05 Қазан, 2013

Жыраулар поэзиясындағы басты бейне

4708 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін

Алаш жұртының тілегін ту ғып кө­тер­ген, намыс қып қайраған, қысылғанда қай қазақ болмасын есімін медет көрген, XVIII ғасырда жоңғар езгісінде жұтылуға шақ қалғанда азаттық туын көтерген хан Абы­лайдың есімі елдің жүрегіне ала бөтен жақын. Оның батылдығы, қарағайға қарсы біт­кен бұтақтай қайсарлығы, даналығы, сергек те сезімтал көрегендігі туралы ел арасына кең тараған ғажайып аңыз-әңгі­мелер, шытырман хикаялар, тамаша жыр-дастандар аз емес.

Алаш жұртының тілегін ту ғып кө­тер­ген, намыс қып қайраған, қысылғанда қай қазақ болмасын есімін медет көрген, XVIII ғасырда жоңғар езгісінде жұтылуға шақ қалғанда азаттық туын көтерген хан Абы­лайдың есімі елдің жүрегіне ала бөтен жақын. Оның батылдығы, қарағайға қарсы біт­кен бұтақтай қайсарлығы, даналығы, сергек те сезімтал көрегендігі туралы ел арасына кең тараған ғажайып аңыз-әңгі­мелер, шытырман хикаялар, тамаша жыр-дастандар аз емес.

«...Өзге ел өкілдеріне қазақ хандары ішінен неғұрлым әйгілісі де, халық әде­биетінде көркем бейнесі жарқын мадақталғаны да Абылай екені кәміл... Ол жөніндегі көне сөздердің көптігі соншалық Абылайнама деп атарлық мол туындылар шоғыры жасалған. Орыс халқының тарихында былина – жырлардың ең көбі ертедегі «күн дидарлы князь» Владимир дәуіріне арналған десек, қазақтың тарихи-этикалық өлең-жырларының аса көрнекті бөлігі де Абылай және оның айналасындағы батырларға, билерге, шешендерге бағышталған...» деп, жазды белгілі әдебиет зерттеушісі, профессор Рахманқұл Бердібаев (Абылай хан. Алматы. «Жазушы» 1993, 4-бет).

Тәтіғара жыраудың «Кебеже қарын, кең құрсақ» деп басталатын жырында Цинь империясы мен Абылай жасақтары арасында болған шабуыл сипатталады.

«Кебеже қарын, кең құрсақ

Артық туған Абылай

Көтере көр бұл істі:

Көп қытайдың жылқысы,

Тұрымтайдай құнысты,

Жау жағадан алғанда,

Ит етектен алғанда,

Ер Абылай қорыққан жоқ,

Әшейін еңкейе бере жылысты.

Бәсентиін Олжабай,

Оны да мен ер көрдім,

Оқ жіберіп ұрысты».

Абылай бастаған қазақ әскерлері сан жағынан күші басым қытай-мәнжүр әскерлерімен табан тіреп ұрыс сала алмай, шегіне соғысады. Сарбаздардың еңсесі түскенін көрген Тәтіғара жырау олардың жауынгерлік рухын көтеріп, намысын қайрау үшін, осы жырды табан астында суырып салып, жырлаған.

Бұл жырды кезінде қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов орыс тіліне қара сөзбен аударған.

Жырдағы оқиға 1756 жылы болған. «Дана әмірші, көреген дипломат Абылай шығыстан шыққан жаңа жұрттың топан суындай қауіпті екенін бірден таниды, оны тоқтату үшін қажыр-қайратпен қоса, ақыл-парасат, әдіс-айла керегін, бірер күндік емес, ұзақ заманға есептелген жүйелі саясат қажетін жақсы біледі. Сондықтан да Жоңғариядағы Цинь басқыншылығына қарсы күреске дем береді. Қазақ ордасының әскери күшін топтап, жанкешті ұрысқа әзірленеді. Ақыры, 1756 жылы жазда Мәнжу-Цинь әскері Хадаха және Дардана дейтін қолбасыларының басшылығымен оңтүстік және терістік тараптан, екі лек болып, қазақ даласына қарай қаптай төгілгенде, Абылай үш алаштан құралған қалың қолды бастап, қарсы шығады.

1756 -1757 жылдардағы қазақ-қытай соғысының тарихы әлі жазылған жоқ. Бұл біздің қаһарман халқымыздың ерлік шежіресіндегі өзгеше бір тарау. Соңғы кезде табылған нақты тарихи құжаттарға қарағанда, жаз бойғы қантөгіс – алма-кезек шабуыл, итжығыс күрес үстінде өтеді. Қазақтармен бірге Әмірсана бастаған қалмақ шерігі де қайтпай соғысады.

