22 жастағы Түркістан бокс мектебінің түлегі 2016 жылы Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, ересектер арасында Таиландта жалауы желбіреген Азия чемпионатында топ жарған болатын. 2017 жылы Нұр-Сұлтанда өткен Президент кубогы жолындағы жарыста топ жарса, келесі жылы күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ Бек Нұрмағанбет бірнеше халықаралық турнирдің жүлдегері саналады.
2018 жылы Ақтау қаласында ұйымдастырылған бокстан ел біріншілігінде 81 кило салмақта жеңімпаз атанып, бірден ұлттық құрама бапкерлерінің көзіне түсіп, өз салмағында Қазақстанның бірінші нөмірлі боксшысы атанды. Алайда былтыр жарақатына байланысты әлем чемпионатына бара алмаған соң, оның орынына Бекзат Нұрдаулетов жаһандық додада сынға түсті. Ресей төрінде өткен біріншілікте Бекзаттың жасындай жарқылдағанына тек Қазақстан емес, бүкіл әлем куә болды. Жартылай финалда кубалық Ла Крузды, финалда өзбек Ділшодбек Рузметовты жеңіп қана қоймай, құрамдағы орнын нақтылап қойды. Сол жеңісінің арқасында Нұрдәулетов биыл Аммандағы Олимпиадаға іріктеуге барып, Токиоға жолдама алды. Осылайша, Бектің Олимпия ойындарына барамын деген арманы тағы 4 жылға шегерілген соң ол бірден бағын кәсіпқой бокста сынап көруге бел буды.
Қазіргі таңда «Suleimen promotions» компаниясымен екінші орта салмақтағы WBA International, WBO Global және WBC Asian белдігінің иегері Айдос Ербосынұлы мен жартылай орта салмақтағы WBA intercontinental, WBO oriental және IBF Australasia белдігі бар Нұрсұлтан Жаңбаев сынды боксшылар жұмыс істейді.