05 Қазан, 2013

Еліңе адал қызмет ет, әкім

603 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Шолақсай ауылы Науырзым ауданындағы сырткөз қызығарлықтай елді мекеннің бірі. Мұнда осы өңірдегі ең ірі «Шолақсай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 18 мың гектарға егін егеді, шамалап мал да ұстайды. Сонау 90-шы жылдары тұтастай сақталып қалған ауылдар тікелей жеке адамдардың іскерлігі мен табандылығының арқасы екені жұрттың бәріне белгілі. «Шолақсай» кеңшарындағы мүліктің барлығын шетін шығармай талан-тараждан сақтап, қайда көшерін білмей босыған ауылдастарды да божыратпай ұстап қалған Өмірзақ Ихтиляпов болатын.

Жаңа әкімнің алғашқы күні

Мұндай «қызыл директорлар» облыс­та санаулы ғана. Қамысты ауданындағы Қарабатыр, Қарасу ауданындағы Ключевой, Әулиекөл ауданындағы Диев ауылдарында бір үйдің шекесі бұзылған жоқ. Олар ауыл шаруашылығы дағдарған қиын жылдардан да қиналмай өтті. Торғай өңірі мен Науырзым ауданындағы тараған ауылдың адамдары Шолақсай ауылына келіп қоныстанды. Шаруашылық басшысы оларға жұмыс берді, әйтеуір қатардан қалмауы үшін қолтықтан демеді. Ауылдағы аралас мектепте үш жүзден аса бала оқыды. Бұл шет аудандағы ауыл мектебі үшін аз емес еді. Шаруашылықтың мектепке де, ауылдың басқа әлеуметтік қажетіне де қарасқаны аз емес.

Шолақсай ауылы Науырзым ауданындағы сырткөз қызығарлықтай елді мекеннің бірі. Мұнда осы өңірдегі ең ірі «Шолақсай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 18 мың гектарға егін егеді, шамалап мал да ұстайды. Сонау 90-шы жылдары тұтастай сақталып қалған ауылдар тікелей жеке адамдардың іскерлігі мен табандылығының арқасы екені жұрттың бәріне белгілі. «Шолақсай» кеңшарындағы мүліктің барлығын шетін шығармай талан-тараждан сақтап, қайда көшерін білмей босыған ауылдастарды да божыратпай ұстап қалған Өмірзақ Ихтиляпов болатын.

Жаңа әкімнің алғашқы күні

Мұндай «қызыл директорлар» облыс­та санаулы ғана. Қамысты ауданындағы Қарабатыр, Қарасу ауданындағы Ключевой, Әулиекөл ауданындағы Диев ауылдарында бір үйдің шекесі бұзылған жоқ. Олар ауыл шаруашылығы дағдарған қиын жылдардан да қиналмай өтті. Торғай өңірі мен Науырзым ауданындағы тараған ауылдың адамдары Шолақсай ауылына келіп қоныстанды. Шаруашылық басшысы оларға жұмыс берді, әйтеуір қатардан қалмауы үшін қолтықтан демеді. Ауылдағы аралас мектепте үш жүзден аса бала оқыды. Бұл шет аудандағы ауыл мектебі үшін аз емес еді. Шаруашылықтың мектепке де, ауылдың басқа әлеуметтік қажетіне де қарасқаны аз емес.

Алайда, шаруашылық иесі шаруамен айналысады, ауылдың өзгедей шаруасына үлгермейді, әрі құқы да жоқ. Ол осы жердің, елдің иесі ауылдың әкімі болуға тиіс. Ауыл әкімсіз болған жоқ. Бірақ соңғы жылдары Шолақсайдан қызық кеткендей бір көңілсіз қалып орнағаны рас еді. Ауылдан қалаға көшетіндер жиіледі. Мектептегі баланың саны азайды. Шаруашылық басшысының да, осы ауылда туып, өсіп-өніп келе жатқан адамдардың да салы суға кеткендей болды. Шаруаға адам табылмай қалмайды, жұмысшыны сырттан әкелсе де бір иіні табылады. Жұрт көше берсе, ауылға жаны ашымаса оның сақталуы екіталай. Кейінгі кезде әрі тарт та, бері тарт әңгіме де көбейе бастаған еді. Ауыл әкімдерін сайлап қояды дегенде шолақсайлықтар елең еткен. Ауылдың құруы да, қызығы да адамға байланысты. 7 тамыз күні сайлауда аудандық мәслихат депутаттары дауыс беріп, ауылға Сертай Шарафиев әкім болып келді.