Абылай басшылық еткен алаш әскері әуелі Жетісуда Қалмақ-Толағай тауының етегінде, одан соң Аягөз бойында Цинь әскерлеріне ауыр соққылар береді. (Мұхтар Мағауин. Қазақ тарихының әліппесі. Алматы «Қазақстан» 1995, 117-б).

Үмбетей жыраудың Бөгенбайға қатысты екі ұзақ жыры сақталған. Мұның біріншісі – Бөгенбайды жоқтау да, екіншісі – Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту. Жоқтау жырында:

«Қолтығы ала бұғының

Пәйкесіндей Бөгенбай,

Жалаң қия жерлерден

Жазбай түсіп түлкі алған,

Білегі жуан бүркіттің

Тегеуріндей Бөгенбай», – деп, батырды азалайды, көзінің жасын көл қылады, батырдың халқына жасаған жақсылықтарын айтып, мадақтайды. Екінші жыр естірту түрінде келеді. Үмбетей алдымен Абылай өмірін, халық басындағы ауыр жайларды толғап, одан соң қуанышты күндер, жеңісті жорықтар, ба­тырлардың көрсеткен ерліктерін мадақ­тайды. Абылайдың өз басының ерліктері санамаланады.

«Жиырма жасың толғанда,

Қалмақпен соғыс болғанда

Алғашқы бақты тапқанда

Шарыштың басын қаққанда,

Қанжығаңа бас байлап,

«Жау қашты», деп айғайлап,

«Абылайлап шапқанда...».

«Үмбетей шығармасы жырау кеңінен толғаған себепті әдепкі салт өлеңнің көлемінен шығып кеткен. Жырдан сол кезде болған тарихи оқиғалардың біразының елесін көреміз. Жырдың бас жағында Абылайдың жайы, оның «Сарыарқаны жерім деп, қалың қазақ елім деп» Үркеніштен келгендігі, алғашында Төле бидің түйесін бағып жүргендігі, ер жетіп бұғанасы қатқан соң, ойраттармен күрес дәуірінде көзге түскендігі айтылады.

...Сол сияқты, Абылайдың Ташкентте қалмақ тұтқынында болуының жайы сөз етіледі. Қазақтардың сырт жауларға қарсы жасалған сәтті жорықтарының кейбірі еске алынады. Сол замандағы дұшпанды мұқатқан қаракерей Қабанбай, қанжығалы Бөгенбай, Сары, Баян, Сағымбай сияқты батырлардың ерлігі мадақталады. Мұның бәрі бізге ел жадында сақталған тарихи әңгімелер мен поэмалардан да белгілі.

Осыларға қарағанда, Үмбетейдің Абы­лай және XVIII ғасыр батырлары жайын­дағы жырларды туғызушылардың бірі болғандығы көрінеді» (Мұхтар Мағауин. Ғасырлар бедері. А., 1991, 79-80-б.б).

1760 жылдардың аяғында Орта жүз бен Ұлы жүздің батыс бөлігінің Абылайдың қол астына қарауына орай оның ықпалы бұрынғыдан да гөрі арта түседі. Мұнан кейін ол 1770 жылы қалың қол жиып Талас пен Шу бойының қырғыздарын тәуелді етеді. Аманатқа адамдарын алады. Қазақ ханы қырғыздардың қайта кү­шейіп кетуінен қауіптеніп, олардың бір­сыпырасын Орта жүз қоныстанған Қазақ­станның солтүстігіне апарып қоныс­тандырады.

Үмбетей жырлауындағы қырғыздар мен қазақтар арасындағы екі айқас – Барақ қолының жеңілісі мен Абылай жасақтаған көп әскердің 1770 жылғы жеңісі жайлы екендігі күмәнсіз. Ал, жалпы сол кезең оқиғасы ауыз әдебиетінде біраз із қалдырған. (Валиханов.Ч.Ч. Собрание сочинений в пяти томах. Т. 1. Алма - Ата, 1961. С. 172-180; Казахский фольклор в собрании Г.Н.Потанина. Алма - Ата: Наука, 1972. С. 263-264).

