Аймақтар • 08 Маусым, 2020

Алматы облысы: Алакөл жағалауы қашан ашылады?

1227 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биыл әлемдегі туризмнің жағдайы мәз болмайтыны анық. Осылайша, пандемия қауіпі нәпақасын демалыс орындары мен қызмет көрсетуден түскен қосымша табыстан тауып отырған мемлекеттердің экономикасына жойқын соққы жасады.

Алматы облысы: Алакөл жағалауы қашан ашылады?

Әсіресе, жазғы маусымда жұрт жаппай ағылатын теңіз жағалаулары енді бұрынғыдай демалушылар жинай алмайтыны белгілі. Коранавирус қатері баяулағанмен де көптеген ел бұдан былай туризмнің ішкі мүмкіндігіне ғана үміт артатын айқындалып келеді. Ал бұл жағдай Қазақстандағы ішкі туризмді дамытудың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашуы тиіс. Өйткені, жұқпалы індеттің алдын алу шараларын қатаң сақтай отырып, отандық демалыс орындарының жұмысын жандандыруға баса көңіл бөлініп отыр. Қазір осы бағыттағы жұмыс Алакөл жағалауында қызу қолға алынған. Жалпы, 13 маусымнан бастап Алматы облысы аумағындағы жағажай туризмі биылғы жұмысын бастайды. Бірінші кезекте Алакөл жағалауындағы демалыс орындары ашылмақ.

- Алакөлдегі демалыс орындарын 13 маусымнан бастап ашуға рұхсат береміз. Және биыл көлдің қос жағалауындағы шомылу маусымын бір мезетте ашу үшін Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен келістік. Жағажайда жұқпалы індеттің алдын алу шаралары қатаң сақталатын болады. Жалпы, демалыс орындардарындағы санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бұрыннан қатаң қадағаланып келеді. Ал пандемия жағдайында бақылау тіптен күшейгені дұрыс. Адамдар демалыс кезіндегі сақтық шарасын сақтауды үйренуі керек. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті шараны жасаймыз, - дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.

Яғни, 13 маусымнан бастап Алакөл ауданы аумағындағы туристік маусым жалауын көтермек. Жалпы, облыстың туризм басқармасының мамандары биыл Алакөл жағалауында демалушылар қатары жылдағыдан еселеп көбейеді деген болжам жасап отыр екен. Оның бір себебін шетел курорттары мен жағажайларындағы шектеулердің күшейіп, әуе қатынасының күрделенуінен іздеген дұрыс. Демек, демалыс маусымын суы шипалы Алакөл жағалауында өткізушілер легінің өсетіні анық. Әрі бұл отандық экономика үшін үлкен олжа болары сөзсіз.

Ал Алакөл жағалауындағы демалыс орындарының ахуалы қандай? Дерек бойынша мұндағы 144 демалыс нысаны келушілерді қабылдауға толықтай дайын екен. Бұл орындар бір мезетте 4500 адамға қызмет көрсете алады. Мұнан бөлек, Алакөл жағалауында бұған дейін 250 орналасу нысаны жұмыс істеп тұрған болса, биыл тағы 14 жаңа нысан ашылады екен. Сондай-ақ, жағажайда қалталы қонақтарға арналған  жоғары деңгейлі қонақ үйлер де жеткілікті. Сәйкесінше, биыл Алакөл жағалауындағы бір күндік демалыс құны 5 000 теңгеден 150 000 теңгегенің арасында болмақ.

Айтпақшы, Алакөл жағалауына келушілер үшін  «Нұр-Сұлтан-Үшарал-Нұр-Сұлтан» және «Алматы-Үшарал-Алматы» бағыттары бойынша әуе рейстері жұмыс істеп тұр. 1 маусымынан бастап ашылған ұшақ сапары күн сайын қатынайды. Ал 8 маусымнан 24 қазанға дейін «Алматы-Үшарал-Алматы» бағыты бойынша қосымша рейс іске қосылады екен. Сондай-ақ, «Жетісу» авиакомпаниясы «Талдықорған-Үшарал-Талдықорған» бағыты бойынша аптасына 7 рет адам тасымалдап отыр.

Мұнан бөлек, Алакөлге қарай теміржол қатынасы да жүруді бастады. Қазір «Жетіген-Достық-Жетіген» бағыты бойынша пойыз қатынайды. Билет бағасын әлеуметтің қалтасы көтереді. Шғынның бір бөлігін облыс бюджеті субсидиялайды екен. Осы мақсатқа 85 млн теңге қаржы қарастырылыпты. Яғни, «Жетіген-Достық-Жетіген» бағыты бойынша пойыз қатынасы маусым айынан бастап, тамыз айына дейін аптасына 3 рет жүреді. Арнайы 7 вагон бар. Билет бағасы плацкарт орны үшін - 2686 теңге, купе - 4500 теңге. Пойыздағы орын саны 324 жолаушыға арналған екен.

- Біз биылғы демалыс маусымында Алакөл жағалауына келушілер қатары 2 млн адамнан асады деген болжам жасап отырмыз. Туристерге қолайлы жағдай жасау үшін облыс тарапынан барлық жағдай жасалуда. Жол, демалыс нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Демалыстың жайлы болуы үшін, қауіпсіздік сақталуы үшін қажетті шаралар жасалады. Әсіресе, демалушыларды қарсы алатын Ақши ауылындағы туристік нысандарды дамытуға көңіл бөлінуде. Мұнда қазір үлкен демалыс саябағының құрылысы жүріп жатыр. Нысанды 6 шілдеге дейін аяқтап, пайдалуға бермек. Саябақ аумағында автокөлік тұрағы, ойын алаңдары, жазғы кафе, 336 адамға арналған амфитеатр, ашық сахна, футбол алаңы, волейбол алаңы, вело жолдар, роликпен сырғанауға арналған алаң және басқа да спортпен айнлысуға қолайлы орындар бар. Талапқа сай екі дәретхана құрылысы да аяқталмақ, - дейді облыстық туризм басқармасының туристік жобаларды жоспарлау және жүзеге асыру бөлімінің басшысы Бақытжан Оразбаев.

 

 

Алматы облысы