Негізі, тамызды амал айы дейді. Жаздың мамыражай ыстығының беті қайтып, табиғат-ананың өзі жаны бар тіршіліктің бәріне алда күздің, қыстың барын ескертіп қояды. Ыс­тыққа адамдардың да еті үйренеді, өмір бойы осылай болып тұрады дегендей жалқаулық, самарқаулық та бойға ұрланып кіреді.

– Өмірде де солай-ау, шамасы, – дейді жаңа әкім Сертай Шаймерденұлы. – Адам ертеңін ойламаса, алға ұмтылмаса, қай жерге көшсе де ертегі мекенді таба алмайды. Шолақсай бұрын қандай еді. Бүгін тозудың алдында тұр екен. Ал оны тоздырмау қолдан келмейтін шаруа емес!

Әкім ауылға келген алғашқы күні іске кірісті. Неден бастады деңіз. Істі ауылдың тазалығы мен тәртіптен бастапты. Көшенің екі бетіндегі қоқысты тазалатып, бет алдына жалбырап өсіп кеткен ағаштарды бұтатыпты. Біз көргенде Шолақсай сақал-мұртын қырып, өзін ретке келтірген кісідей жұтынып тұр. Көшеде шашау жатқан бір таяқ жоқ, пысық келіннің сыпырған алашасындай жайнап жатыр.

– Осыдан екі айдай бұрын Шолақсай джунгли сияқты еді. Ал адамдар самарқаулыққа үйренген. Көшеде қоқыс жатса, басып өтіп кете береді, оны тазалауды есіне де алмайды. Малдың көңі де үйінің сыртында үйіліп тұрады. Ал қалаға не үшін көшкісі келеді? Таза жерде тұрғысы келеді, бірақ тазалауға өзінің мойны жар бермейді. Рас, ыстық су, суық суы шүмектен келіп тұр дегендей, қалада ауылға қарағанда тіршілікке жағдайдың бар екені рас. Ал ауылдың да қалаға қарағанда өз кереметі бар емес пе? Аспаннан түстік пе? Шолақсайдың кереметін айтайын. Барлық жерде ауыз су проблемасы жауыр болған. Ал Шолақсайда әр үйдің ауласында бұлақтың суындай құдық заңғырап тұр. Малдың жайылымы кең, неше сиыр ұстаймын десең жер де, шөп те жетеді, – дейді жаңа әкім.

Алғашқы күндері жаңа әкімнің көше сыпыртқанына ауылда қарсылық білдіргендер де болмай қалмады. «Өзі аудан орталығынан келген соң ауылды да сондай көріп отыр ғой, бұрын көңді қалай үйдік, солай үйеміз», десті «белсенді» кісілер. Әкім де қадалған жерінен қан алатынның бірі екен, ондайларға бой бермеді. Тіпті, болмаған соң заңды алдарына тартты. Ауылдастарды иіріп, айтқанын істетті. Міне, екі айдан бері Шолақсайдың көшесінде бұрынғыдай мал жүрмейді, мектептің, намазхананың, дүкендердің айналасы тап-таза, үйлер шарбақтарын сырлай бастапты. Бұл жаңа әкім үшін болашақ жоспарларының басы ғана.

Әкім мен кәсіпкер бір бағытқа қарауы тиіс

Сертай Шаймерденұлы өзі айтқандай, «аспаннан түскен жоқ», осыған дейін Науырзым ауданында біраз қызмет істеді. Шолақсайға келерде аудандық төтенше жағдай бөлімін басқарды. Қысқасы, адамдармен жұмыс істеу тәжірибесі және істің көзін табатын шалымдылығы да бар. Ол сайлауға түсерде көп ойланды. Ауыл адамдарды зеріктірмес үшін не істеу керек? Ауылдастар ауылдан неге кетеді? Қазір адамның материалдық және рухани қажеті болмаса кімді ұстап тұрасың? Алайда ауылдан қалаға кетіп, шылқып кеткендер де аз. Жұмыс болса, оған қоса мал ұстаса, есігінің алдына бақша ексе неге тұруға болмайды. Ауылда тұрған соң адам ауқатты болуы керек.

– Ойпыр-ай, Ахмет Байтұрсынов атамыз дәл Шолақсайға бір түнеп кеткендей болады маған. «Қазақ керегінің көбі әркімге-ақ мағлұм ғой: біз кейін қалған халық, алға барып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек», деген ғой жарықтық! Дәл шолақсайлықтарға қаратып айтқан тәрізді, – дейді әкім тамсанып. – Ахмет атамыз көрсеткен осы үш жолдан басқа жолмен жүрген қазақтың дамып кеткен түгі жоқ.