Абылай хан бейнесін өз туындыларына өзек еткен көптеген ақын, жыршы, жыраулардың бастауында тұрған Бұқар жыраудың жыр-толғауларының орны ерекше екендігін айтқымыз келеді. Абылай ханға арналған Бұқар жырау жырларының тамаша да әсерлі көркемдік құндылықтарын әңгіме етпеген күннің өзінде өз дәуірінің, заманының тарихи шындығының тамырына бойлаған реалистік қуатты терең бояулар Бұқар жырау жырларының құжаттық мәнін айрықша көтеріп тұр. Көп жағдайларда біз­дің тарихшы зерттеушілеріміз XVIII ғасыр тарихына қатысты зерттеулерде өзге ел саяхатшы, зерттеушілерінің жазба де­рек­теріне сүйеніп келгені шындық. Соңғы он жылдықтың көлемінде ғана тарихшы мамандарымыз Бұқар жырау дастандарының тарихи негіздеріне көңіл аудара бастады.

Үнді тарихын ағылшындардың көзімен емес, үнділердің көзімен қайта жазу керек – деген Джавахарлал Нерудің ұлағатты сөздерін еске алсақ, бізге де өз төл тарихымызды, сол тарихтың куәгері боларлық, қайнар бастауларға, сол дәуірдің тірі айғақтары ақын-жыраулар мұраларына ғылыми зердемен көз жүгіртіп, саралап-өлшейтін мезгіл жеткен сияқты. Осы тұрғыдан келгенде Абылай ханның жарқын тұлғасын бар қайшылықты болмысын, ол өмір сүрген заманның алмағайып тынысын жан-жақты көркем бедерлей алған Бұқар жырау мұраларының тарихилық сипаты ғылыми тұрғыдан келгенде бүгінгі күндері өлшеусіз өсе түсетіні даусыз.

Әсіресе, бір орталыққа бағынатын күшті қазақ хандығын құру идеясы жолында табанды мемлекет қайраткері бола білген Абылай ханның шынайы тарихи болмысын, оның адами ішкі жан дүниесін, пендешілік осал жақтары мен туған халқының болашағы үшін қайтпайтын қайсар рухын диалектикалық тұрғыда таразылауда Бұқар сөздерінің мәні ерекше.

Бұқар жыр-дастандарына ең алғаш ғылыми мән берген Шоқан Уәлиханов болатын. Бертін кездегі ғылыми еңбектерде мұндай жағдай мүлде аз не болмаса кездеспейді. Көп жағдайда Бұқар жырау мұраларының тарихи қатпарларына қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуші әдебиетші ғалымдар ғана көңіл бөліп келді. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап, академик Манаш Қозыбаев бастаған тарихшы ғалымдар Бұқар жырау жырларындағы тарихи шындық қатпарларына ғылыми зердемен үңіле бастады. Бұл үрдіс болашақта да жалғаса беруге тиіс.

Бұқар жырларынан көптеген тарихи оқиғалардың ізін көруге болады. Жоңғар мемлекетін жойғаннан кейін Цинь империя­сы ендігі шекарасын қазақ жеріне сұғына кіріп кеңейтпекші болады. Осы мақсатта Цинь императоры Чжао Хой мен Фу Де генералдар басқарған 90 мың әскер қытай шеріктері қазақ жеріне жылжыған. Мұндай шабуылдар жиілеп басқыншылық саясат толастамайды. Осы кезде Абылай хан Бөгенбай батырды бас етіп, Қытай әскеріне қарсы шабуылға шығады. Бөгенбайдың қолы Цинь әскерін талқандап Тұрфанға дейін ығыстырады. Осы тарихи оқиғаны Бұқар:

Сүйеуге арқа жарайды,

Мынау көрші орысың.

Сәтсіздеу боп тынып тұр,

Боғдыханмен соғысың.

Тұрфанды шапты Бөгенбай,

Жаратамын сол ісін.

Батыр аңғырт десек те,

Көрсеткендей ел күшін, – деп сүйсіне жырлайды.

Тарихи оқиғаларды негіз еткен, Абылайдың жеке басын дәріптеген Бұқардың «Күпшек санды күреңді», «Қалданменен ұрысып», «Басыңа біткен күніңіз» атты үш жыры бар. Бұл тарихи жырлар 1771 жылы Алтайға қоныс аударған Еділ бойы қалмақтарына қатысты «Шаңды жорық» оқиғасына байланысты шығарылған. Бұқар жырау бұл жайлы Абылайға қаратып айтатын үш шығармасында да сөз етеді. Мысалы:

Қырық сан қара қалмақты,

Жарлығына қаратқан...

Лабашы деген бір елді

Антыменен улатқан.

