Журналистік іс-сапар барысында тағы бір көңілге түйген жәйт бұл топыраққа тек облыс орталығынан ғана емес, сонымен бірге Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан қоныс аударғандар да бар екенін білдік. Солардың бірі Нұр-Сұлтан қаласындағы төрт бөлмелі жан-жақты жабдықталған пәтерін сатып округ аумағына фермерлік шаруашылықпен айналысу үшін арнайы келген азамат Абат Өтегенов екен. Ол бұл қадамына еш өкінбейтінін, керісінше алдағы өмірі мен кәсібі үшін қажетті шешім алғанын айтып берді. Мен осы топырақта дүниеге келдім. Балалық -жасөспірім шағым осында өтіп орта мектепті аяқтадым. Елге келіп – еңбек етуді мақсат етіп осы жоспарымды жүзеге асыру үшін сүтті бағыттағы ешкі өсіруге бел будым. Әрі бұдан алынатын өнімдердің өңдеу ісін қолға алып арнайы цех аштым. Оның қызметін ғылыми-өндірістік тұрғыдан жолға қою мақсатында аудандық жұмыспен қамту орталығының көмегіне сүйеніп қос технолог маманды қызметке қабылдадым дейді ол. Бүгінгі күні елордадағы қалыпты тірлігін ауылға айырбастаған азамат әзір өнімдерді облыс орталығындағы базарларға көтерме баға бойынша өткізу тәртібін жолға қойыпты.
Қазіргі кезде ауыл жастары қалаға кетіп жатыр деген әңгімелер жиі естіліп қалады. Шындығы да осы екені хақ. Ал Желтау ауылдық округінде керісінше ауыл тұрғындары жас отбасылардың есебінен толығып келеді. Округ әкімінің мәлімдеуінше әр жыл сайын оның аумағында екі жүзден астам нәресте дүниеге келеді екен. Айталық жас отбасылар қатарындағы Құсайыновтар отбасы Шәмші ауылына бұдан он бір жыл бұрын қоныс аударыпты. Ерлі-зайыптылардың үш баласы бар.
- Шәмші ауылында жастардың қаладан қоныс аударып еңбек етуіне барлық жағдайлар жасалған. Мұндағы өмір сүру деңгейі қаладан бір де бір кем емес екеніне көзіміз әлдеқашан жетті. Ауылда өмір сүріп еңбек ету – жан рахаты, жүйкені тыныштандыру тетігі екенін сезіндік деп ағынан жарылды. Құсайыновтар отбасының алтын қазығы Эльвира ханым.
Ауыл тұрғындары көрнекті композитор Шәмші Қалдаяқовтың есімін мақтан тұтып әр жыд сайын он бесінші тамызда, яғни оның туған күнінде еске алу шараларын өткізуді дәстүрге айналдырыпты. Ал биыл оның туғанына тоқсан жыл толуына орай Шәмшінің өмірі мен өнеріне қатысты жаңа бағрдарлама әзірленіп тұрғындар назарына ұсынылмақ. Осы орайда сәл шегініс жасар болсақ Ақтөбе облыстық әкімдігі мен маслихатының 2007 жылғы 11 шілдедегі шешіміне сәйкес Қарғалы ауданындағы Александровский ауылы Шәмші Қалдаяқовтың атына берілген. Бұдан бөлек есімі ел аузында жатталып қалған көрнекті композитордың есімін қастерлеу және мәңгі есте қалдыру жөніндегі мәселеде меценаттық қолдаудың қажеттілігі де басы ашық мәселе.
Бұл тұрғында тұрғындар Шәмшінің есімін иеленген ауылда оның ескерткіш-мүсінін тұрғызуға және ауыл аумағын абаттандыруға қаржылай қолдау көрсеткен азамат Қайырғали Арыстанғалиевтің тыңдырған ісіне дән риза екенін айтуға тиіспіз. Өйткені «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме халқымыз.
Түйіп айтқанда Шәмші ауылы ұлт өнерінің тарихына алтын әріппен жазылып қалған Шәмші Қалдаяқовтың есімін дәріптеп, саламатты өмір салтын орнықтыра білген өркенді де өнегелі ауылдың бірі. Өмір сүрудің басты мәні – еңбекте, ел мен жердің одан әрі өсіп өркендеуі үшін лайықты еңбек ете білуде десек – бұл жөнінде де Шәмші ауылының мәртебесі биік тұрғаны күмәнсіз. Оның кейбір мысалдары жоғарыда жазылды да, ілкімді іс пен рухани кемелдікке куә боламын десеңіз Шәмші ауылына келіңіз ағайын!
АҚТӨБЕ облысы
Қарғалы ауданы
Шәмші ауылы