
Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесіп, келіссөз жүргізді.
2012 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының Президенті Беларусь Республикасына ресми сапармен барып, келіссөз жүргізген. Сапар аясында бірнеше екіжақты құжаттарға қол қойылған, соның ішіндегі ең маңыздысы – Мемлекет басшыларының Бірлескен мәлімдемесі. Беларусь Президентінің кеше бізге келуі соған жауапты сапар болды.

Кеше Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесіп, келіссөз жүргізді.
2012 жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының Президенті Беларусь Республикасына ресми сапармен барып, келіссөз жүргізген. Сапар аясында бірнеше екіжақты құжаттарға қол қойылған, соның ішіндегі ең маңыздысы – Мемлекет басшыларының Бірлескен мәлімдемесі. Беларусь Президентінің кеше бізге келуі соған жауапты сапар болды.
Беларусь – Қазақстанның ең жақын әріптестерінің бірі. Екі ел арасындағы қарым-қатынас екіжақты және көпжақты пішіндерде дамып келеді. Беларусь Республикасы мен Ресей Федерациясы Қазақстанмен бірлесіп Кеден одағын, одан Біртұтас экономикалық кеңістік құрғаны белгілі. Осы құрылымдар және екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық-келісімдік базасы бүгінге дейін 70-тен астам құжатты құрайды. Соның ішіндегі екіжақты қарым-қатынастағы ең маңыздылары – Достық пен ынтымақтастық туралы және 2009-2016 жылдарға арналған ұзақмерзімді экономикалық ынтымақтастық туралы келісімдер.
Үкімет басшылары деңгейіндегі ресми сапарлар да былтырғы жылдың аяғы мен үстіміздегі жылдың басында жүзеге асты. Қазақстан Премьер-Министрі Серік Ахметов сәуір айында Белоруссияға ресми сапармен барып, әріптесі Михаил Мясниковичпен келіссөз жүргізген.

Қазақстан Беларусьтің сауда-экономикалық әріптестері арасында ТМД шеңбері бойынша Ресей мен Украинадан кейін үшінші орын алады. 2012 жылдың қорытындысы бойынша екі елдің арасындағы сауда айналымы 766,2 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл – 2011 жылғы көрсеткіштен 5,4 пайызға артық. Екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды жандандыруда 1996 жылы құрылған Үкіметаралық комиссияның атқарып келе жатқан рөлі зор. Қазақстан жағынан оның тең төрағасы болып Төтенше жағдайлар министрі В.Божко, ал Беларусь жағынан Премьер-Министрдің орынбасары М.Русый тағайындалған. Осы комиссияның 10-шы отырысы үстіміздегі жылдың 28-30 тамызында Белоруссияның Гродно қаласында болып өтті.
Соңғы кездері Қазақстан мен Беларусь арасындағы көлік саласындағы ынтымақтастық жақсы қарқынмен дамып келеді. Беларусьтің «Белавиа» авиакомпаниясы Астана – Минск – Астана бағытында аптасына 3 рет, Қостанай – Минск – Қостанай бағытында 2 рет, Қарағанды – Минск – Қарағанды және Павлодар – Минск – Павлодар бағытында бір рет қатынайды. Қазақстан мен Беларусь арасындағы аймақаралық ынтымақтастық та жақсы жолға қойылған. 2013 жылдың алғашқы жартыжылдығында-ақ Павлодар, Қостанай, Қарағанды және Атырау облыстарының делегациялары Беларусь Республикасында болып, екіжақты экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша келіссөз жүргізді. Жылдың аяғына дейін Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарының делегациялары да Беларусь қалаларына бармақшы.