Ераншы мен Серенді,

Тозғындатып шулатқан...

Жасыл көлге мәслихатқа келтіріп, – дейтін жолдардың басқа жұрт емес, Еділ қалмақтары жайлы сыр шертетіні хақ. Енді осы жолдардың астарына үңіліп көрейік.

Ресей мемлекеті XVIII ғасырдың алғашқы жартысында Еділ бойында отарлау саясатын жүзеге асыра бастады. Патша үкіметінің тек орыс дворяндарының ғана емес, көпестердің де мүддесін көздеген бұл қадамы қалмақтарға қолайлы тимейді. 1731-1732 жылдары Дон казактарының мыңнан астам отбасы Еділ мен Илі (Иловлей) өзендерінің аралығына кеп қоныстанады. (Очерки истории Калмыцкой АССР. Дооктябрьский период. М., Наука, 1967. С. 196). Көп ұзамай Жайық бойында да казак станицалары бой көтеріп, қалмақтар қоныстанған өлкенің солтүстігіне немістер келіп орнықты. Мұның өзі қалмақ феодалдарының қоныстарын біраз тарылтады. Соған төзім ете алмаған торғауыт ханы Убаши 1766 жылдары Астрахань губернаторы Н.А.Бекетовке кеп осы жайды екі дүркін мәлімдеп, шағым етеді. Осыдан кейін патша өкіметі даулы аудандарды картаға түсіріп, қалмақтар қонысының шекарасын межелеуге бекінеді (Пальмов. Н.Н. Этюды по истории приволжских калмыков. Ч. V. Астрахань. 1932. С. 3-4). Бұл шаралар, бірақ, тездетіп жүзеге аса қоймайды. Сөйтіп, Еділ қалмақтары 1771 жылдың 5 қаңтарында Алтайға қарай бет түзейді (Очерки истории Калмыцкой АССР. Дооктябрьский период. М., Наука, 1967. С. 200-202). Мұны көрген орыс мемлекеті оларды кері қайтару үшін Орск бекінісінен генерал-майор Трауренберг бастаған әскер шығарады. Бұл әскер Нұралы, Қайып, Есім, Пірәлі, т.б. қазақ билеушілерінің сарбаздарымен кей тұста біріге отырып, кей жерде өз беттерімен қашқандардың соңынан біраз жерге дейін қуып барып, кері оралады (Рычков.Н. Дневные записи путешествия капитана Н.Рычкова в киргиз-кайсацкой степи в 1771 году. СПб, 1772. С. 319.). Қашқан халық кері қайтпағанмен сол жолда ата жауларының қарсылығына кезігіп көп шығынға ұшырайды. Әсіресе, қалмақтар үшін қиын тиген кез – олардың Мойынты өзеніне жеткен мезгілінде болған сияқты. Өйткені, осы жерде Убаши жұртын Абылай, Нұралы, Орыс, Әділ қолы қоршауға алады. Жоңғарияға барар жол кесіледі. Амалы құрыған торғауыт ханы Абылайға елшілер жіберіп, бодандық сұрайды. Өз қолындағы бір мыңнан астам тұтқындарды қайтаратындығын мәлімдеп, көшіп-қонып жүру үшін қоныс сұрайды. Осының нәтижесінде екі жақ келісімге кеп, қалмақтарға тұтқындарды қайтару үшін үш күндік мұрсат беріледі. Бірақ, қалмақтар үшінші күннің түнінде күтпеген жерден қазақтарға тап береді де, қарсыластарын біраз қаймықтырып алып, Балқаштың батыс бетімен ілгері қарай бет түзейді. Әйтсе де олар сол жолы орасан көп адамдары мен малдарынан айырылады. (Очерки историй Калмыцкой АССР. Дооктябрьский период. М., Наука, 1967. С. 217-218).

