05 Қазан, 2013

Бақытжанның бас сабағы

320 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыдан дәл бiр жыл бұрын қазақ халқының даңқты перзентi Бауыржан Момышұлының жан дегенде жалғыз ұлы, белгiлi жазушы Бақытжан Момышұлының көңiлiн сұрауға бардым. Кiре берiсте қарсы алған жазушының жұбайы Зейнеп Ахметова:

– Кеше ауылдан қарындастары келiп едi. Көңiлiн сұрау үшiн... Оларды танымады... Қиын болып тұр.., – деп көзiне жас алды.

Осыдан дәл бiр жыл бұрын қазақ халқының даңқты перзентi Бауыржан Момышұлының жан дегенде жалғыз ұлы, белгiлi жазушы Бақытжан Момышұлының көңiлiн сұрауға бардым. Кiре берiсте қарсы алған жазушының жұбайы Зейнеп Ахметова:

– Кеше ауылдан қарындастары келiп едi. Көңiлiн сұрау үшiн... Оларды танымады... Қиын болып тұр.., – деп көзiне жас алды.

Бiрақ, Бақытжан аға менi таныды. «Бақытбек...», деп еттен арыған саусақтарымен қолымды қысыңқырап: «Дүние астан-кестен болып кетті ғой, қалайсың көкем, жарығым, көрінбей кеттің ғой, келіп тұрсаңдаршы», – деген. Ол кісі маған ылғи да осылай айтатын. Батырдың бел баласының қуарған жүзінен қайғының ізін көрсем де, көңілі бұзылмады. Құдайына түзу адам ғой, шүңірейген көзінен қимастық сезілсе де, босамады, есін тез жиып алды. Туған-туыстары есі кіргеніне аң-таң. «Парламентте не болып жатыр, екі күн болды теледидар көре алмадым», – деді тағы да.

Бақытжан аға мұның алдында да талай рет сенім хат беріп ескерткен болатын, осы жолы да мына мәселенi есiме салып жатыр. Елiмiзде Бауыржан Момышұлына қатысты түрлi шаралардың өткiзiлетiнi белгiлi ғой. Мiне, осы шараларда Бауыржан Момышұлының аты мен затына қатысты рәмiздер мен белгi-бедерлердiң (медаль, белгi, таңба және т.б.) қатесiз жазылуын, олардан қате кетпеуiн қадағалауды тапсырып: «Осы шаралардың бәрiне де өзiң бас-көз бол!» деген-дi. Осыны тағы да есiме салды.

Сол күнi Оралға жүрiп кеттiм. Оралға барғаннан кейiн: «Бақытжан Момышұлы қайтыс болды», деген суық хабар да жеттi...

Бақытжан Момышұлының жазушылығы мен аудармашылық өнерi жайында аз жазылған жоқ. Бұл – Бақытжан Момышұлының шығармашылығы өте жоғары бағаланғанының белгісі. Оның шет жағасын өзiм де көрдiм. «Мен көрген соғыс» деген кiтабым жарық көргеннен кейiн осы кiтапты орысшаға («Война, которую видел я») Бақытжан аға аударды. Оқығандар «Мен көрген соғыс» пен «Война, которую видел я» кiтаптарын салыстырғанда сенікінен Бақытжан ағаның сөзi озыңқырап тұратынын байқайтынын айтатын. «Аударғаннан кейiн осылай оздырып аудару керек қой!» дейтiн iштей риза болғандар.

Бақытжан Момышұлы жазушылығымен, аудармашылығымен қатар, жан-жақты, үлкен эстет, аса бiлiмдi тұлға едi. Менiң жеке басымды, әсiресе, тәнтi еткенi – Бақытжан Момышұлының өзiнен бұрын әкесiнiң абыройын ойлайтыны едi. Бiрде үй туралы әңгiме болып қалды. «Жоғары жаққа барып, неге үйдi кеңейтiп алмайсыз?» дедiм Бақытжан ағаға. «Мен сол сенiң жоғары жағыңа барсам, олар «Бақытжан Момышұлы келдi», «Бақытжан үй сұрап келдi» демейдi, «Бауыржан Момышұлының баласы үй сұрап жүр», дейдi. Сондықтан да бұл жерде қанағат етуге тура келедi. Әзiрше осы үй де жетедi...», дедi ағамыз.

Әкенi сыйлау, әкенi қадiрлеу осындай-ақ болар, Бақытжан Момышұлы мына өмiрден әкесiнiң даңқы мен атақ-абыройына қылаудай дақ түсiрмей өттi. Даңқты, атақты, абыройлы адамның баласы қандай болуы керек? Бақытжан Момышұлы ағамыз осы сауалға өзiнiң өмiрiмен, өзiнiң өнеге-үлгiсiмен толық жауап берiп кеттi ғой деп ойлаймын.

Қазiргi күнi атақты адамдардың тойымсыз, қанағатсыз, сұрамсақ ұл-қыздарын көргенде, ойыма ылғи да Бақытжан аға оралады. Бақытжан ағаның қанағатшылдығы еске түседi...

Бақытбек СМАҒҰЛ,

Мәжiлiс депутаты, Ауған соғысы ардагерлер ұйымдарының «Қазақстан ардагерлері» қауымдастығының төрағасы.

Соңғы жаңалықтар