Екі елдің арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар да жылдан-жылға арта түсуде. Беларусьтің Ұлттық техникалық университетінде Қазақ тілі, тарихы және мәдениетінің Абай атындағы орталығы жұмыс істейді. Ал біздің Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Беларусь тілі мен мәдениетінің орталығы бар. Екі елдің көптеген жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасында ғылым-білім консорциумдары ұйымдастырылып, бірлескен жобалар іске асырылуда. Сондай-ақ С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетте инженер кадрларын даярлау және қайта даярлау жөніндегі Қазақстан-Беларусь оқу-өндірістік орталығы ашылған. Қазақстанның белоруссиялық достары клубының ашылуы да екі ел халықтарының бір-біріне жақындап, мәдени байланыстарды тереңдете түсуге ұмтылуын көрсетеді.
Қазақстан мен Беларусь арасындағы медицина саласындағы байланыстарды да ауыз толтырып атап өтуге болады. Алматыдағы А.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми-зерттеу орталығы Беларусьтің Кардиология және кардиохирургия жөніндегі республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығымен ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойып, адам органдарын трансплантациялау бойынша бірлескен оталар жасауға келісті. Беларусьтік мамандармен бірлесіп жасалған алғашқы осындай ота 2012 жылдың қараша айында жасалды. Онда қазақстандық 3 бүлдіршіннің ауру бүйрегі ауыстырылды. Мұндай оталар Қазақстанда бұрын жасалмаған екен.
Ресми қарсы алу рәсімі аяқталған соң, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың кездесуі алдымен шағын құрамда жүргізілген келіссөздерден басталды. Онда Мемлекет басшылары Кеден одағы мен Біртұтас экономикалық кеңістік аясындағы интеграциялық үдерістерді дамыту барысын талқылады. Сонымен қатар, сауда-экономикалық және индустриялық-инновациялық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты тереңдету барысындағы нақты мәселелерді қарастырды. Соның ішінде агроөнеркәсіп кешені бойынша кооперацияны күшейту мүмкіндіктері сөз болды.
Н.Назарбаев А.Лукашенконың бұл сапары екі ел арасындағы қарым-қатынастардың, саясаттағы, экономика мен мәдениеттегі екіжақты байланыстардың соңғы жылдары белсенділікпен дами бастағандығының көрінісі екенін атап өтіп, өзіне былтырғы жылы Минскіге жасаған сапарында көрсетілген құрметті еске алды. Сіздің сапарыңыз екіжақты ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсер деген сенімдемін, –деді Қазақстан басшысы. Ал Беларусь Президенті өзінің жауап сөзінде екі ел халықтарының ұқсастықтарын атай келіп, біз өз халықтарымыздың мүддесі үшін жұмыс істеп жатқанымыздың зор маңызы бар. Ол тіпті келер ұрпақтардың да қолдауына ие болады, деді. Сондай-ақ, келіссөз барысында Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасының негізгі өлшемдері мен экономикалық интеграциялық бағыттар жөніндегі мемлекеттер ұстанымы да талқыланды. Сонымен бірге, екіжақты қатынас бойынша өнеркәсіп кооперациясы мен агроөнеркәсіп кешені саласы бойынша бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жөніндегі жұмыстар барысы туралы әңгіме қозғалды.