Демек, Бұқар жырау бұл жерде «Жарлығына қаратқан... Антыменен улатқан» деген сөздер арқылы тарихи фактіні дәл көрсетіп отыр. Бір қарағанда торғауытты тізе бүктіріп, әмірін жүргізген билеуші деген сөз артықтау сияқты көрінгенмен түптеп келгенде оның жоғарыдағыдай тарихи негізі бар. Ал, жыраудың «қырық сан қара қалмақ» деген мәліметіне, яки сол жолы Еділден Алтайға қоныс аударған Убаши жұртының санына келсек, бұның өзінің осы мәселеге қалам тартқан авторларда әрқилы көрсетіліп жүргенін айта кеткен жөн. Мәселен, Н.Рычков пен А.Макшеев оларды отыз мың үй, яки жүз жиырма мыңдай адам еді деп жазады. (Рычков.Н. Дневные записи путешествия капитана Н.Рычкова в киргиз-кайсацкой степи в 1771 году. СПб, 1772. С. 55; Макшеев.А. Исторический обзор Туркестана и наступательного движения в него русских. СПб. 1890. С. 107.) Ал, Иакинф Бичурин сол кездегі Убаши ханның қарамағында 580 мың түтін бар еді. Белгілі шеруде олардың үш жүз мыңдайы опат болып, екі жүз сексен мыңдай адамы ғана Алтайға жетті. Малының үштен екісі жолда қырылды деп көрсетеді (Иакинф. Описание Чжунгарии и Восточного Туркестана в древнем и нынешнем сос­тоянии. СПб, 1829. С. 186-189, 192-193.)

Яғни, бұл соңғы мәлімет Бұқар жыраудағы «Қырық сан» тіркесін, яки төрт жүз мыңдық адамды бес жүз сексен мыңға жеткізіп, көтеріңкіреп көрсетеді.

Соған қарағанда жырау бұл туралы да бір шамадан соққан деп есептеуге болады. Әрине, Бұқар Абылай қасындағы адам болғанмен оның қолында торғауыттардың дәл саны болмағаны анық. Жыраудың сол сөзді тұтқынға түскен қалмақтардың өздері жайлы берген мәліметтері арқылы ғана айтуы мүмкін. Әйтпесе, қазақтың ауызекі сөзінде көп айтылатын қырық сан сөзін жырау мұқаған жауының санын біраз өсіріңкіреп көрсету үшін пайдалануы да ғажап емес.

Осы 1771 жылғы «шаңды жорықта» Абылайдың көптеген батырлары ерлік көрсетіп, жаудың құтын қашырғандығы айтылады. Жырау олардың есімдерін былайша тізбелейді:

Қалданменен ұрысып,

Жеті күндей тұрысып,

Сондағы жолдас адамдар:

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шақшақұлы Жәнібек,

Сіргелі қара Тілеуке,

Қарақалпақ Қылышбек,

Текеден шыққан Сатай, Бөлек,

Шапырашты Наурызбай,

Қаумен, Дәлет, Жәпек батыр қасында,

Бақ дәулеті басында.

Сеңкібай мен Шойбек бар,

Таңсық Қожа, Мәмбет бар,

Қасқараудан Молдабай,

Қатардан жақсы қалдырмай,

Есенқұл батыр ішінде,

Дукей батыр жиылып,

Абылай салды жарлықты.

Абылайды ақсүйектері мен батырларына барлық олжаны үлестіруші қылып көрсетеді. Сонымен бірге, осы жолғы дүние-мүлік бөлісуде Абылайдың өзіне енші боп тиген қалмақ қызынан Қасым туғандығын хабарлайды. Абылайдың сол ұлына құтты болсын айта барғандар атынан Бұқар жырау, сондағы қанды жорықты, ондағы Абылай қасында болған Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Тілеуке, Қылышбек, Сатай, Бөлек, Наурызбай, Қаумен, Дәлет, Жәпек, Сеңкібай, Шойбек, Таңсық, Қожа, Мәмбет, Молдабай, Есенқұл батырлардың есімдерін атай келіп, Қасымның шешесінің сонда қолға түскен тұтқын қыз «бөліске түскен олжаның» ең негізгісі, басы екенін аңғартады. Одан әрі жырау:

– Басыңа біткен күніңіз,

Құтты болсын ұлыңыз,

Хан Абылай атандың,

Дүниеден шықпай мініңіз.

Алтын тақтың үстінде,

Үш жүздің басын құрадың.

Жетім менен жесірге,

Ешбір жаман қылмадың.

Әділетпен жүрдіңіз,

Әдепті еске кірдіңіз.

Арманың бар ма, хан ием?

Мәртебелі төбеге,

Жауыңды алып жайладың,

Жеті күн кіріп ұрысқа,

Өлімге басты байладың.

Айтар сөзім осы - дүр,

Ақылың бар хан едің,

Мұның түбін ойлағын, – деп, міне, енді сол перзентіңіздің бауы берік болсын, сол жолы «жеті күн кіріп ұрысқа» жауыңның жанын жаһаннамға кетірген сенің «арманың бар ма хан ием?» – дейді.

