Экопакет – табиғат пен қоршаған ортаға қамқор тұрғындар таңдауы. Әлемде қағаз қаптама жер жүзін ластаған полиэтиленге балама болып отыр. Көкшетаулық бастамашыл жастар «Экопакет» өндірісін қолға алған. Өндірісі күрделі, шикізаты қымбат болса да, жас буын өңір тұрғындары табиғатты сақтауға назар аударады деген сенімде.
– Бұл экологиялық пакеттер тегін таратылады. Көкшетау қаласында үш супермаркетте бар. Тұрғындар бұл пакеттерді жақсы қабылдауда. Оң пікірлер білдіріп жатады, – дейді «Экопакет» жобасының менеджері Рысбек Өмірғалиев.
Жас кәсіпкерлер өндірістік желіні өзге де қаптама түрлерін өндіруге бейімдеуді жоспарлап отыр. Цемент, ағаш көмірі тәрізді құрғақ өнімдер де қағазбен қапталады. Қазір өнім құны қаптама сыртындағы жарнама арқылы ақталуда. Қолданылатын желім мен бояу адам ағзасына зиянсыз.
– Сондай-ақ, пакетке қандай да бір ақпаратты басу үшін, табиғи таза бояулар қолданылады. Бұл азық-түлік тауарлары үшін арнайы ойластырылған шешім. Сондай-ақ, қағаз қаптамадағы заттар ұзақ сақталады, – дейді «Экопакет» жобасының менеджері Анель Қарымсақова.
Бастысы, тұрғындар саналы таңдау жасауға дағдыланса екен дейді табиғат жанашырлары.
Көкшетау қаласы