Шағын құрамдағы кездесу аяқталған соң келіссөз кеңейтілген құрамда жалғасты. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып, екіжақты келіссөздер бойынша көптеген мәселелердің талқыланғанын атап өтті. Екіжақты сауда-экономикалық байланыстар биыл біршама төмендегенін айтып, оған әлемдік экономикадағы жалпы жағдайдың теріс әсер еткенін атап өтті. Дегенмен, біздің елдеріміздің арасындағы өнеркәсіп саласындағы озық тәжірибе жалғасын табуда. Қазір Қазақстанда 14 біріккен кәсіпорын жұмыс істейді, олар шахта, карьер техникаларын, тракторлар, комбаиндар, арнаулы өрт сөндіргіш техникалар, ауыл шаруашылығына қажетті түрлі тіркемелер шығаруда, деді Елбасы. Сондай-ақ, кеңейтілген отырыс барысында Қазақстан басшысы Қазақстан мен Беларусьтің екіжақты және көпжақты негіздегі ауқымды байланыстар біріктіретін жақын серіктестер екенін атап көрсетті. Бұл сапар екіжақты қарым-қатынасты дамытуға зор үлес қосады деп сенемін. Келіссөздер қорытындысы бойынша біз Бірлескен мәлімдеме қабылдаймыз, онда елдеріміз арасындағы достықты, экономикалық ынтымақтастық пен саяси байланыстарды нығайтуға ортақ ұмтылысымыз көрініс табатын болады, деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде А.Лукашенко Қазақстанның Беларусь үшін сенімді дос және одақтас екенін атап өтті. Біз өз кеңістігімізде Еуразиялық экономикалық одақ секілді бірегей құрылымды бірге құрудамыз. Ол екі елдің экономикасын дамытуға мол мүмкіндік туғызады. Өзара тиімді қарым-қатынастарымызды нығайту үшін Біртұтас экономикалық кеңістіктің артықшылықтарын мейлінше күшейту қажет, деді Беларусь Президенті.
Келіссөздер аяқталған соң бірнеше екіжақты құжаттарға қол қойылды. Соның ішінде Мемлекет басшылары Н.Назарбаев пен А.Лукашенко Қазақстан Республикасы Президенті мен Беларусь Республикасы Президентінің Бірлескен мәлімдемесіне қол қойды. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасының Ішкі істер министрлері Қ.Қасымов пен И.Шуневич екі ел азаматтарының бір-бірінің аумағына келу тәртібі және реадмиссия туралы келісімге, Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі В.Божко мен Беларусь Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары М.Русый 2009-2016 жылдарға арналған екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2014-2016 жылдарға арналған Бірлескен іс-шаралар («Жол картасы») жоспарына, сондай-ақ Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Б.Әбдірәсілов өзінің осындай қызметтегі әріптесі А.Морозевичпен екі ЖОО арасындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды.
Осыдан кейін Н.Назарбаев пен А.Лукашенко бірлескен мәлімдеме жасады. Оны Қазақстан Президенті бастап, өзінің шақыруымен келген А.Лукашенко бастаған Беларусь делегациясына оң сапар тілейтінін айтты. Одан әрі екі ел арасындағы қарым-қатынастың достық, әріптестік, түсіністік және сенім негіздерінде дамып келе жатқанын атап өтті. Н.Назарбаев Қазақстан аумағында табысты жұмыс істеп тұрған бірнеше Қазақстан-Беларусь біріккен кәсіпорындарын санамалап берді. Соның ішінде Қарағандыдағы «Қаз-БелАЗ», Семей мен Қостанайдағы ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын, трактор жасайтын және т.б. біріккен кәсіпорындар аталды. Агроөнеркәсіп кешені, мал шаруашылығы, көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастық та ауыз толтырарлықтай екен. Еуразиялық одақтың құрылуы біздің елдеріміз арасындағы экономикалық кооперацияны одан әрі тығыз жүргізуге мүмкіншілік беретін болады, деді Н.Назарбаев. Сонымен бірге, ол Қазақстандағы 100 мыңға жуық белорус этносы екі ел арасындағы достықтың тереңдей түсуіне оң ықпал ететін көпір екенін атады. Өзінің сөзін Қазақстан Президенті белорус халқының «Жақсы қонақ келсе, үйдің қақпасы өзінен өзі ашылады» деген мәтелімен бітірді.
Жауап сөзінде А.Лукашенко аймақаралық байланыстардың маңыздылығын және оның жақсы дамып келе жатқанын атап өтті. Ортақ рынокты барлық салада дамыту – біздің маңызды міндетіміз. Осы міндетті шешу алдағы екі жылға арналған екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың «Жол картасын» бекітуге септігін тигізетін болады. Бұл кешенді құжат өзара іс-қимылдың барлық саласын қамтиды, деді Беларусь Президенті.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».