Ауылдағы адамның кәсібі – егін мен мал. Қазір мамансыз осы екі кәсіптің де жолы даңғыл емес. Ауылға жас маман тарту осы жердегі шаруашылық басшысының да, әкімнің де ортақ мүддесі. Ауылға жас келсе жаңа тыныс ашылғандай болады. Сондықтан әкім «Шолақсай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мәди Ихтиляповқа ауылдағы босаған үйлерді шаруашылықтың балансына қайта сатып алуды ұсынды. Сондай үйдің бірін Сертай Шаймерденұлы бізге де ерінбей ертіп жүріп көрсетті де. Үйдің бұзып ала беретіндей арса-арсасы шығып тұр.

– Осы үйде оншақты жылдан көп тұрған кісі бір шеге қақпаған, бір рет бояу жақпаған. Үй тозбай қайтеді? Бұл – Кеңес Одағы кезінде «Шолақсай» кеңшары дүрілдеп тұрғанда салынған үйлер. Қабырғасы кірпіштен өрілген, төбесі плита, қазір құлап қалатын үй емес, іргетасы мықты. Шаруашылық есебінен жөндетіп, ауылға келген жас мамандарға береміз, – дейді әкім. Ауылдағы кәсіпкер әлеуметтік мәселені кері ысырайын демейді, біреуден екеу жақсы, оған осындай түрткі, ұсыныс керек-ақ болатын. Бір адам нені бітіре береді? Әкімнің бұл ұсынысына Мәди де қуанып қалды. Ауылдан тағы да осындай 7-8 үйдің шығатын түрі бар. Шаруашылық басшысы мен әкім ақылдаса келе солардың барлығын да иесінен сатып алып, шаруашылықтың балансына алатын болды. Ауылдан көшем дегендер үйін бұзбайды, оған ешқандай жол берілмейді.

Ауыл шаруашылығынан береке кеткен жылдары бұрынғы «Шолақсай» кеңшарының Казанка деген бөлімшесі жабылып қалған екен. Әкім атқа мінгелі сол шұрайлы жерде тұрған Казанканы қайта жандандырып, мал шаруашылығын дамытсақ деген ұсынысын Мәдиге тағы айтты. Екеуі Казанканы аралап, ол жерден де төрт үйді жөндеп, жамап-жасқап қатарға қосуға болатынына көз жеткізді.

– Шаруашылықта қаржы, менде билік бар. Екеуміз тіл табысып, бір бағытта жұмыс істесек, бітпейтін не шаруа қалады? Адам қай жерде тұрса да еңбексіз ештеңе жоқ. Адамдарға осыны ұғындырсақ, оларға жағдай жасасақ, сұранысын өтесек, барлығы да орнына келеді, – дейді Сертай Шарафиев.

Шолақсай да қайың тоғайы секілді...

– Әп-әдемі қызметіңіз де бар екен, ауылдың әкімдігіне неге таластыңыз, мұнда неге келдіңіз? «Асфальт әкім» емессіз бе?– дейміз әкімнен сөз тарту мақсатымен.

– Рас, Науырзым ауданының орталығы Қарамеңді Қостанай сияқты болмаса да, Шолақсайға қарағанда онда барлық жағдай бар. Жанымды күтіп отыра беруіме болар еді. Мен өткен жылы инсульт алып, 8 ай ауырдым. Ауырып жүріп, «адам еліме, жеріме не бердім, не беремін деп өмір сүруі керек екен» деген ой көңілімнен шықпады. Өзімнің талпынуыммен аурудың бетін әрі қаратқандай болдым, қолымдағы таяғымды тастадым. Сосын осы сайлауға түсуге тәуекел еттім. Бірақ «асфальт әкім» емеспін, сайланған соң-ақ Шолақсайға көшіп келдім. Мен қызметіме де, халқыма да адал адаммын, – дейді Сертай Шаймерденұлы.