Бұқар жыраудың Абылайға айтқан өсиет сөздерінің ең үлкені ел бірлігі. Қазақтардың жер бетінен жоғалып кетпей іргелі ел болуы үшін, дұшпандары ығатындай айбарлы күш болуы үшін де мемлекеттік саясаттың ең бастысы, маңыздысы елдің «алтыбақан алауыз» болмай, «іштей ірімей» тұтаса ұйысуы үшін де ел бірлігінің қажет екенін үнемі жырлаудан әсте тынбаған.

Кіші қара қалмақ бүлерде

Бозылардың билігі,

Бұлт бұрқан болысты,

Уағыдадан жылысты,

Буыршындай тіздесті,

Жамандықты іздесті

Бірін-бірі күндесті.

Жаулаған ханын қара оңбас,

Хан қисайса бәрі оңбас,

Ханын қалмақ жаулаған

Сүйткен қалмақ оңбаған.

Жырау ойрат жұртының бүлінер, бұлғақ басталар тұсында олардың билігіне «бұлт бұрқанның» келгенін айтады. Бұл жоңғар билігіне Лама-Доржыны өлтіріп таққа отырған Даваци (Дабашы) мен Әмірсана екеуінің арасындағы билік үшін қырқыстың басталған кезі. Дабашы мен Әмірсана Сыбан Раптанның Тибет билеушісіне ұзатылған қызынан туған жиендері, Тибет ханзадалары еді. Жоңғар дәстүрі бойынша жиендер де ұлдан туған хан тұқымдарымен бірдей таққа мұрагер бола беретін. Қалдан Сереннің бұл жиендері Тибет далай ламасының тәрбиесін көрген діни білім мен тәрбие алған, діни атақ, лауазымдарға ие болатын. Бұқардың айтып отырған «бұлт бұрқаны» осындай діни лауазым болар деп топшылаймыз. Себебі «бұрқан» сөзі ежелгі түркі, қазақ тілдерінде «будда» ұғымын береді. Әр нәрседен білімі мол, көпті көрген Бұқар сөзі осыны меңзесе керек.

Даваци мен Әмірсананың билік үшін қырқысуы қалмақ жұртын тоз-тоз қылады. Бұл орайда жырау ойрат билеушілері Даваци мен Әмірсананың тақ үшін таласып, қарақан бастарының қамы үшін ел қамын, оның бірлігінің қажет екенін ұқпай ақыр соңында Цинь, манжур езушілерінің жеміне айналған жан шошырлық трагедия­сын ханның да, халықтың да үнемі есіне салып отырады.

Орта Азия хандарының ішінде өзінің дипломатиялық шеберлігімен, ақылды терең саясатымен Абылай хан өз тұстастарынан, ерекшелене көзге түседі. Ресей мен Қытай секілді екі алыптың арасында жұтылып кетпей, екеуінің де көңілін табатын ақылды саясат жүргізіп, халқының болашағын ойлау өте қиын іс еді. Орыстың зерттеуші ғалымы Левшин Абылай туралы: «Абылай тәжірибелі, ақыл-айласы жағынан болсын, сондай-ақ, өзінің Ресей патшалығымен, Қытайдың Боғдыханымен жүргізген тапқыр да, шебер қарым-қатынастары жағынан болсын өз тұстарындағылардың бәрінен де басым еді. Ол ұстамды, досына қайырымды, жауына қатал, қаһарлы кісі еді. Сондықтан жұртты өзіне тарта, ерте білетін еді», – деп мінездеме береді. (Левшин.А. Описание киргиз-кайсацких орд и степей. СПб, 1832).

Бұқар жырау да Абылайдың кемеңгер ел билеушісі ретіндегі қасиет - болмысын:

Хан Абылай атандың,

Дүниеден шықпай мініңіз.

Алтын тақтың үстінде,

Үш жүздің басын құрадың.

Жетім менен жесірге,

Ешбір жаман қылмадың.

Әділетпен жүрдіңіз,

Әдепті іске кірдіңіз – деп, жоғары бағалайды.

Сөз соңында айтарымыз XVIII ғасыр­­дағы қазақ жыраулары өз шығарма­ларын­да, толғау-жырларында алаш жұртының қамы үшін ер Едігедей арпалысып өткен қа­зақтың әулие ханы Абылайдың кейінгі ұрпақтың жадынан шықпас өшпес тұл­ғасын, жарқын бейнесін мәңгі сомдап кетті.

Сәбит ЖӘМБЕК,

филология ғылымдарының

кандидаты, доцент,

Төлеген КАЖЫБАЙ,

жазушы.

Көкшетау.