Ауылда тұрған ағайынға материалдық байлық қалай керек болса, рухани байлықтың маңызы одан кем емес. Әкім іске кіріскен айда еліміз Конституциясы күні құрметіне гүлдер мерекесін өткізді. Шолақсайлықтардың гүл екпейтіні кем-ау, сірә. Біреуі әкелді, біреуі қызықтады. Келер жылы, бәлкім, ол да гүл егер. Одан кейін ауылдың ортасындағы стадионды тазалап, сонда денсаулық күнін өткізді. Жарыс десе ауылдың делебесі қозып кететін әдеті емес пе. Жүгіріп, секіріп, ауылдастар бір мәз болып қалды. Осы шараның барлығын әкім шаруашылықтың демеуімен жасады. Ауылдағы жастар үшін аптасына бір рет дискотека өткізуді де қолға алғалы отыр. Ауылдың ортасындағы Кеңес Одағы кезінен қалған клубты қалпына келтірудің де уақыты жеткен сияқты. Аудан басшылығы мен Шолақсай ауылдық әкімі, «Шолақсай» шаруашылығы келісіп, осындай шешім жасап отыр. Өйткені, адамдарды рухани жұтатуға болмайтынын уақыт еске салып қояды. Ал бұрынғы асханаға қазір жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– Ауылдың музейін ашу туралы осы «Шолақсай» шаруашылығының бұрынғы жетекшісі, бүгінгі еңбек ардагері Өмірзақ Ихтиляповтың бастамасын мен қуана қарсы алдым. Бұл ауылдың іргетасын Ресей патшалығы заманында қазақ жеріне қоныс аударған орыс шаруалары қалаған екен. Содан бері ауылда керемет кісілер тұрды, шаруашылықта еңбек үлгісін көрсетті, заман өзгерістерін ауыл қалай қарсы алды? Кейінгі ұрпақ соның барлығын білуі тиіс, – дейді жаңа әкім. Қазір Шолақсайда 350 отбасы тұрады. Соның арасында 100 отбасы орыс тілді ағайын. Шағын ауылда түрлі-түрлі ұлт өкілдерін кездестіруге болады. Жаңа әкім ауылдағы православие дініндегі тұрғындарды жинап, олардың сұрауымен Қостанайдағы православие шіркеуінің басшылығына Шолақсайдан ғибадат үйін ашуды өтініп хат жазып жіберіпті. Мұсылман дініндегілердің намазхана үйі орналасқан ғимаратты қайтадан жөндеп, екінші жағынан есік шығарып, ғибадат үйін жасап бермекші. Оған мұсылман жұрты да қарсылық білдірген жоқ. «Күшті болу үшін бірлік керек» деген осы.

Әкімдік ісіне «аш қасқырдай кіріскен» Сертай Шаймерденұлының ауыл туралы уайымы да жоқ емес. Ол – мектептің жайы. Жыл сайын бала азайып барады. Ол жастардың ауылға деген елдік, патриоттық сезімін жани беру керек деп біледі. Адамның дәулетті, бақытты болуы оның ауылда, қалада тұрғанына байланысты емес, гәптің бәрі еңбекте. Шолақсайдың мөлдір суы мен таза ауасын қимай отырғандар бар. Өткен жылы осы ауылдан Германияға көшкен неміс кісі Шолақсайға келіп он күн жатып, аунап-қунап кетті. «Германияда Еуропаның қай жеріне барамын десем де мүмкіндік бар, бірақ Шолақсайдай жердің жәннаты қайда!» деп сырын айтты ауылдастарына.

Осыдан 4-5 жыл бұрын ауыл сыртындағы қайың-терек аралас шыққан тоғайға найзағай түсіп өртеніп кеткен болатын. Ауыл ағасы Өмірзақ Ихтиляпов күйген ағаштарға ешкімді тигізбеді. «Табиғат өзін өзі реттейді, тоғай қайтадан өседі, тек бармаңдар, мал жаймаңдар», деген. Жердің жағдайын жақсы білетін Өмекеңнің ауыз жаппай-ақ айтқаны келді. Қазір сол тоғайдың орнына жас шыбықтар қайтадан шығып, шолақсайлықтардың бұрынғыдай демалатын, ауылдың қадірлі қонағын күтетін орнына айналыпты. Әкім ерінбей бізді осы тоғайға бастады.

– Міне, осыдан төрт жыл бұрын мына тоғайдан жұрт күдер үзген еді. Ендігі көркін қарашы? Шолақсай да осы тоғай сияқты қайтадан көркейеді әлі, менің оған сенімім күшті! – деді Сертай Шаймерденұлы.

Иә, сенім алға жетелейді.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

Қостанай облысы,

Науырзым ауданы,

Шолақсай ауылы.

Соңғы жаңалықтар

Астанаға апаратын автобус

Қоғам • Бүгін, 10:55

Жігіттер жарап тұр

Кәсіпқой бокс • Бүгін, 10:45

Үздік балуандар анықталды

Күрес • Бүгін, 10:40

Дауыстық ЖИ

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 10:35

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 10:30

Ауа батареясы

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 10:25

Ақылды жүйе

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 10:20